• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Білім 19 Тамыз, 2021

Дуалды оқыту жүйесі қалай дамып жатыр?

1626 рет
көрсетілді

Қазақстан үшін дуалды оқыту – кәсіби білім берудің прак­тикалық және теориялық компоненттері біріктірілген маман даярлаудың жаңа түрі. Дуалды оқытудың басты мақсаты – өндірісте жұмыс істеу дағдысы қалыптасқан түлекті даярлау. Басқаша айтқанда, алғашқы күннен бастап жұмысқа кірісіп, оны жоғары кәсіби деңгейде орындай алатын маман даярлау.

Біздің елімізде кадрларды даяр­лаудың бұл түрі 2012 жылдан бастап енгізіле бастады. Бұл бағытта бірқатар жетістік бар: нормативтік актілерде «дуалды оқыту» ұғымы бекітілген,  БҒМ бұйрықтары қайта қаралған және шығарылған, заңнамалық деңгей­де теория мен практика­ның теңгері­мі бекітілген, яғни 40% тео­риялық сабақтар және 60% өн­дірістік оқыту мен практика, техникалық және кәсіп­тік бі­лім беру оқу орындарында осын­дай бағдарламаларды іске асыру қағи­далары бекітілген, осы жүйе бойын­ша оқытылатындар­ға еңбек өтілі есеп­теледі, мамандарды даярлау үшін өнді­рістік базаны қамтамасыз ететін кәсіп­керлермен шарттар жасалды.

БҒМ 2016 жылғы 21 қаң­тардағы №50 «Дуалды оқы­туды ұйымдастыру қағи­даларын бекіту туралы» бұйры­ғы­на сәй­кес дуалды оқытуға қа­тысу­шы­лар: меншік нысанына қара­мас­­тан техникалық және кәсіптік, ор­та білім­нен кейінгі білімнің білім беру бағ­дарламаларын іске асыратын оқу орындары, меншік нысанына қара­мас­тан ұйымдар (кәсіпорындар), білім алушы – студент (тағылымгер), тыңдаушы.

Дуалды оқытудың міндетті компо­ненттері: дуалды оқыту туралы шарт, ұйыммен (кәсіпорын­мен) келісіл­ген дуалды оқыту­дың жұмыс оқу жос­пары, өндірістік оқыту мен кәсіп­тік прак­тиканы іске асыру үшін жаб­дық­тал­ған ұйымдардағы (кәсіпорын­дар­дағы) оқу, жұмыс орындары және оқу өн­діріс­тік орталығы жатады, ұйымдарда (кәсіпорындарда) өндіріс­тік оқыту мен кәсіптік практиканың тәлімгерлері.

Ал дуалды оқытуды ұйым­дастыру процесіне қатысу­шылар­­дың функцияларына тоқтал­сақ, біріншіден, білім беру сала­сындағы уәкілетті орган дуалды оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру мәселелері бо­йынша консультациялық көмек көр­сетеді, дуалды оқытуды ұйым­дас­тыру мониторингін және дуал­ды оқыту шеңберінде өзге де өкілет­тіктерді жүзеге асырады. Екіншіден, «Атамекен» ҰКП дуалды оқыту туралы үшжақты шарттар жасасуға жәрдемдесе­ді, өңір­лік кәсіпкерлер пала­талары­ның жұмысын үйлестіреді, дуалды оқыту шеңберінде өзге де өкі­леттіктерді жүзеге асырады.

Түпқараған гуманитарлық-техника­лық колледжі – қазіргі таңда дуалды оқыту жүйесін оқу процесі­не енгізген колледждің бірі. Кол­ледж 2016 жылы ашылған жылдан бастап «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы «Мектеп­ке дейінгі ұйымдардың тәрбие­шісі» білік­тілігі бойынша 25 студент дуалды оқыту жүйесімен оқытыл­ды. Аудан­да орналасқан бір­ден-бір колледж болғандықтан, әлеу­меттік серіктестермен келісімшартқа оты­р­уда ешқандай кедергі бол­ған емес. Әр оқу жылы сайын ең болмағанда бір мамандық дуалды оқыту жүйесімен оқы­тылуда. Үш жылғы мониторинг­ке сәйкес колледждің дуалды оқыту жүйесі бойынша көрсет­кіштері жыл сайын артып келеді. Дуалды оқыту жүйесі бойын­ша білім алушыларға сабақ бере­тін арнайы пән оқытушылары әлеу­меттік серіктес мекемелерден тағы­лымдамадан жыл сайын өтуде. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­та­сы­на дуалды оқыту туралы ке­лі­­сім­шарт­тар, студенттер тізімі сәй­кестендіріліп, реестрға тіркелді.

 Дуалды жүйемен оқытылған түлек­тердің жұмысқа орналасу көр­сет­кіші жоғары болады. Өйт­кені оқу барысында өндіріспен тығыз байланыста болған студент жұмыс берушінің талаптарынан қорытынды шығарып, тәжірибе жинақтайды. Дуалды жүйе бо­йынша оқыту білім алушылар­дың кәсіби біліктер мен дағдылар­ды, іскерліктерді тікелей жұмыс орнында меңгеріп, жан-жақты кәсіби дамуына мүмкіндік беріп, түрлі жүйелердің – білім, ғы­лым, өндірістің өзара байланысын, өзара әсерін, өзара кірігуін қам­тамасыз ету арқылы кәсіптік білім беру жүйесінің сапасын арттыратыны сөзсіз.

 

Айнұр СҰЛТАНҒАЛИ,

Түпқараған гуманитарлық-техникалық колледжі басшысының міндетін атқарушы