Еліміздің Салық кодексіне біраз өзгерістер енгізіліп, бұл жаңашылдықтар бірінші кезекте заңды және жеке тұлғалардың салық төлеу тәртібін жеңілдетуге бағытталды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда, Е-SalyqBusiness мобильді қосымшасының кәсіпкерлерге салық міндеттемелерін орындалуын оңтайландыруда септігі мол. Цифрлы жоба жеке кәсіпкер ретінде онлайн тіркелуге, салықтар мен әлеуметтік төлемдерді есептеуге, аталған арнайы салық режімін қолданатын тұлғалар үшін салықтық есеп нысанын ұсынуды жоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ салық берешегі 6 АЕК (17 502 теңге) мөлшерінен асқан жағдайда ғана шоттар бұғатталатынын айта кеткен орынды. Одан төмен шоттарға шектеу салу қарастырылмаған.
«Бұл орайда екінші деңгейлі банктер шот бойынша шығыс операцияларын жүргізу құқығын иеленгенін айта кету керек. Тек салық төлеуші берешегін өтеген жағдайда фискалды органның пәрменімен банк шығыс операцияларын тоқтатады. Ал онлайн бақылау-кассалық аппаратының чегінде алушының жеке деректерінің ұсынылуы шағын бизнес субъектілеріне қосымша ауыртпалықтарды болдырмау үшін қарастырылған», деді комитет өкілдері.
Айталық, азаматтық-құқықтық мәмілелерге байланысты қосымша құн салығын төлемейтін жеке кәсіпкер бір мың АЕК-тен (2,9 млн теңге) аса сомаға электронды шот фактураның орнына сатып алушыға онлайн бақылау-кассалық аппаратының чегін ұсынуға хақылы.
Сондай-ақ егер де кәсіпкер табысын жаңа қорларға қайта инвестициялауға бағыттаса, онда бұл кіріс корпоративті табыс салығынан босатылады. Аталған шара инвестициялық ахуалды жақсартуға және өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға бағытталған. Демек өңдеуші өнеркәсіп секторындағы шағын кәсіпкерлік субъектілері кәсіпті дамытуға арналған қаражаттан корпоративтік табыс салығын төлемейді.