Аптап ыстық пен құрғақшылыққа қарамастан, қысқы мал азығын дайындау міндеті күн тәртібінен түспеуі керек. Осы парызды жете түсінген жетісулық шаруалардың назары қазір қыр мен ойдағы шабындыққа ауған. Яғни Алматы облысында шөп жинау науқаны қызу жүріп жатыр.
Мәлімет бойынша, аймақтағы шөп шабу науқанына 1 670 адам жұмылдырып, 295 шөп шабатын бригада тартылған. Шаруа қожалықтары мен ірі серіктестіктердің шабындық алқаптарында 1 576 шөп шабатын машина және 1 401 пішен нығыздап жинайтын техника тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Жалпы, өңірде шаруашылықтар мен жеке тұрғындар шабындыққа 15,2 мың гектар жер пайдаланса, жайылым үшін 899,9 мың гектар жер қолданады. Сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан 164 гектар шабындық, 59 мың гектар жайылым алқабы тағы бөлінген.
Ал Жетісу шаруалары қазірге дейін 1 810 мың тоннадан аса шөп дайындап үлгерген екен. Бұл жоспарланған жұмыстың 64,2 пайызынан астамы толық аяқталғанын көрсетіп отыр. Оның ішінде 285,4 мың тонна пішен, 124,9 мың тонна сабан, 55,7 мың тонна мал жемі қамбаға жиналған көрінеді. Өнімділік те жаман емес. Табиғи шабындықтың орташа өнімділігі әр гектарынан 15-25 центнерден айналса, жоңышқа мен көпжылдық шөп түрлері гектарынан 35-40 центнерден өнім беріп отыр. Сондай-ақ күзгі жиын-терін мен шөп дайындау жұмыстарына 13,8 мың тонна дизель отыны бөлінген болса, оның 1,8 мың тоннасы шөп шабу науқанына жұмсалмақ. Мұнан бөлек аудандар былтырдан қалған жемшөп қорын түгендеп жатыр екен. Мәселен, Ақсу, Алакөл, Ескелді, Жамбыл, Ұйғыр аудандарында 30,2 мың тонна мал азығының қоры мұрты бұзылмай сақтаулы тұрған көрінеді.
Мал азығы демекші, жақында Талғар ауданында орналасқан «Байсерке-Агро» ЖШС жанынан жем дайындайтын жаңа кәсіпорын іске қосылды. Етті және сүтті бағыттағы ірі қараға, құс пен балыққа арналған 10 түрлі жем дайындайтын зауыт жылына 36,5 мың тонналық қуаттылыққа ие екен. Ал өндірістің жобалық құны – 1,4 млрд теңге. Зауытта 15 жұмыс орны ашылды.
Айтпақшы, еліміздің батысындағы қуаңшылық жайлаған өңірлер тұрғындарының ауыртпалығын жетісулық шарулар да бөлісіп отыр. Мәселен, талдықорғандық белгілі кәсіпкер, қоғам белсендісі Алмасбек Садырбаев «Маңғыстауға көмек» қорын ашқан болатын. Бүгінде бұл қорға 7 млн теңгеден аса қаражат жиналған көрінеді. Жиналған қаражатқа 60 тонна шөп, 68 тонна бидай сатып алынып, Маңғыстау облысындағы жемшөптен тарыққан шаруашылықтарға жөнелтіліпті.
Сондай-ақ Сарқан және Еңбекшіқазақ ауданының жанашыр жастары жиналып, шабындықтан өз күштерімен шөп шауып, оны Қызылорда мен Маңғыстау аймағына жөнелткен көрінеді. Мысалы, сарқандық жастар бірінші кезекте 10 тоннадан аса тайланған шөп жіберсе, Еңбекшіқазақ ауданының еріктілері 3 тоннадан астам шөп, 5 тонна жем және ақшалай көмек көрсеткен. Жалпы, Алматы облысының шаруалары өткен айда батыс өңірдегі бауырларға 73 тоннадан аса шөп, 73 тонна жем және ақшалай көмек жіберіп үлгерген. Бұл қайырым жасау үрдісі әлі де жалғаса бермек.
Алматы облысы