Істің қиюын тауып, бабын келтірсе, климаты қатаңдау Арқа төсінде де қаулатып қарбыз өсірудің әбден мүмкін екендігін Жаңаарқа ауданының тұрғыны Сержан Түсіпбеков іспен дәлелдеді.
Үбірлі-шүбірлі бала-шағасы бар Сержан Түсіпбеков қарбыз өсіріп, жерлестерін дәмі тіл үйірген жеміспен қамтамасыз етуді біраз жылдан бері ойластырып жүрген екен. Өз бетімен ізденіп, бұл саладағы тәжірибелерді жан-жақты зерттеген.
Содан кейін барып аудан әкімі Юржан Бекқожинге жолығып, көмек сұраған. Кәсіпкердің бизнес жоспарымен танысқаннан кейін, жергілікті басшы оның өтінішін қанағаттандырып, жер алуына ықпал етеді.
Міне, осылайша идея іске асып, еңбекқор кәсіпкер Сержан Түсіпбеков жер мәселелері жөніндегі комиссияның шешімімен берілген екі гектар жерге қарбыз өсіреді.
Ала жаздай төккен маңдай тер зая кетпей, бүгінде кәсіпкер өсірген қарбыз мол өнім берді. Бұл істе, әрине, ағайын-туыстың көмегі де зор болған. Алдағы уақытта кәсіпкер Сержан Түсіпбеков егіс алқабын ұлғайтып, жеміс-жидектің басқа да түрлерін өсірмекші.
Қарағанды облысы,
Жаңаарқа ауданы