Бой бермей тұрған індетке қарсы бірден-бір тосқауыл вакцина салдыру екенін елдің сезе бастайтын уақыты жетті. Басқа жол әзірге табыла қойған жоқ. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда Қарағанды облысындағы эпидемиялық ахуал өте күрделі жағдайда тұр. Өткен тәуліктің өзінде өңірдегі жаман тұмау жұқтырғандардың саны 1 101 адамға жетті. Міне, осылайша қалыптасқан жағдай жалғыз ғана құтқарушы ретінде екпе алуға жүгінуге тура келетінін тағы бір мәрте еске салады.
Vero cell Қарағандыға жетті
Sinopharm компаниясы шығарған Vero Cell вакцинасының 40 мың дозасы Қарағанды облысына жеткізілді. Екі компоненттен тұратын бұл екпе 20 мың адамды аурудан аман алып қалуға жеткілікті.
Мамандардың айтуынша, қытайлық Vero Cell вакцинасы – инактивті. Оны өндіру барысында вакциналарды жасаудың стандартты технологиясы қолданылған. Яғни ауруды тудыруы мүмкін вирустың патогендік бөлігі өлтіріледі. Бірақ оның денеде қорғаныс антиденелерінің пайда болуына себепкер қабілеті сақталып қалады.
Бұл вакцинаны бірінші кезекте қауіп тобындағы науқастарға салу көзделген. Жасы 18-ден асқан адамдарға арналған. Ерекше атап өтетін бір жайт, Vero Cell вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған.
Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сай, Vero Cell препаратының бір дозасы 0,5 мл-ден тұрады. Вакцинаның әрқайсысы 0,5 мл болатын екі дозасын үш-төрт апта аралығында салу ұсынылады. Аралық нәтижелер COVID-19-ға қарсы 79,3% тиімділікті және орташа және ауыр жағдайлардың алдын алуда 100% тиімділікті көрсетеді.
Ауруханаларға ауа жеткізеді
Қарағанды құю-машина жасау зауыты өндіріске қажетті құрамы 99,7% болатын таза оттегі өндіріп келген. Енді кәсіпорын Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасының өтініші бойынша коронавирус инфекциясынан зардап шеккен адамдарға көмек қолын созбақ. Дәлірек айтқанда, Maker ЖШС «қоңыр-қызыл аймақтан» шыға алмай отырған Қарағанды облысының ауруханаларына арнап оттегі өндіретін болды.
Оттегі-компрессор учаскесінің бастығы Досхан Түсіпов зауыттың әлеуметтік жауапкершілікті жақсы сезінетін кәсіпорын болғандықтан, адамдардың өмірі мен денсаулығына қатысты денсаулық сақтау басқармасының өтінішін жерге тастамағандарын айтады.
– Осы аптада біз алты текшелік 148 баллонды оттегіге толтырдық. Жұмысты күні-түні істедік. Бізге аурухана көліктері таңғы сағат 4.00-де және 5.00-де келіп жатты. Мойнымызға алған міндетімізді барынша жауапкершілікпен атқаруға тырыстық, – дейді ол.
Maker ЖШС басқарма төрағасы Жәнібек Байғабылов өздерінің адамдардың өмірін сақтап қалуға сүбелі үлес қосып жүргендерін мақтанышпен атап өтіп, мұндай миссия біздің зауыттың жұмысшыларына рухани күш беретінін айтты.
Вакцина алғаның – олжалы болғаның
Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті вакцина салдырған профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер арасында ұтыс ойынын ұйымдастырды. Іс-шараға қатысушылар өздерінің вакциналау төлқұжаттарын көрсетіп, автоматты түрде ұтысқа қатысушылардың тізіміне тіркелді.
Шілде айының 1-інен басталған бұл ұтыс ойынының нәтижесінде 20 адам шипажай және демалыс орнына жолдама ұтып алды. Алдағы уақытта олар «Мойылды», «Сарыағаш» шипажайларына және «Балқаш» демалыс үйіне барады.
Мұндай ұтыс ойыны бір ғана мақсатты көздейді, бұл – университеттегі профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерді вакцина алуға ынталандыру.
Университеттің баспасөз қызметі білім ордасындағы оқытушылар мен қызметкерлердің студенттер мен олардың ата-аналары алдындағы жауапкершілікті сезе және екпе алудың пандемияға тосқауыл болатынын түсіне отырып, вакциналауды қарқынды түрде жалғастыратынын хабарлады. «Ваучерлердің ұтыс ойыны – қатысушылардың барлығы үшін жағымды бонус. Алдағы уақытта біз жолдамаларды ғана емес, басқа да бағалы сыйлықтарды ойнатуды жоспарлап отырмыз», делінген университеттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қарағанды облысы