2000-жылдары «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының бірінші кезеңі аясында 13 шақырымдық Көкарал бөгеті салынып, кіші теңіздегі су деңгейі көтеріліп, тұздылығы төмендеді. Теңізді қақ бөлген бөгеттің арқасында осы аймақтағы атакәсіп – балық шаруашылығы жандана бастады. БҰҰ-ның 2008 жылғы экологиялық қызмет туралы шолуында бөгет салынғаннан кейін қалыпқа келе бастаған өңір микроклиматы аймақ тұрғындары арасындағы аурушаңдық деңгейін біраз төмендеткені жазылды.
Шегінген теңізбен бірге ғайып болған 70-ке жуық көлдің жартысы қайта толып, байырғы қоныста тіршілік түлеп сала берді. Алып айдын жағалауынан балық өңдейтін зауыттар салынып, кейінгі 15-20 жылдың көлемінде балық аулау көлемі 20 есеге артқанын да білеміз. Дәл қазір теңіздегі су көлемі 21,2 шаршы шақырым болып отыр. Осыдан 11 жыл бұрын дарияда су мол болғандықтан айдын да кемеріне келіп, 27 млрд текше метрге жеткен кезі болған. Содан бері теңізге түскен және Үлкен Аралға кеткен су шығындарының балансын жасауда шалқардың жыл сайын азаю динамикасы байқалады.
Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы мәліметі бойынша ауқымы ұлғайған тұстағы айдын деңгейі 42,15 метрлік межеде тұрған. Қазіргі көрсеткіш – 41,64. Бірақ су көлемі 5 млрд текше метрге кем.
«Әрине, соңғы бір-екі жылда дарияда су тапшы болып тұр. Сонда да теңізге межелі көлемді құйып алуға тырысамыз. Көлемінде айырмашылық аз болғанымен, су айдынының айтарлықтай азаюы кезінде жасалған теңіз координаттарын қайта нақтылау қажеттігін көрсетіп отыр», дейді Арал-Сырдария инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов.
Дегенмен де биыл кіші теңізге құятын су мөлшері қатты түскені байқалады. Былтырғы вегетациялық кезеңде теңізге секундына 5-6 текше метр су жетіп тұрса, биылғы көлем – 0,5 текше метр. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының жыл басындағы болжамы бойынша сәуір-қыркүйек айларында елімізге 4 млрд текше метр су келу кажет болса, бүгінге дейін келіп түскені – 1,8 млрд қана.
Теңізді аудандағы Ақшатау-Қамыстыбас көлдер жүйесі су тапшылығынан қатарынан екінші жыл қаңсып тұр. Осы аудандағы Қамбаш, Лайкөл, Саркөлдің жағалауынан жүздеген метрге жырақтағаны мал мен жанға қиын тиіп отыр. Осыған байланысты биыл аудандағылар каналдарды тазалау, су ұңғымаларын қазумен қатар Аманөткел ауылдық округі аумағындағы «Бұрмақұлақ» су арнасын бөгеп, Аспай су таратқышы арқылы сол маңайдағы көлдерді толтырып алудың қарекетіне кірісті. Бірақ дария арнасының төменгі сағасындағы Жаңақұрылыс, Қарашалаң, Қаратерең, Ақеспе, Құланды ауылдарындағы мыңдаған тұрғын бұл онсыз да жыл сайын аумағы тарылып келе жатқан Кіші Аралдың келешегіне кедергі болады деген ойда.
«Бұл – жазда Ақшатау-Қамыстыбас көлдер жүйесіндегі су деңгейін көтеру үшін салынып жатқан құрылыс. Бұдан кіші теңізге келер залал жоқ», дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Қайрат Жансұлтанұлы.
Қазір облыста су тапшылығының зардабын барынша азайту үшін егістік алқаптарды әртараптандыру да қолға алынған. Бірақ күрішті қысқарту тығырықтан шығатын жол емес. Өңір экологиясы мен жердің мелиоративтік жағдайын бір қалыпта ұстап тұратын өнімді аз егудің қатерін мамандар да жақсы түсінеді. Бұл жерде күрішті жоспардан артық егетіндердің жолын кескен жөн. Ұзақ жылдан бері экология тақырыбын зерттеп жүрген журналист, қоғам белсендісі Айткүл Шалғынбаева осы мәселеге назар аударғанымыз жөн деген пікірде.
«Қайбір жылдары әуеден мониторинг жасау арқылы ондаған мың гектар жоспарсыз егілген күріш анықталып еді. Ауылшаруашылығы, су саласы мамандары, журналистер мен қоғам белсенділерінен комиссия жасақтап, осы тәжірибені қайталаған жөн. Оның қорытындысы ешқандай жасырып-жабусыз жария етілуі тиіс», дейді әріптесіміз.
Дария етегіндегі елдімекен тұрғындарымен де хабарластық, Өзеннің теңізге құярлығындағы Қаратерең ауылының тұрғыны Мінажат Биманов көктемнен бері арна қаңсып, мал мен жанның мазасы қашып тұрғанын айтады.
«Біздің ауыл, оған жалғас жатқан Бөген мен Ақбастының, осы маңдағы біраз елді мекеннің бар тіршілігі – балық пен мал. Ауыл маңындағы Жыланды каналының арнасын өз күшімізбен тазалап, жайылымның жайын біршама реттегендей болып едік. Бірақ аясы тарылып, балығы азайған айдынға қылар қайранымыз болмай тұр. Ауылдағы балықшылар нәпақа іздеп айдынның тереңіне кетіп жүр. Осындай жағдайда «Бұрмақұлақ» су арнасының бөгелгені біз үшін өте қиын. Шыны керек, қазір болашағын болжай алмаған ауылдағылар абдырап тұр», дейді ақсақал.
Айтпақшы, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» деп аталатын екінші кезеңін қаржыландыру үшін Дүниежүзілік банкпен келісім бар. Былтыр жалпы құны 190 млн доллар болатын жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға 1,5 млн доллар бөлініп, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Дүниежүзілік банк арасында гранттық келісімге қол қойылды.
Бірақ биыл Сырдың суының сирақтан да келмей қалғанын көрген теңізді аудан тұрғындары көкейінде бұл жобаның жүзеге асарына күмән көбейіп тұр. Ал оның сейіліп, секемнің сенімге алмасуы үшін ел Үкіметі су саясатын күшейтіп, трансшекаралық өзенді пайдалануда көршілермен тиімді мәмілеге келуі тиіс.