• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 19 Тамыз, 2021

Бір сурет – бірнеше оқиға

1036 рет
көрсетілді

19 тамыз – Дүниежүзілік фотография күні. 2009 жылы аустралиялық Корске Ара есімді фотографтың бастамасымен бекітілген екен. Оның негізінде 1839 жылдың 19 тамызында француз өнертапқышы Жак Луи Дагердің фотосуретті алудың ерекше тәсілін ойлап табуы жатыр. Мұны 1940 жылы Александр Уолкот жетілдіре түскен.

Дәл осы 1840 жылы қазақ даласында алғашқы сапалы фотосуреттердің бірі түсірілді. Ол – Бөкей Ордасының соңғы ханы, Жиһангер – Жәңгір ханның әйелі Фатимамен бірге түскен суреті. Жәңгір ханның үш әйелі болғаны тарихтан мәлім: Жүзім ханым, Фатима ханым, Салиха ханым. Осы үш ха­ным­ның арасында ханның көңілі Фатимаға ерек­ше құлаған деседі. Оның себебі, Ресейдің тұңғыш муфтиі Мұхамеджан Хұсайыновтың қызы – сұлу да зиялы, мұсылманша хатқа жүйрік, еуропаша білім алған, өз заманының озық тәрбие алған әйелдерінің бірі Фатиманың ерекше ақылында болуы да мүмкін. Ханға жеті бала тауып берген Фатиманы ел де Фатима тоташ деп бекерге әспеттеп, әлпештемесе керек. Фатима тоташ Жәңгірдің қай шаруасында да ақылын салған, кеңесін берген жар болғанын аңғарамыз.

1840 жылы Жәңгір Бөкейұлы үшін қат-қабат шаруаға толы, қауырт әрі ерекше жыл болғанға ұқсайды. Осы жылы жары Фати­ма сырқаттанып, емделу үшін екеуі Пяти­горск қаласына барып, Пушкин мен Лермонтов түскен Александра Мерлиннің үйіне тоқтайды. Кейін Фатима мен Александра хат жазысып тұрғаны туралы деректер бар. Дәл сол жылы Жәңгір хан Орынбор әскери губернаторы Г.А.Перовскийдің нұсқауымен генерал-­майор шенін алады.

1840 жылы түсірілген Жәңгір мен Фати­ма­ның фотосуретіне зер салып қарасақ, Фатима ханымның аяғы ауыр екенін бай­қаймыз. Ананың алтын құрсағында – қа­зақтан шық­қан тұңғыш кавалерия генералы, князь атағын алған Ғұбайдолла Жәңгірұлы жатыр. Ғұбайдолла 1840 жылы өмірге келді. Кей деректерде 6 мамыр, тағы бірінде 19 мамыр деп көрсетіліп жүр. Демек, бұл сурет осы жылдың көктемінде түсірілген болып шығады.