• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 03 Тамыз, 2021

Еурокубок: Қазақстан клубтарының сәтті қадамы

247 рет
көрсетілді

Биыл ғана тұсауы кесілген Конференция лигасында өнер көрсетіп жатқан Қазақстанның үш командасы да аталған турнирдің екінші іріктеу кезеңінде кішігірім сенсация жасап, жарыстың үшінші айналымына жолдама алды. «Астана», «Тобыл» және «Шахтер» клубтары жарыстың екінші іріктеу кезеңінде Еуропаның үздік клубтарымен сынға түсіп, барлығы да қарсыластарынан мықты екенін дәлелдеді. Сөйтіп үш клубымыз да қазақстандық футбол жанкүйерлеріне тамаша көңіл-күй сыйлады.

 «Армения да

біздің жер»

Араға біраз уақыт салып, Еурокубок бәсекелеріне қай­та оралған Қарағандының «Шах­тері» екінші іріктеу кезеңінің алғашқы ойынын Бухарестте (Ру­мыния) өткізіп, жергілікті  «Стяуа» ұжымынан 1:0 есебімен жеңіліп қалған еді. Өз елімізде қарымта қайтаруды ниет еткен «Шахтер» пандемияның салдарынан өз алаңындағы ойынын Армения астанасы – Ереванда өткізуге мәжбүр болды. Себебі эпидемиялық ахуал бойынша Қазақстан Румынияның «қызыл аймағына» еніп, 25 шілдеден бас­тап коронавирус өршіген елдердің қатарына кірген. Бұл – біздің елден Румынияға барғандар 14 күндік карантинге жатқызылады деген сөз.

Конференция лигасының Рег­ламентінің 1к жиынтығының та­лап­тарына сәйкес, бұндай жағ­дайда алаң иесі болып отырған клуб бейтарап алаң тауып, матчын сол жерде өткізуі тиіс. Осыдан кейін «Шахтер» футбол клубы ру­мын клубымен келіссөздер жүр­гізіп, ойынды Армения астанасы – Ереванда өткізетін болып келісті.

Екі матчты да сырт алаңда өткізуге мәжбүр болған «Шахтер» Еревандағы ойынға тыңғылықты дайындалып, шарасыз күйге қал­дырған Румыния командасын қалай да жеңуіміз керек деп аттанған болатын. Сөйтіп, «кеншілер» командасы Вазген Саргсян атындағы стадионда өткен ойында өздерінен әлдеқайда деңгейі жоғары «Стяуаны» сан соқтырып кетті. Кездесудің негізгі уақыты 2:1 есебімен аяқталса да, екі ойынның нәтижесі бойын­ша таразы басы теңесті. Ары қа­рай матч экстра-таймға, одан әрі пенальти сериясына ұлас­ты. Ал 11 метрлік нүктеде қара­ғандылық команданың бағы жанып, қарсыластарынан басым түсті. Бұл жерде футболшылардан бөлек,  «Шахтер» қақпашысы Игорь Шацкийдің де еңбегін ерек­ше атап өткен жөн. Қарсылас ойыншының соққысын қайтара білген ол командасына маңызды жеңіс сыйлады.

Осылайша Арменияда алаң қожайыны болып ойнаған «Шах­тер» қарсыластарына мінез көр­сетіп, келесі кезеңге жолдама алды. Енді Қарағандының командасы жарыстың үшінші айналымында Украинаның  «Колос» клубымен кездеседі. Былтырғы Украина чем­пионатында 4-орын алған «Ко­лос» бірден Конференция ли­га­сының үшінші кезеңіне жолдама алған. Алғашқы ойын 5 тамызда сырт алаңда, қарымта кездесу 10 тамыз күні Қазақстанда өтеді деп жоспарланған. Алдын ала мәлімет бойынша, «Шахтер» өз алаңындағы матчты «Астана Аренада» өткізеді.

«Тобыл» тартысты ойын көрсетті

Қостанайдың «Тобылы» Кон­ференция лигасының екінші ірік­теу кезеңіндегі алғашқы матч­тан кейін қазақстандық командалар арасында ең нашар өнер көрсеткен ұжымның бірі еді. Хорватияның «Хайдук» командасымен кездескен былтырғы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегерлері сырт алаңда 2:0 есе­бімен жеңіліп, келесі кезеңге шы­ғу үшін жағдайларын тым нашарлатып алған-ды. Тіпті, фут­­­­бол мамандары «Тобыл» би­ыл да Еуродода бәсекесін ерте аяқ­­­тайды деп болжамдарын жа­сап, қостанайлық ұжымға сенім­сіздіктерін білдірген болатын. Алай­да «Тобыл» Хорватиядан Қазақ­станға бір бармағы бүгулі келген екен.

Қостанайдағы Орталық ста­дион­да өткен қарымта бәсекеде алаң иелері мүлде басқа ойын көр­сетіп, барша қазақстандық фут­бол жанкүйерлерін де, «Хай­дук» футболшыларын да таң қал­ды­рып, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Жауапты кездесуі алдында ал­дыңғы ойыннан сабақ алған «То­был» клубының бас бапкері мін­детін атқарушы Александр Мос­каленко құрамға так­тикалық өзгеріс жасап, ұтымды шешім қабылдады.

Яғни сырт алаңдағы ойында қосалқы құрамнан шығып, «Тобылдың» ойынына қан жү­гірткен Серікжан Мұжықов, Рубен Брижиду, Игорь Сергеев, Душан Йованчич және Зоран Тошич Қос­танайдағы қарымта мачта бірінші минуттан бастап алаңға шығып, командасын алға сүйреді. Аталған ойыншылар бірінші тайм­да көзге түсе қоймаса да, екін­ші таймда кездесудің басты қаһар­мандарына айналды.

Екінші таймның 56-минутында Д.Йованчичтің айып ала­ңының сыртынан тепкен добы қорғаушылардың біріне тиіп, қақ­па торында тулады. Арада бес минут өткенде Зоран Тошичтің керемет пасынан кейін Игорь Сер­геев есепті еселеді. Ал 67-ми­нут­та өзбекстандық шабуылшы Серікжан Мұжықовтың әуе­лете асырған пасына бірінші жетіп, баспен тамаша гол соқты. Осы­лайша «Тобыл» айналдырған 11 минуттың ішінде қарсылас команданың қақпасына жауапсыз үш гол соқты. Екі ойынның нәтижесі бойынша «Тобыл» 3:2 есебімен келесі кезеңге шығуға бір табан жақын тұрған еді. Алайда 94-минутта Эмир Сахити «Тобыл» қақпасының маңындағы қарбалас сәтті тиімді пайдаланып, есеп айыр­масын қысқартты. Осыдан кейін ойын экстра-таймға ұласты. Қосымша таймның екінші 15 минуты аяқталар тұста алаңға тыңнан қосылған Азат Нұрғалиев және Асхат Тағыберген тандемі өз нәтижесін берді. Азаттан пас алған Асхат айып алаңының сыртынан дәл соққы жасап, командасына маңызды жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп – 4:1. Бұл матчта да қазақстандық қақпашы нағыз ерлік жасады. 70-минутта «Хай­дук» футболшысы Филип Кро­ви­новичтің он бір метрлік айып добын Александр Мокин қайтара білді.

Енді Александр Москаленко шәкірттері үшінші іріктеу кезе­ңінде Словакияның «Жилина» командасымен кездеседі. Алғашқы матч 5 тамызға, қарымта кездесу 12 тамызға жоспарланған.

Қосымша тайм

күш берді

Елорданың «Астана» клубы Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчында Грекияның «Арис» клубын өз алаңында қабылдап, 2:0 есебімен сенімді түрде жеңіске жетті. Бұл есеп қарымта ойын алдында жерлестерімізге біраз басымдық сыйлаған еді. Алайда «Астана Аре­нада» өте нашар ойнаған «Арис» өз еліндегі «Клеантис Ви­ке­лидиса» стадионындағы қа­рымта бәсекеде «Астананың» ады­мын аштырмады. Оның үстіне, сырттағы ойын­да елордалық ұжым­ға бірінші матчтың үздік ой­ыншысы болған Марин Томасов көмектесе алмады.

Матчтың басталуына бір сағат қалғанда Томасов алаңға шығатын негізгі құрам ойыншыларының тізімінде болған еді. Өкінішке қарай, дене қыздыру сәтінде хорватиялық легионер аяғынан жарақат алып, ойынға қатыса алмайтыны белгілі болды. Дегенмен Еурокубок ойындарында бірнеше жылдық тәжірибесі бар «Астана» қиыншылықпен болса да келесі кезеңге жолдама алды.

Грекиядағы матч 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына ше­шілді. Ойынның 36-минутында Дмитриос Манос командасын алға шығарса, 78-минутта Лукас Саша есепті 2:0-ге жеткізді. Сөйтіп екі ойынның нәтижесі бойынша таразы басы теңесіп, бұл ойын да қосымша таймға ұласты. Абырой болғанда, «Астана» сапына жуыр­да ғана қосылған 24 жастағы қорғаушы Энео Битри айып добынан асырылған пасты қақпаға дәл бағыттап, жеңісті голдың авторы атанды. Осылайша елордалық ұжым екі ойынның қорытындысы бойынша Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алды.

«Астана» келесі айналымда Финляндияның «КуПС» командасымен кездеседі. Алғашқы ойын 5 тамызда сырт алаңда, қарымта кездесу 12 тамыз күні «Астана Аренада» өтеді.