• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Саясат 18 Тамыз, 2021

Кейінге қалдыруға болмайтын себеп қандай?

205 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов халық санағы барысында қандай деректерге қол жеткізілетіні туралы кеңінен мағлұмат берді. БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берген спикер бұған дейін бірнеше рет мораторий жарияланған санақты кейінге қалдыруға болмайтынын айтты.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылып отырған үшінші ұлттық халық санағы биыл 1 қыркүйектен басталып, 30 қазанға дейін жалғасады. 2020 жылдың қазан айында өтеді деп жоспарланған санақ дүние жүзін дүрліктірген пандемияға байланысты 2021 жылға ауыстырылған болатын.

Халық санағы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық ахуал жайлы нақты ақпарат жинауға мүмкіндік беретінін атап өткен бюро басшысы биылғы санақтың БҰҰ жариялаған халық және тұрғын үй қоры санақтарын өткізу бо­йынша еуропалық статистиктер кон­ференциясының ұсынымдарына сәй­кес жүргізілетінін де еске салып өтті.

Халық санағы барысында нақты қандай деректерге қол жеткізілетініне жеке-жеке тоқталған Н.Айдапкелов жоспарланған маңызды науқанның мақсат-міндеттерін де тарқатып айтты.

«Санақтың маңыздылығы тек халық саны туралы деректер алумен шек­телмейді. Бұл науқан елдегі демо­графиялық, әлеуметтік, демокра­тиялық, мемлекетіміздің саяси дамуы­на қатысты кең көлемді әрі нақты ақпарат жинауға мүміндік береді. Яғни адамға байланысты, оның білім деңгейіне, денсаулығына, некедегі жағдайына, отбасы құрылымына, жұмыс істеуі, табыс көзі, тұрғылықты жердегі үй жайына байланысты сұрақтарды қамтитын толыққанды ақпарат жиналады», деді бюро басшысы.

Брифинг барысында елдегі күр­делі эпидемиялық ахуалды еске салып, «Осындай қиын кезде санақ өткі­зу­дің қажеттілігі қанша?» деген жур­налистердің сұрағына жауап бер­ген спикер: «Биыл әлемнің 61 елін­де халық санағы өтеді. Санақ жүргі­зетін мемлекеттердің арасында Ресей Федерациясы да бар. Бюджеттің бір бөлігі жұмсалды, ұйымдастыру мәселелері жоғары деңгейде шешілді. Сон­дықтан халық санағын кейінге қалдыруға болмайды», деді.

Н.Айдапкелов сондай-ақ эпиде­мия­лық жағдайға байланысты жан-жақты дайындық жұмыстарының жүргізілгенін айтып өтті.

«Санақ кезінде тұрғындарды аралау үшін тек вакцина салдырған адамдарды тартамыз, оларды қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етеміз, қашықтықты сақтау үшін арнайы оқытамыз. Осылайша, маңызды науқан кезінде індеттің өршіп кетпеуі үшін өзімізді де, азаматтарды да қорғаймыз», деді ол.

Барлық ақпараттың әрбір елді мекен бойынша жеке жиналатынын ескертіп өткен спикер мемлекеттік органдардың деректер базасынан алынатын мәліметтердің санақ нәтижелері үшін жеткіліксіз екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекеттік базадағы ақпараттар толық емес.

«Санақ халық санын шығару үшін ғана өткізілмейді. Бізге тұрғындардың білім деңгейі, тілдерді білуі, неке жағдайы, отбасы құрылымына қатысты адам өмірінің барлық аспектілері бо­йынша сапалы деректер алу маңызды. Себебі санақ кезінде азаматтардың тіршіліктерінде қандай әлеуметтік шектеулер бар, шешімін таппаған еңбек мәселелері қандай, халықтың негізгі табыс көздері неде деген маңыз­ды сұрақтарға жауап алынады. Сон­дықтан бүкіл әлем нақты қысқа уақытта халықтың жағдайын жазып алу және болашақта демографиялық, эконо­микалық талдау үшін пайдаланылатын деректерді алу үшін санақ жүргізеді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдарға санақ кезінде алынған деректерді әлеуметтік бағдарламалар жасау­ға, аумақтарды дамытуға, тіпті әрбір азаматтың тыныс-тіршілі­гін жеңілдету үшін қолдануға көмек­теседі», деді спикер.

Қазіргі кезде санаққа дайындық жұмыстары аяқталып, қыркүйек айы­нан бастап осы жұмысқа жұмыл­ды­рылатын азаматтарды оқыту процесі жүргізіледі. Биылғы санақ 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында онлайн форматта және 1 қазан 30 қазан аралығында жалпы сауалдама түрінде өткізіледі. Санақ кезінде тұрғындарға жалпы 91 сұрақ қойылады. Биылғы сауалдама азаматтардың тіршілік әрекетінің шектелуі, пандемияға байланысты, ҚР аумағында уақытша тұратын азаматтар туралы және көші-қон, жұмыспен қамтылу, неке жағдайларына, тілдерді меңгеру, табыс көздеріне қатысты сұрақтармен толықтырылған. Ал сұрақтардың барлығы Қазақстандағы халық санағына қатысты халықаралық ұйымдардың сарапшыларының және еліміздің мемлекеттік органдарының келісімінен өткен.