Сенат депутаты Нұрлан Бекенов Ақмола облысының Астрахан ауданына барып, жергілікті шаруалармен кездесті, деп хабарлады жоғарғы Палатаның баспасөз қызметі.
Сенатор сондай-ақ мал азығын дайындау және ауыл шаруашылығы дақылдары егінінің жай-күйі мәселелері жөніндегі жедел штабтың отырысына қатысты. Депутат өз сөзінде биылғы ауа райының қолайсыздығына байланысты алдағы қысқа жемшөп дайындау мәселесі өте өзекті екенін атап өтті.
«Қысқа мал азығын даярлау үшін аудан халқын қажетті жем-шөппен қамтамасыз ету маңызды. Ауыл тұрғындарына егін жинау науқанында сәттілік тілеймін!», деді Нұрлан Бекенов.
Ол былтыр күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген аудандық ауруханаға арнайы барды. Дәрігерлермен кездесуде халыққа медициналық көмек көрсету, тегін дәрілік препараттармен қамтамасыз ету және ауданда коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналау мәселелері талқыланды.
Депутат Астраханка ауылында жақында салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің қызметімен де танысты. Бұл көпбейінді нысанда футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, жаттығу залы мен жүзу бассейні бар. Нұрлан Бекенов ауылда осындай орталықтардың ашылуы және оның жергілікті халыққа қолжетімді болуы аса маңызды екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде бұқаралық спортты дамытуға баса мән беріліп отыр. Осы бағытта аудандарда жаңа спорт нысандарын салу, жұмыс істеп тұрған орталықтардың материалдық базасын жақсарту, оның ішінде қазіргі заманғы спорттық бұйымдар алудың маңызы зор», деді сенатор.