Тау іші. Шілденің шіліңгірінде тобықтан қар кешіп келеміз. Күн шыжып тұрғанымен, табан астындағы мұз сірескен күйі жатыр. Қамалдай қасқайған құздардан құлай қатқан мұздақтардың көбесі сөгілгенше, күз түсіп, қайта қар жауады. Алтайдың басын мәңгі қар басып жататыны да сол ғой.
Жаз шықса, тау кезіп кетуді көксейтініміз не осы?! Қызық, шың көрсек шыққымыз келеді де тұрады. Былтыр Бүркіттің биігіне көтерілеміз деп талпынып көргенбіз. Жүрдім-бардым шыға салатын тау емес екеніне көз жеткен. Оған кәдімгі альпинистің құрал-жабдығы, дене дайындығы керек. Онсыз сонау асқарда қадам жасау мүмкін емес. Бұл жолы Бүркіттің желке жағындағы Ұңғы дей-тұғын кен орнын көріп қайтпақ болып, ат ерттедік. Жолдың біз білмейтін соқпағы көп болған соң, Ұлттық парктің инспекторы Айдын Шәкеновтің соңынан ердік. Қалай дегенмен, табиғатты қызғыштай қорып, қорғап жүретін инспекторлардың мынау Алтайда баспаған жері жоқ шығар. Биіктің биігінде жүретін барысқа фототұзақ құратындар да солар емес пе?!
Атты бес жігіт Қомшабайды басып өтіп, Ұңғының бергі басына жетіп тоқтадық. Күн сәскеге таяған. «Осы жерде түстеніп алайық», деп жайғаса кетті инспектор. Соған қарағанда жол әлі ұзақ сияқты. Қимылы ширақ Алмас Сарбасов қоржыннан қара шәугімді суырып алып, сарқырап ағып жатқан бұлаққа тосты. Қарағайдың кепкен бұтақтарын бұтап, от жақтық. «Осы жерден қоржынға бір күндігімізге жететін отын толтырып алайық, Ұңғыда көлденең шырпы жатпайды», деген инспектор қу қарағайдың бұталарын ұсақтай бастады.
Шай қайнай бере төменнен аттылардың дүбірі естілді. Туристер шығар деп топшыладым іштей. Жаз шыға салысымен Алтайды аралауға келетіндер көп. Бұрынғыдай емес, туризм саласы жанданды. Көбісі бұғы мүйізінің моншасын аңсап келеді. Әйтеуір, бұлауға түсу мың да бір дертке шипа деседі былайғы ел. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» демекші, Алтайда туып, бұғы қуып өскен біздер мүйізден ем іздей қоймаймыз. Одан гөрі химиялық дәрі-дәрмекке көбірек әуеспіз. Әйтпесе, табиғатымыз дәрілік шөпке бай. Соны біле тұра пайдалана алмаймыз.
Туристер ме деп отырғаным, малшылар екен. Қос атқа теңдеп, жайлауға тұз әкетіп бара жатқан беттері. Жайлау күншілік жерде. Әнеки, таулы өлкеде отарымен қой, табынымен сиыр, үйірімен жылқы өсіру – қиынның қиыны. Жазы да, қысы да оңай емес. Кейінгі жастар әуре-сарсаңға түсіп, мал баққылары жоқ, мектеп бітіре сала қалаға кетіп тұрақтайды.
Малшылар аттарын көлеңкеге байлап, дастарқанның бір шетіне жайғасты. Топқайыңдық Тұрсынхан Мұқышев дәмнен ауыз тиіңдер деп, газетке оралған төстің етін алып шығып ортаға қойды. Оны жапырақтап турады. Ыңғайсыздана қол созып, бір-екеуін ауызға тастап жіберіп едік, дәмі тіл үйіреді екен.
– Қалай, дәмді ме?! Дайындалуы оп-оңай. Суға кәдімгідей қайнатып аласың да, дәмдеуіштерін сеуіп орап тастайсың. Тау-таста жүргенде жақсы, тойымды, – деді Тұрсынхан аға.
Содан инспекторға қарап:
– Әй, сендер байқаңдар. Анау асудан асатын болсаңдар, атты жетектеп өтіңдер. Баяғыда жүк артқан атым мұздан тайып, төменге бір-ақ кеткен, – деп ағалық ақылын айтты.
Олар жайлауға тікесінен тартты. Біз қос таудың арасындағы жазыққа шығып, Шығысқа қарай беттедік. Бейне бір жолымызға кілем төселгендей. Мың түрлі гүл, мың түрлі шөп. Жұпар иіс танауды қытықтайды. Бірақ шөбі ат бауырлайтындай емес, ап-аласа. Қайткенмен, биік жер ғой. Жазы келте, түні суық. Бөктерде жаңбыр жауса, мұнда қарлы боран соғады. Біз тақымдаған аттар таулы жерде жүруге әбден төселген екен. Қамшы баспадық. Өрге де, ылдиға да аяңдап отырды. Бұлқынып аққан тау өзендерінен де оп-оңай өтті. Әйтпесе, біз өткен өзендер атты кісіні әкетердей ағысты. Қарсы алдымыздағы шыңның ұшар басына шалқалақтап қараймыз. Тым-тым биік, көк тіреп тұрғандай. Баурайы шағыл тас, ортан белінен шапшыма шың. Жып-жылтыр. Нағыз таутекелердің мекені. Таутеке жүрген жерде ілбіс те жүреді. Бірақ біздің көзге аңқиттап отырған суырдан басқа аң көрінбеді. Айтқандай, қар бетінен аюдың ізін, әр-әр жерден тастаған тезегін байқадық. Сақ қой, біздің дабырлап келе жатқанымызды қозы көш жерден сезсе керек.
– Др-р-р, – деді Айдын аттың басын тартып. – Әне-е-е, қараңдар. Шахтаның ауызы көрінді. Жақындасаң түпсіз тұңғиық. Қорқынышты. Арғы жағынан біреу жұлып алатын сияқты, – деді тобылғы сапты қамшысымен шыңның бүйір тұсын нұсқап.
Әлдененің қарайғанын көріп, шу-шулеп жақындай бердік. Жан-жағымызға қарап, аң-таңбыз. Әнеу бір кинодан көріп қызығатын Канада, Норвегияның әсем табиғаты бізде де бар екен. Тек таныта алмай келеміз. Танытқанды қойып, өзіміз енді-енді танысып жатқан жоқпыз ба?! Дәл осы таудың баурайында туып-өскен Дәулет Әшімхан да, Алмас Сарбасов та, Нұрасыл Тілеухан да бұл пұшпаққа алғаш аяқ бастық. Инспектор ғана ыңылдап ән салып барады.
Жетім соқпақпен қаздай тізіліп барып иыққа шыққанда шашылып темір-терсектер жатты. Ауыр техниканың тетіктеріне ұқсас. Тастан қаланған екі-үш үйдің орнын да байқадық. Кеніштің аузына қарай жанармай құйған үлкен бөшке тұр. Соның бәріне қарасақ, 1970 жылдарға дейін дүркіреп тұрған шахта болған секілді. Бірақ мұнда жергілікті тұрғындар жұмыс істеген жоқ. Кеншілердің барлығы дерлік сырттан келген. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, қорғасын қазыпты. Қорғасын бар жерде, алтын да болуы мүмкін. Рас-ау, мынау тау қаншама байлықты табанына басып жатыр шіркін?! Кеншілер түк қалдырмай алып кетпеген шығар. Жаяулатып шахтаның аузына жақындадық. Үңірейген ойық. Қап-қараңғы. Кіріп көруге жүрек дауаламайды. Қарап тұрып-ақ жүрек шайлығады. Дегенмен арғы жағымда жылт еткен қызығушылық қалды. Мүмкін, кәсіби спелеологтермен (үңгір танушы) айналып бір соғуға болатын шығар.
– Ұңғып қаза берген соң бұл жер Ұңғы аталып кеткен ғой. Соған қарағанда қазақтар жұмыс істеген болуы керек, – деп өз болжамын айтты Алмас.
Солай болған да шығар. Қазақтың табаны тілініп, ауыр жұмыстың бәріне жегілді ғой. Оны несін жасырамыз?! Сонау Көккөлде вольфрам қазғанда да Аршаты, Берелдің халқы жұмылдырылған. Ол туралы жазушы Әлібек Асқар «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» кітабында тарқатып жазған. Ал осы тұстағы кен орындарының тарихын таразылап, зерттей қойған ешкім жоқ қой деймін.
Ендігі меже – қарсымызда қамалдай болып тұрған құзды асып өтіп, арғы жағын байқап қайту. Жо-жоқ, ешкім арғы жағын көріп қайт деп тапсырмаған. Өзіміздің тауға, табиғатқа деген ынтызарлығымыз болса керек. Көрсек, білсек деген ой ғана. Бағана малшылар айтқан асу осы. Ұшар басындағы мұздықтары күнге шағылысады. Қарасаң, ат тағасы батпайтын сияқты. Рас, жүрексіндік. Төбеңнен төніп тұрған таудың мысы да басады екен. Мұзтаудан кейінгі биік шың Бүркіт те сол жақта. Аман-есен асудан ассақ, сол шыңның дәл желкесінен шығамыз. Бір білгіштер оңтүстік жағы жадағай, шығу оңай дескен. Әй білмеймін, керісінше қожыр-қожыр таулар биіктей бастады. Асудың түбіне жете бере былқылдап жатқан сазды ойпатқа аяқ бастық. Ал иректелген соқпақпен қамалдай болған құз басына шыққанда рас, көк мұз екен. Бұл жерге жеткенде аттар да болдыра бастаған. Әлгі 130 шақырымдық бәйгеде осы аттар озбағанда, жарап жүрген сүйріктей сұлу тұлпарлар оза ма?! Таутекенің құзына, Төр Алтайдың мұзына тұяғы тиген қарапайым мініс аттар жазықта шапса, дес бере қоймас.
– Әкеммен бірге қанша жайлауды араладым, дәл мұндай қауіпті асумен жүріп көрмеппін, – дейді Дәулет аттан түсе бере.
Аттарды жетекке алып өтпесек, өте қауіпті. Жанды шүберекке түйген деген осы. Аяқ түртіп кеткен шағыл тастар төменге домалағанда, тізең дірілдейді. Көз ұшындағы айнадай болып мұзды жол жатыр. Дәл осы жерден мұнартып Мұзтау, жарқырап Бүркіт көрінді. Алтайдың бұл сұлулығын сөзбен де, фотоаппаратпен де жеткізе алмаспыз. Көзбен көріп, сезіну керек. Соны білемін.
...Аман-есен өттік мұздықтан. Кері осы жолмен қайтуды ойласақ, зәреміз зәр түбіне кетеді. Ол қорқынышты алдымыздағы жазиралы жайлау ұмыттырды. Жап-жасыл бет, жан-жағы тісті шыңдар. Ортада ирелеңдей өзен ағып жатыр.
– Бұл өзен Бүркіттің мұздағынан басталып, Күршімге құяды. Төменгі жағы тіпті ағысты. Біз де осы судың бойына шатыр тігіп, от жағайық, – деді Айдын.
Айдынның айтқаны заң. Бізді ат соғып, есіміз кіресілі-шығасылы болып қалды. Жоғарыда айтқандай дәрілік шөптер аяқтың астында жатыр. Щетка шөп, қызыл тамыр, алтын тамыр дегендей табиғи дәрілердің түр-түрі өседі. Теріп алайын десең, Қазақстанның Қызыл кітабына енген.
Шатыр тігілді, шай қайнады. Жерге жайылған дастарқанға дөңгелей отырып, жан шақырдық. Бұл кезде күн ұясына батып бара жатқан. Тынығып алып, ертесі етекке түсуіміз керек... Әбден шалдыққанда, «мынау далаға қай құдай айдап келді» дегендей ойлар сананы түртпектеп қояды. Дегенмен алып Алтайды жұдырықтай жүрегіңе сыйғызып, сұлулығын көзбен көру – жарты бақыт емес пе?!
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы