Пандемия бет қаратпай тұрған кездің өзінде Қарағанды облысындағы мәдени мекемелердің барлығы да жұмысын тоқтатқан жоқ. Яғни өңірдегі ұзын саны 600-ден астам мәдениет және архив нысаны онлайн режімге көшіп, тұрғындарға тұрақты түрде қызмет көрсетіп келеді.
Осы және саладағы басқа да оң өзгерістер туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңқайында өткен онлайн-брифингте Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов баяндады.
Ведомство басшысы 2020 жылға арналған жұмыстардың жоспарға сай атқарылғанын атап өтті.
– 2020 жылы 96 мәдениет және архив нысаны жөндеуден өтті. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бұқар жырау ауданындағы Баймырза ауылының клубында және Осакаров ауданындағы Молодежный кентінің мәдениет үйінде күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонымен бірге мәдениет және өнер қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына жеткілікті түрде көңіл бөлінетін болады. Биыл оларға 30 пәтер берілді, ал 2022 жылы тағы 40 отбасы баспанамен қамтамасыз етілмекші.
Бұдан бөлек, басқарма басшысы алдағы уақытта тағы 150-200 пәтерге қажеттілік бар екенін айтты. Сонымен қатар ол мәдени іс-шараларды өткізу қатаң түрде эпидемиялық жағдай талаптары бойынша жүргізілетінін атап өтті. Алдағы уақытта Жанат Қажиев атындағы халықаралық театр фестивалі, Тәттімбет атындағы республикалық байқау және «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» онлайн байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі жоспарда бар.
Көптің көкейінде жүрген сұрақтың бірі – Қарағандыдағы кеншілердің мәдениет сарайына жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының қашан аяқталатыны болатын. Бұл турасында ведомство басшысы ол шаруаның жақын арада бітіп, ғимараттың тамыз айының аяғында келушілерге есігін айқара ашатынын жеткізді.
Бүгінде балалар үшін үйірмелерге тегін қатысуға мүмкіндік беретін artsport.edu.kz платформасы жұмыс істеп тұр екен. Мұнда әрбір балаға кететін шығынды төлеуге арналған қаржыландырудың жаңа әдісі 1 мамырдан бастап енгізілген.
Еркебұлан Жұмакенов карантиндік шектеулерге қарамастан, мәдениет саласының қызметкерлері халықаралық және республикалық байқауларға онлайн режімінде қатысып, бақ сынауды жалғастырғанын атап өтті.
– Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Рухани қазына – 2021» фестивалінде Қарағанды облысына жеті жүлделі орын бұйырды, – деді ол.
Брифингте басқарма басшысы биыл Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын, Қазақстан театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, халық әртісі Серәлі Қожамқұловтың 125 жылдығын және дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойларын ерекше атап өту жоспарланғанын айтты.
«2021 жылғы мәдени іс-шараларымыздың басым бөлігі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтуге арналады. Мерекеге орай алғаш рет «Мәдениет» порталының алаңқайында «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» атты ақындар мен суретшілер арасында республикалық онлайн-байқау ұйымдастырылды», деді Е.Жұмакенов.
Сөз соңында ведомство басшысы басқарманың алдағы жұмыстары карантиндік шектеулерге байланысты ішінара өзгерістерге түскенімен, негізінен арнайы бекітілген жоспарға сай жүргізілетінін атап өтті.
Қарағанды облысы