Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Жітіқарадағы бес баланың өліміне себеп болған өрт туралы тың дерек айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Құмар Ақсақаловтың айтуынша, балалар үйде қараусыз қалып, үйдің үлкен баласы пеш жақпақ болған. Сол кезде ол ағашпен бірге пешке бөтелке салып жіберген.
«Балалар сол күні үйде жалғыз қалған. Аман қалған үйдің үлкен баласы таңғы 04:00 шамасында оянып, пеш жақпақ болған көрінеді. Сол кезде ағашпен бірге бөтелкеге ұқсас нәрсе салып жіберген. Салдарынан жарылыс болған», деді әкім.
Сонымен қатар облыс әкімі қайғылы жағдайдан кейін бірден балалардың анасымен кездескенін және бірнеше күн ішінде отбасына екі бөлмелі пәтер сатып алынғанын айты.
Естеріңізге сала кетейік, Қостанай облысының Жітіқара қаласында өрт болды. Өрт үйді түгел шарпығандықтан, ғимараттың шатыры опырылып түскен. Сол кезде ішінде үлкендердің қарауынсыз қалған 2 жастан 13 жасқа дейінгі алты бала болған. Өрт салдарынан бес бала көз жұмған.