ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері басшыларының Консультативтік кездесуінде жастары арасындағы байланысты дамытуды ұсынды, деп жазады Egemen.kz.
Мемлекет басшысы туыстық байланысты сақтап, күшейту және мәдени-гуманитарлық күн тәртібін жаңа мазмұнмен толықтыру жөніндегі пікірін айтты. Сондай-ақ Қазақстан білім саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуді қолдайтынын жеткізді.
«Көңіл бөлуді қажет ететін тағы бір сала – елдеріміздің жастары арасындағы байланысты дамыту. Тереңде жатқан тарихи қарым-қатынасымызды сақтап қалуда жастарымыз маңызды рөл атқарады. Студенттер алмасуды кеңейтуді, олардың жақсы білім алуға ұмтылысын жан-жақты қолдауды, Орталық Азия азаматтарының Қазақстандағы алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуына квота көбейтуді маңызды деп есептейміз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Барлық ұсыныстар аймақтағы мемлекеттер мен халықтардың мүддесі жолында жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдете түсуге деген шынайы ниеттен туындағаны айтылды.