• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Тамыз, 2021

Ақсақалдар орны ойсырамасын...

1178 рет
көрсетілді

Қазақ қоғамында ақсақалдар институтының алар орны ерекше. Халқымыз қарттарды ақыл дариясы, даналық қазынасы ретінде қадірлеген. Қариялардың қатысуынсыз қоғамда қордаланған мәселелер шешіліп, қарымды істер қолға алынбаған. Қартын қадірлеп, қара шаңырақтың құты мен киесі деп ұққан халқымыз оларға қашанда төрден орын берген.

Әдемі қартая білу де өнер

Ал қазіргі қарияларымыз қандай? Жасы ұлғайғандардың бәрі бірдей сый-құрметке лайық па? Жүзінен мейірімі, жүрегінен әділдігі төгіліп тұратын қазына кеуде қариялар неге азайып барады? Дастарқан басында бата бермек түгіл, бәтуалы сөз айта алмай отырған жасы үл­кен­дерді көргенде осы тектес сұ­рақтар қаумалайды. Той-жиында кейбір қарттардың жастармен жа­ғаласып, топтың алдына тү­сіп алып, селтеңдеп жүргенін көр­генде, немересінің қылығына емес, шетел сериалының қызы­ғына батып кеткен әже мен ұлы­на ғана емес, ұлтына ақыл айтар ақсақалдардың айқайшыл шал­ға айналып бара жатқанын бай­қағанда қынжыласың.   

Рас, қазыналы ақсақалдар мен ақ жаулықты асыл аналар, Аллаға шүкір, еліміздің әр өңірінен табылады. Ұлағатты ұрпақ өсіріп, өнегелі ұл-қыз тәрбиелеп отырған дана қариялар да аз емес. Біз тек күн өткен сайын елі мақтаған, жұрты қадір тұтқан аяулы әже мен қадірлі қарттың қатары сиреп бара ма деп алаңдаймыз. Бүгінде әлеуметтік желіде жұлқынып, жан-жағына зәр шашып отырған аға буын ертең қандай қария болады екен деп күдіктенеміз. Ә десе, мә деп, бір сөз айтқанға он сөз қайтарып, бетпақтанып отырған әйелден қандай әже шығар екен дейміз. Кешегі абыз ақсақалдар мен асыл аналардың ізгі жолын жалғай аламыз ба, тұғырын құлатпай ұстап тұра аламыз ба деген ой маза бермейді.

Тоқсанның төріне шыққан ақсақал, академик Төрегелді Шарманов қарттыққа қатысты тәлім аларлық мынандай бір ой қалдырыпты: «Әдемі қартаю деген – рухани көрініс. Адам айналаға жылу, мейірім шашып жүруі керек. Адамға деген жақсылық сезімі болуға тиіс. Біреу туралы керітартпа ой, көре алмаушылық сезімі пайда болса, ол адамның өмірі жақсы емес. Демек, жақсы қартайған жоқ. Өзіңді физикалық жағынан қанша күтсең, шынықсаң, адамға деген жақсы, жылы ойың да соншалықты күтімді қажет ететінін ұмытпаған жөн. Бұл адамның бет-бейнесіне бірден әсер етеді. Неге қартайған шақта да кейбіреулердің жүзінен нұры төгіліп тұрады? Бұл оның жүрегінің тазалығынан. Жүрегін кірлетпегендігінен. Жақсы қартаю дегеніміз – қанша жасқа келсең де, жүрегіңнің таза қалпында сақтала білуі дер едім», дейді Қазақ тағамтану академиясының президенті.

Өнегелі ақсақалдың осы айтқа­нынан түйгеніміз – әдемі қартая білу де өнер. Әрине, жас ұлғайғанда өзің­нен кішілерге қадіріңді кетірмей, беде­ліңді түсірмей сәнді қартаю – әр адам­ның арманы. Алайда ол үшін де Төрегелді ағамызша мәнді, мағыналы әңгіме қозғайтын қарияларымыздың қатары қалың болғаны жөн-ау.

«Бүгінгі қарттардың қартайғысы келмейді»

Қазақы қаймағы бұзылмаған Түр­кі­­стан облысының Түлкібас ауданы­­ның қадірлі ақсақалы, аудан­дық полиция басқармасы ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Сауранбек Таңат­баев: «Бүгінде қариялар көп бол­ғанымен, өздерінің қарт екенін мойындағысы келмейтіндер де аз емес. Әлеуметтік-экономикалық, тұрмыс-тіршілігіміздің, жағдайымыздың жақ­сарғаны болар, қазіргі 60-70 жас­тағылар өздерін әлі жаспыз деп ойлайды. Бұрын­дары 40 жасқа толғандарды қара сақалдылар, ал 60-тан асқандардан ақыл сұра деп отырушы еді», дейді. «Ақыл айтар ақсақалдарымыз неге аза­йып барады?» деген сұрағы­мызға Сауранбек Жанқашұлы: «Халқы­мыз­дың «Тәрбиелі сөзің болмаса, қа­рия­лығың далбаса» деген ауыр сөзі бар. Бұрынғы қариялар жастарға сөз бастағанда «айналайындар», «қа­рақ­тарым», «шырақтарым» деп, сөз­дерін аяқтағанда «өркендерің өссін», «жастарың ұзақ болсын», «бақытты болыңдар» деп батасын беріп, жүрекке жылы сөзді ұялатып, мейірімділік шапағатын төгіп отыратын. Бүгінде осындай мейірім мен жылылыққа толы сөздерді айтатын үлкендер азайып барады. Адам жасына қарай жүріп-тұрып, іс-амал жасауы керек. Жас шағыңда оқы, білім ал, жалындап жұмыс істе, Отанымыздың пат­риоты бол. Ал Пайғамбар жасынан астың ба, имандылыққа бет бұр. Құран оқы, бата беруді үйрен. Мақсат молда, имам болуда емес, өзіңнің жүрегіңді имани-рухани тазартуда жатыр. Әр адамның жүрегінде иман болуы керек. Ал иманның ішіне барлық тәрбие кіреді. Несін жасырамыз, көп жерде дастарқан басында Құранды жас балалар оқитын күйге түстік. Өйткені ас қайырғанда бата бер десең, жасы келген кісілер сасқалақтап, сөздерінен жаңылысып, бір нәрсені шатып-пұтып айта салады», деді мәселенің түп себебіне үңіліп.

Ал республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесі төрағасының орынбасары Көпболсын Бекмағанбет бұл мәселенің бес себебін атап өтті. Олар: елі­міздің саяси, әлеуметтік қоғам ретін­де үлкен өзгеріске ұшырауы; капи­талистік қоғам мен батыс мәде­ниетінің теріс әсерлері; ұлт­тық, дәс­түрлі тәрбие институттары­ның әлсі­реуі; төртіншісі – урбанизация­ның ықпалы. «Атап айтқанда, ауылды жерлерде жөн білетін қариялар бала­лары­ның соңынан үлкен қалаларға көшіп кетіп, көптің ішінен көрінбей қалды» дейді ол. Және соңғы себебі – әкім-қаралардың қазына кеуде қарияларды аса қажет қылмайтын немқұрайлығы.

Көпболсын аға атап айтқан соңғы себепті естігенде: «Ардагерлерді мерейтойлары кезінде ғана іздеп, өмір­ден озғанда ғана еске алып жататынымыз ащы да болса ақиқат қой», деген ой қылаң берді.

Ауыл медиаторлары – ақсақалдар

Түгел Түлкібас өңірінің тыныс-тіршілігінен хабардар Сауранбек ақсақалмен әңгіме барысында ауыл-аймақтың тентегі мен телісін тәртіпке шақырып, түзу жолға салып отыратын ауыл билерінің бүгінгі бет-бейнесі мен беделі жайында да жақсы ойлар айтылды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы бір сөзінде Билер алқасы ауылдық округ әкімдерінің жанынан құрылуы керек екенін де айтып қалды.

«Ауыл халқының ауызбіршілігін арт­тырып, ынтымағын сақтап отыр­ған Билер алқасын ауылдық округ әкімдері жанынан құрудың бірнеше себебі бар. Оның бірі – ауыл әкімі қан­­ша дегенмен жергілікті жердегі би­­лік­тің өкілі. Ал Билер алқасы құрамына бұрындары заң саласында қызмет атқарған, құқықтық сауаты жоғары, абырой-беделі бар зейнет­кер­лер болғаны абзал. Ауыл би­лері өз отырыстарына полицияның учас­келік инспекторларын, ауылдағы ардагерлер мен Қоғамдық кеңестер­дің төрағаларын, жергілікті мектеп директорларын, ауыл имамдарын тұрақ­ты түрде қатыстырып, күн тәрті­бінде тұрған мәселені көп болып тал­қыласа, ауылдың кез келген бұзығы мен ұры-қарысын түзу жолға түсірер еді. Ал мұндай істердің бәріне ауыл әкімдері ұйытқы болу керек», дейді ақсақал.

Еңбектен қол үзгенімен, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ардагерлер кеңесінің қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда да, жастарға тәрбие беруде де алар орны ерекше. Сол себепті де болар, аға буын өкілі: «Ауылымызда ақсақалдар көп, шешімін таппаған өзекті мәселелер де жеткілікті. Ал ауыл әкімі халық арасындағы тыныс-тіршіліктің бәрінен хабардар дей алмаймын. Оның бәрінің басы-қасынан табылуға қолы да тие бермейді. Осын­дай мәселелерді шешу, барлық қоғам­дық ұйымдардың жұмыстарын үйлес­тіру үшін әр ауылда ауыл кеңесін құр­ған жөн. Егер бұл кеңестің өз төр­аға­сы болса, мүшелігіне ауыл би­лері, ардагерлер кеңесі, ауыл имамы, ша­ғын және орта бизнес өкілдері енсе, тіпті жақсы болар еді», дей келіп, жер­гі­лікті жерде шешімін таппай келе жат­қан түйінді мәселелерге де тоқталды.

«Ауылдарда медиация қызметі өз деңгейінде емес. Шыны керек, ауыл тұрғындарының басым бөлігі, ақсақалдары медиация, бітімгершілік сөздерінің ұғымдарын әлі де жеткілікті түсініп, біле бермейді. Сол себепті Әкімшілік, Қылмыстық іс жүргізу, Азаматтық кодекстердің кей баптарына өзгеріс енгізу қажет деп санаймын. Ұсақ құқық бұзушылық, ауыр емес қылмыстар, отбасылық айқай-шулар, ерлі-зайыптылардың ажырасу мәселелері медиация арқылы ауыл кеңесінде қаралып, бітімгершілік болып жатса, нұр үстіне нұр болар еді», дейді Сауранбек аға.

Ал Көпболсын Бекмағанбет бұл жөнінде: «Ауыл-аймақ ішінде болып жататын ұсақ-түйек қылмыс, ұрлық-қарлық, ұрыс-төбелес пен ажырасу, айқайласу сияқты істерді шешуге сөзі өтімді қариялар бұрын да араласып, өз үлесін қосып келген», деген ойын білдірді. «Елімізде қабылданған «Медиация туралы» Заң бұл игі іске жаңа мүмкіндіктер берді. Елбасы «Медиация туралы» Заңның адасқандарға қатесін түзетуге мүмкіндік беретін артықшылығы туралы үнемі айтып жүр. Осы заң­ның нәтижелі болуына үлес қосу мақ­сатында республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесі 2019 жылы «Дәнекер» қанатқақты жобасын қолға алған болатын. Бүгінде бұл жобаның алғашқы нәтижелерін де байқап жүрміз», деген республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесі төрағасының орынбасары  «Дәнекердің» басты мақсат-міндетін де түсіндіріп өтті. Сөйтсек, бұл жобаның басты көздегені – ардагерлер мен отставкадағы судьялардан құралған арнайы топтың ел арасына барып, отбасылық, азаматтық, еңбек және өзге де туындайтын дау-дамайларды шешуге қатыстыру екен. Көпболсын ағаның айтуынша, осы жобаның арқасында соттың қарауына түскен кейбір даулы істерді оң шешуге ықпал еткен деректер жетерлік.

«Қазіргі таңда қанатқақты жо­баға 2316 ардагер атсалысып жүр. Олар­дың көмегімен 2019 жылы 261 дау­лы мәселе оң шешімін тапса, оның 38-і сотта татуласумен тоқта­тылған. Ал 2020 жылы 2183 даулы мәсе­ле оң шешім тауып, оның 108-і сот­т­а бітімгершілікпен шешілген. Көр­сет­кіш өткен жылғыға қарағанда бі­рнеше есе өсті», дейді ол.

Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесі мен Жоғарғы соттың ұйытқы болуымен іске қосылған бұл бірлескен жоба бүгінде еліміздің әр аймағында қол­ға алынған. Соңғы уақытта Шығыс Қазақ­стан, Павлодар, Маңғыстау об­лыс­тарының тұрғындары отбасы­лық, туыстық дау-дамайды шешуге ардагерлерге көбірек жүгіне бастаған.

«Әсіресе, Жамбыл облысында «Дәнекер» жобасы жақсы жолға қо­йыл­­ған», деген Көпболсын Бекмаған­бет бұл өңірде 2019 жылы 120 дау оң шешіліп, оның 9-ы соттан қайтарыл­ғанын мақтанышпен атап өтті. Ал 2020 жылы 293 кикілжіңнің 99-ы сот­қа жетпей, ауыл билерінің ақыл-кеңесі­мен оң шешімін тапқан. Бүгінде Жамбыл облысының бұл тәжірибесі елі­міз­дің өзге өңірлеріне таратылу үстінде.

Белсенді қарттар – қоғам тірегі

Көпболсын ағамен сөйлескенде оның жазушы Шерхан Мұртазаның: «Дүйім жұрт сөзін тыңдап, пікіріне құлақ асқанды абыз дейді. Ауыл-ай­маққа әмірі жүрмейтінді ақсақал атайды. Ал елдік сананы қалыптастыра ал­май, ауыл-аймақ күйбеңінің шыр­ғалаңында жүргенді шал дейді» деген сөзіне орай: «Қазір біздің қоғамда ақсақалдар көп пе, шалдар көп пе?» деген сұрағымызды да ашық қойған едік. «Небір данагөй, білімді, көненің көзі болған, ауылының жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпай, ауызбіршілікте ұстаған ақсақалдарымыз бұрын да болған, қазір де кездеседі. Тірілерін атамай-ақ қояйын, күні кеше дүниеден өткен Әбіш Кекілбай, Герольд Бельгер, Қабдеш Жұмаділ секілді қаламгерлерді абыз деп айтсақ, артық айт­қан­дық емес. Бірақ олардың ақылы мен жөн сілтеуін билік пен қоғам қабылдай берді ме?!» деп сұраққа сұрақ­пен жауап қатқан ақсақал өзге бір ауқымды мәселенің астарына үңілді.

«Қазақ қоғамында ордалы ой айтып, ұтқыр байлам жасаған тек қаламгер, өнер қайраткерлері емес. Ардагерлер қозғалысына зор үлес қосып, ерекше құрметке ие болған­дар­д­ың арасында сан саланың арда­гер өкілдері де жетіп артылады. Атап айтар болсақ, мемлекет және қоғам қайраткері, қызылордалық қа­рия Сейілбек Шаухаманов, со­ғыс және еңбек ардагері, Шығыс Қазақстан өңірінің тумасы Бошан Кітапбаев, соғыс және еңбек ардагері, алматылық абыз Зекен Әділбеков, Алматы облысында тұрған соғыс және еңбек ардагері, Елбасының ұстазы Сейітхан Исаев және басқалар. Абыройлы, айтары бар, елінің құрметі мен қошаметіне бөленген осындай қарттарды қазақтың кез келген өңірінен кезіктіруге болады. Олардың ізбасарлары да баршылық. Көп пе, аз ба, дөп басып айту қиын.  Солардың саны мен сапасын арттыру – республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің бір міндеті», деді ойын қызметіне қарай ойыстыра тұжырымдаған Көпболсын аға.

«Қазіргі кезде елімізде «Қоғамдық кеңес» институты белсенді жұмыс іс­теп келеді. Халықтың үнін билікке ті­келей жеткізетін мінберге айналған мұн­дай ұйымдардың саны бүгінде еліміз бо­йынша 230-дан асады. Ал Қо­ғам­­дық кеңестер мүшелігінде жалпы саны 3570 адам болса, оның 1661-і – ардагерлер кеңесінің өкілі. 17 Қоғамдық кеңестің 9-на өңірлік ардагерлер кеңестерінің төрағалары кірген. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қоғам­дық кеңесті қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов қоса бас­қ­а­рады», деген ол 32 жылдық тарихы бар республикалық ардагерлер ұйымының арқалаған міндетін де айшықтап өтті.   

«Ардагерлер ұйымы алғашында Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында құрылған болатын. Уақыт өте келе мақсат-мүдделер көбейді. Атап айтқанда, жастарға патриоттық тәрбие беру, еңбек демалысына шыққан зейнеткерлердің төрт қабырғада қамалып отырып қалмауына, қарым-қабілеті, білімі, тәжірибесіне қарай оларды қоғамдық жұмысқа кеңінен тарту мәселесіне ерекше мән бере бастадық. Ел саясатын қолдап, жұртшылыққа жеткізіп, наси­хаттау мәселесінде де қарияларымызға қыруар жұмыс пен жауап­­кер­шілік артылған. Бүгінде соғысқа қатысқан бар-жоғы 500-дей ардагер қалды. Ал 120 мыңнан астам тыл еңбеккері қамқорлыққа, әлеумет­тік жәрдем мен жай ғана адами қол­дау­ға зәру. Қызмет барысында жара­қат алып, мүгедек атанған, төсек­ке та­ңылған үлкендеріміз де бар. Қадір-қасиеті халықтық деңгейде кө­рінбесе де, ұрпағының алдын­да төрі төмендемеген осындай үлкен­дері­мізді ұмытпағанымыз жөн», деген Көп­болсын аға сөзін «Қартын құрмет­темеу – міне, қоғамның ең үлкен дерті осыдан басталады», деп түйіндеді.

ТҮЙІН. Бала кезімізде ауылдың үлкендерінен: «Шалдың бүтін шал, күтім шал және түтін шал деген үш түрі болады» дегенді естігенмен, астарына  үңіле бермейтін едік. Есейе келе бүтін шал – әулетінің ғана емес, бүкіл бір ауыл-аймақты аузына қаратқан ақсақал, күтім шал – ел-жұртқа пайдасы тимесе де зияны жоқ момын қарт, түтін шал – жасы келсе де жағымсыз қылығын тас­тай алмай, жүрген жерін айқай-шу етіп жүретін қияңқы шал екенін түсіндік. Ал абыройлы ақсақал аспаннан жаумайды. Тұнық бастауында уызына жарып, дәстүріне қанып өскен қыздан ақ жаулықты әже, жас шағында жігері мен намысын жерге таптатпаған жігіттен түйгені мол, танымы терең қария шығары анық. Тек текті тәрбиенің тігісі сөгіле бастаған бүгінгідей уақытта қай шалдың қатары көбейіп кетер екен деген күдік басым көңілде...