Конференция лигасының үшінші айналымына жолдама алып, кішігірім сенсация жасаған Қарағандының «Шахтері», әне-міне дегенше аталған турнирдің плей-офф сатысына да шықты. Ереванда өткен екінші іріктеу кезеңінің қарымта кездесуінде «кеншілер» командасы Румынияның атақты «Стяуа» клубын пенальти сериясында жарыстан шығарып жіберсе, күні кеше дәл сондай жағдаймен Украинаның «Колосын» ұтты.
Қазақстандық командалар арасында ең бірінші болып Еурокубок ойындарының топтық кезеңіне шыққан «Шахтер» араға жеті жыл салып сол жетістігін қайталауға жақын тұр. 2012 жылы ел чемпионы атанып, бір жылдан кейін Қазақстан кубогы мен Суперкубогын жеңіп алған қарағандылықтар 2013/14 жылғы Еуродода бәсекесінде жақсы нәтижеге қол жеткізгенін жанкүйерлер жақсы біледі. Кейіннен құлдилау кезеңін бастан өткерген «кеншілер» былтырдан бастап өз қолдаушыларын тәуір ойынымен қуантып келеді. Дегенмен командаға әлі де тұрақтылық жетіспейді. Ел біріншілігінде ала-құла ойын көрсетіп жүрген қарағандылықтар қазіргі таңда турнир кестесінде 19 ұпаймен 11-орында тұр. Десе де «Шахтердің» Конференция лигасының плей-офф кезеңіне дейін жетуі – клуб үшін тамаша нәтиже. Әрине, қарағандылық клуб бұл нәтижемен шектеліп қалмай, топтық кезеңге де шығады деген үміттеміз.
«Шахтердің» үшінші кезеңдегі қарсыласы Румынияның «Стяуасы» сияқты тәжірибелі команда болмаса да, өз елінде тәуір ұжым саналады. Киев облысындағы шағын ғана Ковалёвка ауылының командасы 2012 жылы құрылып, 2019/2020 жылғы маусымнан бастап Украинаның Премьер-лигасында өнер көрсетіп келеді. Өткен маусымда Украина біріншілігінде 4-орынға тұрақтап, бірден Конференция лигасының үшінші кезеңіне жолдама алған еді.
Екі команда арасындағы бірінші кездесу Украинадағы 5 мың жанкүйерге шақталған «Колос» стадионында өтіп, 0:0 есебімен тең аяқталғаны белгілі. «Астана Аренадағы» қарымта кездесуде де командалардың күштері тең болды. Айтпақшы, «Шахтер» де «Тобыл» сияқты өз алаңындағы Еурокубок матчтарын елордада өткізуге мәжбүр. Өйткені Қарағандының орталық стадионы УЕФА сертификаттауынан өткен жоқ.
90 минут бойы командалар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмаған соң, ойын экстра-таймға ұласты. 15 минуттан екі тайм ойнаған футболшылар бұл уақытта да гол соға алмады. Негізі 120 минутта екі ұжымда да гол соғатын бірнеше мүмкіндік болған еді. Алайда шабуылшылар оңтайлы сәтте мүлт кетіп жатты. Сөйтіп негізгі және қосымша уақыттарда жеңімпаз команда анықталмаған соң, футболшылар пенальти тебуге кірісті.
«Стяуамен» өткен Еревандағы матчта қақпашы Игорь Шацкийдің тамаша ойнағаны есімізде. Бұл жолғы 11 метрлік «лотереяда» да Шацкий үш соққыны қайтарып, командасын келесі кезеңге алып шықты. Сөйтіп «Шахтер» қазақстандық командалар арасында бірінші болып Конференция лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Ал «Колос» қатарынан екінші жыл Еурокубок бәсекесін үшінші іріктеу кезеңінен аяқтауға мәжбүр болды. Олар былтырғы Еуропа лигасының үшінші айналымында Хорватияның «Риека» командасынан жеңіліп, жарыстан ерте шығып қалған еді. Енді, міне, биыл қазақстандық командадан айласын асыра алмады.
Енді «Шахтерді» алда тағы екі маңызды ойын күтіп тұр. Қазірше жерлестеріміздің плей-офф сатысындағы қарсыласы анықталған жоқ. Бірақ «кеншілерге» соңғы айналымда Словакияның «Спартак» немесе Израильдің «Маккаби» клубының бірі қарсылас атануы тиіс. Екі ұжым арасындағы алғашқы ойын Словакияда өтіп, матч 0:0 есебімен аяқталды. Қарымта матч 12 тамызда Израильде өтеді.