Ел экономикасының күретамыры – ауыл шаруашылығы саласына сай мамандар даярлау бүгінгінің өзекті мәселесіне айналып отыр. Сарапшы мамандар көкейкесті мәселенің негізгі себептерін оқу орындарында теориялық және практикалық базаның толыққанды жасақталмағанымен байланыстырады. Қазіргі кезде инженер, механик, оператор, агроном, мал дәрігері сияқты мамандықты игеруге қызығушылық білдіретіндер үшін әмбебап білімнің маңызы зор.
Олай деп отырғанымыз, цифрлық технологиялар ауыл шаруашылығы саласы мамандарына жаңа талаптар жүктеп, техникалық білімі жоғары, агрономияны жетік меңгерген ІТ мамандар, маркетолог, инновация сарапшысы, сату менеджері сияқты біліктілігі жоғары мамандардың саланы алға сүйрейтініне сенім артады. Яғни еңбек нарығының басты талабы – өндіріске инновациялық технологияларды енгізу, ойы озық, заман талабына сай кадрларды даярлау.
Осы орайда сарапшылар озық ойлы мамандарды ауылға тарту мәселесінде тың стратегия қажеттігін айтады. Деректер жоғары оқу орнын мемлекеттік грантпен бітірген түлектердің болар-болмас көрсеткішінің ғана ауылда жұмыс істеуге ықыласты екенін көрсетіп отыр. Сегіз сектор бойынша жемқорлыққа қарсы жүргізілген мониторинг нәтижесінде аграрлық бағыттағы мамандардың өз кәсібімен жұмыс істемейтіні, яғни мемлекеттік грант есебінен оқыған түлектердің 9,6 пайызы ғана жұмыс істейтіні анықталған. Бүгінде жергілікті атқарушы органдар деректері бойынша, агроном, мал дәрігері, инженер-механик, технолог мамандарына сұраныс жоғары. Ауыл шаруашылығы министрлігі деректері бойынша, өткен жылы бітірген 4 206 түлектің 60 пайызға жуығы ғана жұмысқа орналасқан. Ал жыл сайын 3 мыңға жуық маманға сұраныс байқалады. Осыған байланысты тиісті министрлік жергілікті органдарға бітіруші түлектер үшін жағдай жасау қажеттігі жүктеліп, ауыл квотасына қатысты мәселе тұрақты көтеріліп келеді. Ал өткен жылдың он айындағы көрсеткіші бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы электронды еңбек биржасында 50 мыңнан аса бос жұмыс орны жарияланып, механизация саласындағы мамандарға сұраныс артқан.
Ауыл шаруашылығы мамандарының ауылдарда тұрақтап қалуына байланысты Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы тарапынан тұшымды пікір айтылған болатын. Яғни болашақ аграршылардың басқа салаға әрі елден кетпеуі үшін кредитті оқу жүйесінің маңызы зор. Бұл жағдайда оқу орнын бітірген түлек кем дегенде үш жыл ауылға қызмет етуге мүдделі. Осы тұста соңғы жылдарда ауыл шаруашылығы ғылымымен айналысатын мамандардың саны кеміп, ғылыми дәрежесі бар ғалымдардың орташа жасы – 50-57-ні, бас ғылыми қызметкерлердің орташа жасы – 60-65 жас, жетекші және аға ғылыми қызметкерлердің – 50-54 жас, кіші ғылыми қызметкер 30 жастың шамасында екені де ескерілгені абзал. Отандық ғылымның қартайып бара жатқаны – ғалымдар тарапынан үнемі айтылып жүрген түйткілді мәселе. Дегенмен сарапшылардың бір парасы мамандарға әлеуметтік жағдай жасалмай, қандай да бір талаптарды енгізу қисынсыз екенін айтады. Бұл үшін ауыл шаруашылығы дамыған елдер тәжірибесінде озық үлгілерді де басшылыққа алу маңызды. Яғни алдағы уақытта ауыл шаруашылығы саласына кәсіби мамандарды тарту мәселесіне жіті көңіл бөле отырып, кешенді бағдарлама жасау қажет. Ол үшін ауыл шаруашылығы секторының жаңа технологиялармен жабдықталуы, мамандар еңбекақысының жоғары болуы сияқты бір-бірінен бөле жарып қарауға болмайтын мәселелер ескерілуі қажет.
Қазіргі таңда цифрлы технологияның дендеп енуі мен жүйелердің автоматтандырылуы еңбек нарығына көптеген өзгеріс әкелуде. Осы орайда кейбір мамандықтар керексіз болып, жаңасы пайда болуда. Шағын өндірістердің өзі автоматтандырылуда. Деректер бойынша бүгінде салада он жаңа мамандық ашылса, он шақтысы жойылудың алдында тұр. Роботтехник, жер және су ресурстарымен айналысатын IT-инженер, агроном-экономист, цифрлы агроном, ауыл шаруашылығындағы жаңа технологиялар жөніндегі маман, тағы басқа мамандықтар салада сұранысқа ие кәсіп дейтін болсақ, жергілікті жерлерде еңбек нарығына, әсіресе ауыл шаруашылығы мамандықтарына мониторинг кезең-кезеңімен жасалып отырғаны маңызды. Оның нәтижесі саладағы түйткілді жайттардың дер кезінде анықталуына мүмкіндік береді. Ал болашағын ауылмен байланыстырығысы келетін кәсіби мамандарға жағдай жасаудың тетіктерін қарастыру – уақыт күттірмейтін мәселе.