• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Өнер 03 Тамыз, 2021

Рух бейнесі

562 рет
көрсетілді

Айпара жүзінен ақиқаттың нұры ескен алдаспан ақынның бейнесінде рух­ бар. Жанарынан тұнған ызғардан ұлтқа деген жанашырлықтың лебі еседі. Көрген көз ұзақ қарауға батпайды. Қайткенмен де поэзиялық портреттің мысы басады. Жылдар жанарын буласа да осы түр, осы кейіп мәңгіліктің төрінде. Бөрілермен бөрілерше белдескен ақынның тұлғасы болашақтың бет­түзер рухани құбыласына айналуы заңдылық!

Көкірегінің көмбесіне көз салсаң тым күңгірт. Жанды уатады, көңілді ала­са­пыран ететін күшке ие. Картинада жү­ректі қазақтың жүзі менмұндалап тұр. Туын­дының тақырыбы – «Ақынның басы». Авторы – танымал суретші Амандос Ақанаев. Тұйғын мінезді таланттың кенеп бетіндегі кескіні жігеріңді қайрайды. Мұны жасыру мүмкін емес.

Бұл картинаны психологиялық портрет жанрына жатқызуға әбден болады. Көркем портрет адамның ішкі әлемін және күйзелісін, адами сезімдері мен әрекеттердің алуан түрлілігін көрсетуге, оның тұлғасын шынайылықпен жеткізуге арналған. Суретші өз туындысында Ха­лық жазушысы, даңқты ақын, қоғам қай­раткері Олжас Сүлейменовті бейнелеген.

Өткен ғасырдың аяғында суретші Амандос Ақанаев өз шеберханасында ақын Олжас Сүлейменовпен кездеседі. Қайсар қаламгердің «Қыш кітабы» сурет­шінің ең сүйікті шығармасының бірі бола­тын. Қаламгер мен қылқалам ше­бе­рінің жүздесуі үлкен достыққа ұласады. «Аз и Я» кітабы шыққаннан ке­йін айбарлы ақын СОКП саяси бюро­сының, ғылымдағы шенеуніктер мен гене­ралдардың қуғынына түсті. Әйтсе де ақын сол алмағайып заманда көне түркілік өркениеттің маңызын, оның ұлы мәдениетін және көнеден бүгінге дейінгі жалпы әлемге әсерін баяндап, тарихи әділдікті қалпына келтірді. Міне, суретшіні шабыттандырған сол ерлік-тұғын.

Автор өз туындысында экспрессио­нист-суретшілерге тән кенеттен сынған сызықтар, қарама-қайшы түстер, абстрак­тілі пішіндер, асыру және жеңілдету сынды амалдарды қолданады. Кейіпкерінің мінезін жеткізу үшін түстердің символикасын пайдаланады. Ол моделіне қызыл түсті жейде кигізеді. Себебі қызыл түс көркем өнерде – батылдықты, қуатты, табандылықты, адамгершілікті, билікті, соғысты һәм қанды білдіреді. Портретке жан бітіру үшін Сүлейменовті көк фонға орналастырады. Мұнда көк түс – намыстың, адалдықтың, шынайылықтың және мінсіздіктің түсі.

Ашық қызыл түсті жейде мен қою шаштың қарама-қайшылығы, яғни жа­рық пен көлеңкенің антонимі картина кейіпкерінің мінезі мен эмоциялық ахуалын көрсетеді. Сұлбалардың ашықтығы, бояулардың айқын жағылуы, түстердің қарама-қайшылығы өмірдің иллюзиясы мен қозғалысын жасайды. Қара­ңыз­шы, ақын Олжас Сүлейменов біздің көз алдымызға қайраткер-ақын, шындық жолындағы күрескер, өмірлік позициясы белсенді адам ретінде елестейді. Оның тау тұлғасы асқақ жазылған.