• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Тамыз, 2021

Біз – 19 миллионбыз!

526 рет
көрсетілді

Қазақстан халқының саны 19 миллионнан асты! Бұл – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген тарихи оқиға. Қуанышты хабарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter арқылы хабарлағанын газетіміздің кешегі санында жаздық.

Ұлттық статистика бюросы­ның хабарлауынша, 19 миллионын­шы тұрғынды анықтау барлық демо­графиялық оқиға­ларды, яғни табиғи қозғалыс өсімін (белгілі бір кезеңде тірі туғандар мен қайтыс болғандар ара­сындағы айырма) және халық­тың көші-қон айырымын (елі­міздің аумағына белгілі бір ке­зең­де келгендер саны және оның шегі­нен тыс кеткендер саны ара­сын­дағы айырма) ескеріп жүргізілген.

Жәния 20 маусым күні Алма­ты­ның перинаталды орта­лы­ғында дүние келген. Туған кездегі салмағы – 4,160 кг, бойы – 55 см. Анасы Назгүл Көбентаева 1986 жылғы, талдықорғандық, әкесі Азамат Нұрғалиев 1982 жылғы, Сарқан қаласының тумасы.

Олар 2007 жылы шаңырақ көтеріпті. Қазір Алматы облысы Іле ауданының Чапаев ауылында тұрады. Отағасының тұрақты жұмысы жоқ. Сондықтан тасымал, құрылыс салаларында еңбек етуге мәжбүр. Сәбидің анасы декреттік демалысқа шыққанға дейін ауылдағы фаб­рикалардың бірінде қойма мең­герушісі болып жұмыс істеген.

– Жағдайымыз жақсы, үйдеміз. Қазақ­­станның 19 миллионыншы тұрғы­ны атанғанымызды 3 тамыз күні түнде естідік. Қуанышты жаңалықты өзім қа­ра­лып жүрген гине­колог дәрігер жет­кіз­ді. Түн­де медбикелер мен ауыл әкі­мі ке­ліп құттықтады. Ағайын-туыс хабарла­сып, әлі құттықтап жа­тыр. 2007 және 2012 жылы ту­ған қыздарымыз бар. 2014 жы­лы тағы бір қыз бала өмірге кел­ген. Алай­да 1 жас 7 айында шеті­неп кетті. Жә­ния – төр­тінші қызы­мыз, – дейді Н.Көбентаева.

Жәния жақында қырқынан шығыпты. Осы орайда ғаламторда Жәния­ның туған күніне қатысты қате деректің тарағанын айта кеткен жөн. Ол көпшілік айтып жүр­гендей, 3 тамызда емес, 20 маусымда туған. Ал оның Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны екені 3 тамыз күні анықталды.

Бір қызығы, Қазақстанның 18 мил­лионыншы тұрғыны да 2017 жылы дәл осы Алматы облы­сында дүниеге келген болатын. Оның есімі – Мүслима Саматқызы. Ол 11 мамыр күні Талды­қорған қала­сында Самат Бес­ті­баев пен Диана Омар­ханова­ның шаңырағында туған.

– Осыдан төрт жыл бұрын да дәл осындай қуанышқа кенеліп едік. Еліміздің 18 миллионыншы тұрғыны Мүслима Самат­қызы Талдықорғанда дүниеге келген болатын. Сол кезде бұл сүйін­ші хабарды көлікте кетіп бара жат­қанымда бұрынғы Ұлт­тық экономика министрі Тимур Сүлейменов телефон ша­лып айтқан еді. Биыл да 19 миллионыншы тұрғын туралы игі жаңалықты тағы да Тимур Мұратұлы хабарлады. Осылайша қуанышқа қуаныш қосылып жатыр. Дегенмен қызық дерек болған соң мен одан мұндай есеп­­тің қалай жүргізілетінін сұ­ра­дым. Ол реттік қатарды элек­­тронды база автоматты түр­де өзі есептеп шығаратынын айт­­ты. Шынында, керемет сәй­кес­­тік! Осылайша Алматы об­лы­­сы­ның қатарынан екі рет ме­­рейі үстем болды! Алматы об­лысы – Елбасымыздың да, Пре­­з­идентіміздің де туған жері. Өңір – барлық салада алдыңғы қатарда. Соның нәтижесінде туу көр­сеткіші жылдан жылға артып келеді. Мәселен, біздің облыс­та жыл сайын 50 мыңдай бала бірін­ші сыныпқа барады. Балалар – біздің байлығымыз! Сондықтан 19 миллионыншы тұрғынның да жер жаннаты Жетісуда өмір­ге келуі – біз үшін үлкен қуа­ныш. Осындай жақсылықтар жақсы­лыққа ұласа берсін. Жәния­ның дені сау, ғұмыры ұзақ, бола­ша­ғы жарқын болсын! – деді Ал­маты облысының әкімі Амандық Баталов.

Осы орайда 2013 жылдың 15 ма­мырында Оңтүстік Қазақ­стан облысының Сайрам ауда­нында еліміздің 17 миллионыншы тұрғыны – Алтынбек Есқара дү­ниеге келгенін де атап өт­кен жөн. Ол Мұрат Өміш пен Гүл­мира Сапарбаеваның шаңы­ра­ғын шаттыққа бөлегені есімізде.

Демограф Мақсат Имандосов Мемлекет басшысы хабарлаған сүйінші хабардан бөлек, ел үшін маңызды тағы бір қуанышты жаңалық бар екенін айтты. Оның айтуынша, шамамен осы жыл­дың 20 маусымында Алматы қала­сының 2 миллионыншы тұрғыны да өмірге келген екен.

– Әлбетте, биыл 35 миллионыншы тұрғыны өмірге келе­тін Өзбекстанмен салыстыр­ған­да, біздің санымыз әлдеқайда аз. Мә­селен, көрші мемлекет­тің 19 мил­лионыншы тұрғыны 1985 жылы туды. Десе де, тари­хи оқиғаларды зерделейтін бол­сақ, Қазақстанның демографиялық жағдайы жаман емес. Осыдан 21 жыл бұрын біздің санымыз 14,8 миллион адамды құрап еді. Егер қазіргі өсім динамикасы сақталатын болса, 2025 жыл­дың соңына қарай Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны дү­ние есігін ашпақ. Алматы қа­ласы туралы әңгімені әрі қарай са­бақтағым келіп отыр. Біз Ақ­төбе де 1 миллион халық тұратын қалалардың қатарына қосылады деп күтіп жүрміз. Бірақ Ақтөбенің халқы 1 миллион адамға жеткенше, Алматы 3 миллиондық межені ертерек ба­ғындырып қоятын секілді. Ал­маты 2 миллиондық межені еңсеруге 40 жыл уақыт жұмсаса, 3 миллиондық межеге 17-19 жылда жетпек. Әрине, мұндай өсімге көп жағдайда табиғи туу көрсеткіші емес, көші-қон ағыны әсер ететіні анық, – дейді М.Имандосов.

«Жалпы, тәуелсіздік жылдары халық саны 2 млн 557,9 мың адамға (15,5 пайызға) өсіп, биылғы 1 шілдеде 19 млн 009,6 мың адамды құрады. 1991 жылмен салыстырғанда туғандар саны 353,2 мыңнан 426,8 мың адамға өскен», деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.

Облыстар бойынша қа­рас­тырсақ,  еліміздің бірқатар өңі­рін­де халық саны айтарлық­­­тай өскені байқалады. Айталық, 2000 жылдары Ақтөбе облысын­­да 677 мың тұрғын тіркелсе, 2020 жылы көрсеткіш 881 мың адам­ға жеткен. Сол секілді Ал­маты, Атырау, Қызылорда, Маңғыс­тау облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының халқы 20 жылда елеулі өсім көрсет­кен. 2000-2020 жылдар аралығын­да халқының саны азайған өңір­лер де жоқ емес. Мәселен, 2000 жылы Шығыс Қазақстан облысында 1,5 млн адам тіркелсе, 2020 жылы көрсеткіш шамамен 150 мың адамға азайған. Халқының саны кеміген өңірлердің қатарында Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола облыстары да бар.