Тарих – құпиялардың сөздігі. Шешімін табу үшін көне дүниелердің көзімен қарауға тура келеді. Адамзаттың шыққан тегін анықтайтын да сол құнды жауһарлар. Сенбесеңіз, көркемделіп ойылған зооморфты сүйек қасыққа қараңызшы. Бөрінің бейнесі сызылған ескі заттан қазақтың иісі шығып тұр.
Сынтас І қорымындағы №1 қорғаннан табылған қасықта араны ақсиған миниатюралық қасқырдың басы бейнеленген.
Ежелгі суретші тұтқасының кең бөлігінде (ұзындығы 8,5 см, ені 2,3 см) бірнеше мүсінді ойып көрсеткен. Бірінші – қасқырдың басы артқа бұрылған күйінде және араны ақсиған түрінде көрсетілген. Оның мойны мен денесі ішкі жағынан штрихталған параллельді сызықтармен өрнектелген. Келесі қыран құстың сұлбасы, ол басымен артқа қарай бағытталған. Сондай-ақ құстың қанаты қиғаш қашаулармен бейнеленген, қауырсыны – қабыршақтар секілді домалақша етіп жасалған.
Қыранның аяқтары сақина тәрізді қашалған. Дәл соның астында сол сияқты қыранның басы бейнеленген, бірақ басы төменірек бұрылған, егер қасықты жоғары қарай айналдыратын болсақ, онда ежелгі шебердің киіктің басын бейнелегені байқалады, киіктің мүйіздері тура қасқырдың алдыңғы аяқтарына дейін бейнеленген. Қасықтың соңғы жағы сынған, бірақ шетіне қарай үңілсек оның тұтқасы ілгек тәрізді аяқталғаны байқалады. Тұтқаның кері жағынан да біз айна симметриясының қағидасы секілді дәл осындай композицияны байқаймыз.
Бұл қасық – сүйекті ойып өрнектеудегі сирек кездесетін «зоологиялық басқатырғыш» стиліндегі көркем ою үлгісі. Тікелей ұқсастығы жоқ, бірақ савромат әлеміндегі қолданбалы өнерде осыған ұқсас сүйектен жасалған бұйымдар Пятимарыда, Варна ауылында кездеседі. Осындай жеке данада кездесетін «басқатырғыш» стиліндегі заттар Еуразияның дала белдеуіндегі басқа аудандарында да белгілі, әсіресе Орталық Қазақстан мен Туваны айтуға болады.
Сүйектен жасалған қасықтар сарматтарда әйел адамдардың жерлеу орнына қойылатын заттар болып табылады. Олар осы қасықтарды бояғыш заттарды жағу үшін қолданылған. Бірақ Сынтас қорымындағы қасықтар ер адамдардың жерлеу орнында да табылған болатын, әрі сондай жерден, яғни дәл жебе ұштарының үйіндісінен табылған. Мүмкін, осындай қасықтардың бұл бөлігі жауынгердің қорамсағымен байланысты, немесе өзіндік тұмар қызметтерін атқарған болар.
Жоғарыда келтірілген материалдың заттай салыстырмасына қарағанда, Сынтас I қорымындағы қорғандарда жерленген жауынгерлер б.з.д. VI-V ғғ. соңына жатады.