• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 12 Тамыз, 2021

Сана дерті

765 рет
көрсетілді

Біздің қазақы түсініктен таған тартсаңыз тап осы туындыға былай анықтама берер едіңіз. «Адамның басы – Алланың добы». Бұдан артық тәмсіл таппасыңыз тағы аян. Ал мүсінші Томас Лерой олай ойламайды. Кешіріп қойыңыз, ең ауыр дерт – сана дерті. Салмақтап көріңізші, ойдан терең шыңырау бар ма, осы? Бір құласаңыз, қайтып шығуыңыз екіталай. Білесіз бе, біз көтерген ең ауыр жүк – біздің басымыздағы ақыл. Қалғаны күйбең тіршіліктің күйкілі ғана.

Ойлы жазушы Оралхан Бөкейдің «Атаукересінде» әрбір кейіпкердің ішкі қасіреті қоғаммен қатар дамып, оқырманға сәулесін түсіріп тұ­ратыны несі екен!? Тосырқанасыз, өз үрейіңізден тоңазисыз, сәлден соң әлденені топшылайсыз. Тағдырынан теріс айналған Тағанның жан қайғы­сы бүтін материкке тиесілі секілді. Ол осы беймарал кезеңде өмір сүрсе де мына кеңістікке сыймас еді. Қарғалар ұшқан биіктік қыранға өлшем болып па? Мұрынына мейірімділіктің иісі бармайтын ортада сенің парасат-пайымың құмға сіңген судай ғана. Орыс қаламгері Александр Гри­бое­довтың «Ақылдың азабы» атты шы­ғар­масында елден ойы озық Чац­кийді ортасы жындыға телитіні бар емес пе? Қандай парықсыз айып десеңізші. Әділетсіздікпен жал­ғыз күрескен ақыл иесі ақыры өз шындығын сүйгеніне де мойындата ал­май кетеді. Міне, әрбір дәуір таланттарды осылай өлтірген. Өлтіре береді де... Дұрыс, дүние дүр сілкініп жаңара алмайды. Сосын тарих­тың кемшілігін бетіне баса алмай­сыз. Өкінішті...

Таған демекші, шығармадағы мы­на мәтіннің көкейден әлі кетпей жүр­гені. «Табиғат қате жібермейді, егер «ақымақты» дүниеге келтірсе, онда сол ақымақтың да бір нәрсеге қажет болатыны; Табиғатта адамнан басқа артық нәрсе жоқ, тек біздер ғана жаратушының гармониялық берік байланыстағы тізбегіне кіре алмаймыз...». Иә, жақсы бар жерде жаманның жүруі заңдылық. Біз адамның жақсылығын іздегенде жа­манның әрекетіне үңілеміз, сал­мақтап салыстырамыз. Адам өзді­гінен антұрған болмайды, оны мәж­бүрлейтін тасбауыр қоғамның қай­шылықтары. Кемшіліктің киімін киіп ешкім дүние есігін ашпайды, кем­­шілікке үйрететін үлкендер, сіз­дер­сіздер! Туған жерден безіну, ішім­дік­ке салыну, ана тілінен жеріну, дәс­түр мен салтты саудалау да солай... Бізге бәрін үлкендер үйреткен. Се­бебі олар Таған, Чацкий секілді кейіпкерлерді жындыға балаған, дәл қазақтың Абайды сабағанындай, Бір­жанды байлап қойғанындай, Шә­кә­рімді құдыққа тастағанындай, Әли­ханға есік ашпағанындай...

Жазушы Төлен Әбдік «Ақиқат» повесінде XVI ғасырдағы бір ойлы оқиғаны мысалға алады. Сол дәуірде Перуде инкілер империясы асқақтап тұрса керек. Бұған дейін бұл өлкені сан алуан бейбіт тайпалар қоныс еткен екен. Ат төбеліндей инкілер қарамағына ұйысқан қараорман халықты оп-оңай басып алып, әмірін жүргізіпті. Жергілікті халық таң ат­қаннан кеш батқанға дейін титықтап жұмыс істеп, қоректік азық ала ал­майды. Әміршілері тұр десе тұрады, отыр десе отырады, тіпті өл десе, өлуге да­йын. Құлша қимылдайды. Алайда осынша құлақкесті бағыныштың сыры тереңде жатқан еді.

Сол алмағайып кезеңде жаппай ел кока жапырағын шайнайтын-ды. Әлгі өсімдіктің жапырағын жуып, күлге араластырып шайнаса адамның бо­йына алдамшы күш-қуат еніп, көңілі тасып, шаттыққа кенеледі. Бір сәттік ләззатқа түсіп, буыны балқиды-мыс. Тіпті маңайдағы сыртқы өмірге ен­жарлық билейді. Дәмін татқан адам асқа, тіпті ұйқыға қарамастан есі­рік күймен зорыққанша жұмыс істеуге бейіл. Ал қулығына құрық бойлатпайтын инкілер жапырақтың құпиясын жатқа білген. Дүние күйіп кетсе де бір мезеттік рахаттан бас тартып, өзінен әлдеқайда көп халықты тізе бүк­тірген екен.

Кейін кока жапырағының кәдімгі есірткіден айырмашылығы жоқ екені анықталды. Яки оны пайдаланған қоғам толықтай нашақор болған. Әри­не, өздері сезбесе де. Енді қараңызшы, инкілер бұл қадамға бармаса ұлт ретінде жер бетінен жойылып кетер еді. Олар өмір жолында өзгені құрбан ете отырып, өзінің болашағын сақтап қалды. Саналы түрде. Кейде адамның ақылы ғұмырына сәуле шашқаны­мен, екінші біреуге көлеңкесін түсіріп тұратыны бар. Қаруды қорғану үшін ойлап тапты делікші. Ал оны біз жою­­шы құрал ретінде пайдаланамыз. Оны ойлап тапқан адамның ақылы адам төзгісіз азапқа айналғанын көру қандай қасірет десеңізші.

Біз, шындығында алдамшы идея­лардың нәтижесіміз. Би­лік сахнасында әлдекімдер ойлап тап­қан жалған жобалардың, пайда­сыз процесстердің, дүмбілез демо­кратияның, қолдан жасалған тарих­тың, пұшайман пат­риотизмнің бақшасында шикі піс­кен жемістерміз. Сіз, мен, олар – бар­лығымыз. Әйтпесе, сау адам жыл­­тыраққа құмар, құр таласқа бе­йім, тәжікемен әуре, дау-дабыраға құрыл­ған бадам нәрселерге әуес келе ме? Мұн­дай ортаға үлкен бастар сыймай­ды. Қай дәуірде де солай болған, бола да бермек. Әуезовше айтсақ, бөрін­ің артынан бөлтірік ақылды бол­ған­дықтан ермейді.

Бар ойдың бастауы Томас Леруа­ның туындысы. Мүсінші адам ғұ­мы­рының шиеленістерін сипаттай­тын шығармаларды өмірге әкелуімен құн­ды. Ол жамандыққа һәм өлімге қар­сы, тіпті өмір ағынына қарсы жү­зуге бейіл. Ал өлімге жауыға қарай­тын жан өмірге құштар болмаушы ма еді!?

Ойлаңызшы, өмірге қалай іңкәр болуға болады. Егер онда ізгілік болмаса... Мүсінші мұнда өмірден астар мен мән іздеген жолаушы кейіпте. Қайта өрлеу дәуіріндегі қасиетті ше­йіттердің бейнелері секілді бір­түрлі скульптуралар жұмбақ ойлар­дың жиынтығын сомдайды. Осы­лайша, барлық қайғы-қасіреттің санадан туатынын әшкерелейді. Тағы қайталағымыз келеді, ең ауыр дерт – сана дерті.