Ондаған жалған Snapchat қолданушылары Франция азаматтарына жалған COVID-19 медициналық сертификаттарын сатқан.
Тергеу нәтижесінде бұл қолданушылардың тұрғындарға бірнеше сағат ішінде медициналық рұқсат қағаз жасап беретінін айтып қызықтырғаны анықталды. Коронавирус вакцинасын салдырмай-ақ еркін жүріп-тұруға мүмкіндік беретін COVID-19 медициналық рұқсат қағазын пайдаланғысы келетін Франция азаматтары алаяқтардың алдауына түскен. «Біздің қызметіміздің арқасында вакцина алу – әркімнің өз еркінде», деп жазған парақшалардың бірінде.
Өткен айда Франция 50-ден астам адам жиналатын барларға, мейрамханалар мен мәдени орындарға бару үшін азаматтар міндетті медициналық рұқсат қағазын көрсетуі керек деген ереже енгізген. Ірі сауда орталықтарына барғысы келетін немесе белгілі бір көлік түрлерімен саяхаттауға ниетті адамдар өздерінің COVID-19-ға қарсы толық вакцина салдырғанын, індеттен айыққанын немесе теріс сынақтың нәтижесін көрсетіп дәлелдеуі керек. Осыған ұқсас шаралар ЕО-ға мүше басқа мемлекеттерде де енгізілді.
Алайда бұл шешімге мыңдаған еуропалық наразылық білдіріп, көшеге шеруге шықты. Ал қылмыскерлер жалған сертификаттар сатып, адамдарға Францияның медициналық сақтандыру базасында вакцина салдырған деп тіркеуге уәде беріп, пайда көруге тырысты.
Қылмыскерлер Snapchat қолданушыларынан жалған куәлік алу үшін тек олардың аты-жөнін, ұлттық сақтандыру нөмірін, электронды поштасы мен тұратын мекенжайын сұраған. Жалған медициналық құжат жасату бағасы 140 еуродан 350 еуроға дейін жеткен. Мұндай қылмыс жасаушыларға Францияда бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған және 150 000 еуро айыппұл салынады. Ал жалған рұқсат қағаздарын сатып алғандар үш жылға дейін түрмеге жабылуы мүмкін. Францияның медициналық сақтандыру органдары мамыр айынан бастап полицияға жалған COVID-19 медициналық құжаттарына байланысты 46 өтініш келіп түскенін хабарлады.