• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2010

ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ ЖОЮ ЖОЛЫНДАҒЫ СӘТТІ БАСТАМА

1104 рет
көрсетілді

Жаһандық дағдарыстың өкпені қысқан өліара кезеңінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен дағ­дарысқа қарсы Үкімет қабылдаған іс-қимыл шаралары шеңберінде жүзеге асырылған “Жол картасы” бағдарламасының еліміздің барлық өңірлерінің тұрғындарының қиындықтан қинал­­май шығуына тигізген игі ықпалы өлшеусіз.Қаржы тапшылығы белең алған сол кезеңде мемлекет тарапынан бөлінген қаржы есебінен “Жол картасы” бағдарламасы бойынша іске қосылған жобалар елімізде жұмыссыздықтың белең алуына тосқауыл қойды. Мәселен, 2009 жылғы “Жол картасы” шеңберінде еліміз бойынша 5300 жоба жүзеге асырылып, 248 мың адам жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік жұмыс орындарын ашу және “Жастар тәжірибесі” бағдарламасын кеңейту шара­ларының нәтижесінде оқу орындарын бітір­гендердің және басқа да жастар тобының қатарынан 125 мың адам жұмысқа орналас­тырылды. 97,7 мың адам кәсіптік оқу орын­дарында даярлықтан және қайта даярлықтан өткізілді. Қорыта айтқанда, 2009 жылғы “Жол картасы” шараларын іс жүзіне асыру нәти­жесінде 146 мың  адам тұрақты жұмыс тапты. Қаржы дағдарысы қыспағында қалған әлемнің бірде-бір елінде мұндай игілікті бастама жүзеге асқан жоқ. Сондықтан, Мемлекет басшысы ел Үкіметінің алдына 2010 жылы да “Жол картасы” бағдарламасын жалғастыру міндетін қойды. Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында “Үкіметке 2010 жылы “Жол картасы – 2009” жоспары бойынша басталған тұрғын үй-ком­мунал­дық сектор нысандарын қайта жаңғыртуды, ал 2011 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лықты кең ауқымды жаң­ғыртудың 2020 жылға дейінгі жос­парын жасауды тапсырамын” деп атап көрсет­кен болатын. Осыған байланы­сты Үкімет 2010 жылғы “Жол картасының” іс-шаралар жос­парын бекітті. Құрылыс нысан­дарын салу, күрделі жөндеуден өткізу және қайта жаңғырту жұмыстарына 2010 жылғы “Жол картасы” аясында 132 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның 88 694,2 млн. теңгесі респуб­ликалық бюд­жет­тен, 43 376,9 млн. теңгесі жер­гілікті бюджет­терден қарастырыл­ған. 2010 жылғы “Жол кар­тасын” іске асыру мақсатында жаңа нормалар енгізілді. Атап айтқанда, осы жылы жұмыс орындарына орналастыруға және қайта даярлау мен біліктілігін арттыруға басымдық берілген тәртіппен аз қамтылған азаматтарды және ұзақ уақыт бойы жұмыссыз отырған адамдарды жіберу көзделген. Жұмысшылардың 80 пайызын жұмыспен қамту органдарының жолдамасы бойынша қабылдау талабы алынып тасталды. Биылғы жылы жұмысқа қабылдау басымдық берілген тәртіп бойынша жергілікті жұмыспен қамту органдары жіберген үміткерлердің қатарынан құралады, ал ондай ұсыныс болмаған жағдайда жұмыс беруші жұмысшыларды еркін еңбек рыногынан жұмыспен қамту органдарының жазбаша келісімінен кейін қабылдай алады. Өткен жылдың соңында еліміздегі жұмыс­сыздар саны 532 мың адам, ал жұмыссыздық деңгейі 6,3 пайыз болса, 2010 жылғы “Жол картасы” шараларын жүзеге асыра бастаудың арқасында бірінші тоқсанның соңында жұмыссыздық деңгейі 6,1 пайызға дейін төмен­деді. Еліміздегі еңбек рыногындағы өсу динамикасын төмендегі кестеден көруге болады. Үстіміздегі жылы құрылыс нысандарына бөлінген 132,1 млрд. теңге қаржы мынандай бағыттардағы жұмыстарды атқаруға жұмсалады: – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін жөндеуге, қайта жаңғыртуға және дамытуға – 50,4 млрд. теңге (651 жобаны іске асыру жоспарланған); – жол жөндеу жұмыстарына – 29,2 млрд. теңге (775 жоба жоспарланған); – мектептерді, ауруханаларды және басқа да әлеуметтік нысандарды жөндеуге – 46,7 млрд. теңге (794 білім беру нысаны, 233 денсаулық сақтау, 57 туризм және спорт, 133 мәдениет және 31 әлеуметтік сала нысандары жоспарланған) бөлініп отыр. Инвестициялық бағыттар бойынша жобаларды қаржыландыру көлемі мынандай: Бағыттар               Саны                              Қаржы көлемі жоба-     жаңа жұмыс        млн.       %-дық лар         орны (адам)         теңге      үлесі ТКШ саласын дамыту және жаңғырту   651          43037      50407      38,2 Жергілікті маңыздағы жол- дарды жөндеу және салу 775          27592      29196      22,1 Мектептерді, ауруханаларды және басқа әлеуметтік нысан- дарды жөндеу және жылыту          1248        46365      44659      33,8 Қалалардағы, кенттердегі, ауылдардағы, ауылдық округ- тардағы әлеуметтік жобалар          445          8375        5809        4,4 Республикалық меншіктегі денсаулық сақтау және мәдениет нысандары        95            2267        2000        1,5 Барлығы               3224        127636    132071    100,0 Сәуір айының соңындағы мәліметтер бойынша жоспарланған барлық 3224 жобаның 95 пайызына конкурстар өткізіліп, оның ішінде 2893 жобаның жеңімпаздары анықталған. Бұл жобалар бойынша жөндеу және жаңғырту жұмыстары басталып та кетті. Сонымен бірге 2010 жылғы 1 сәуірдегі жағдайға байланысты жөндеу жұмыстарын қаржыландыру жоспарына сәйкес 16,7 млрд. теңге игерілген. Бұл биылғы жыл­дың жөндеу жұмыстарына бөлінген барлық қаржы мөлшерінің 13 пайызын құрайды. Осы мақсатта биылғы жылғы “Жол картасы” аясында 1 сәуірге дейінгі игерілген қаржының және ашылған жұмыс орындарының жағ­дайын төмендегі кестеден көруге болады. 2010 жылы әлеуметтік жұмыс орындары мен “Жастар тәжірибесі” бағдарламалары аясында шамамен 53 мың уақытша жұмыс орнын ашуға 6,3 млрд. теңге көзделген. Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздің барлық өңірлерінде биылғы жылдың басында-ақ басталып кетті. 6512 жұмыс берушімен 20424 жұмыс орындарын ашу туралы шарт жасалды. Қазірдің өзінде әлеуметтік жұмыс орындары мен “Жастар тәжірибесі” бағдарламалары шеңберінде халықтың нысаналы топтары қатарынан 17,7 мың адам жұмысқа орналасты. Биылғы жылы кадрларды қайта даярлауға өткен жылдан қалған қаржыны ескергенде 8 млрд. теңге жұм­салмақ. Бұл 68 мың адам кәсіби қайта даярлықтан өтеді деген сөз. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов “Жол картасы” шара­ларын жүзеге асыруға бай­ланысты “Бұл 2009 жылғы жүзеге асырылған бағдарлама­лардың ішіндегі ең сәттісі болды. Сондық­тан бұл бағдар­ламаны 2009 жылы орын алған оң тәжірибелерді және кемшіліктерді ескере отырып, 2010 жылы да жалғастыру заңды деп есептеймін” деген болатын. Жақында 2010 жылғы “Жол картасы” іс-шараларын сараптауға арналған Үкімет отырысында Премьер-Министр барлық деңгейдегі ведомстволар мен облыс басшыларына осы мақсатқа бөлінген бюджеттік қаржының ел игілігі жолында барынша тиімді пайдала­нылуын бақылау қажеттігін ерекше тапсырды. Иә, тұрғындардың мүддесі үшін бөлінген мемлекет қаржысы ел экономикасын дамыту және халықты жұмыспен қамтамасыз ету жолында ыждаһаттылықпен жұмсалуы тиіс. Үкімет алға қойып отырған асқаралы мақсат та дәл осы. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.