• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Тарих 23 Тамыз, 2021

Асылдың сынығы еді аңызы көп...

557 рет
көрсетілді

Өткен дәуірдегі Кеңес өкіметінің коммунистік идеологиясының құрсауынан құтылып, өз алдымызға егеменді ел болғалы, арғы-бергі тарихымызды таразылау үшін архивтерде буулы жатқан құжаттарды парақтағанда, небір сорақы сұмдық жағдайларды оқып жүрміз. Кеңес өкіметі есімдері күллі түркі жұртына танымал тұлғаларды айтпағанда, орталықтан шалғай шеттегі шағын ауылдардың бірлі-жарым арқасүйер, маңдайалды азаматтарын да еркімен жүргізбеген екен.

Сондай жандардың бірі Оңдаған Дүйсекенұлы солақай саясаттың салдарынан сан мәрте жазықсыз жазаланған. Соңынан қалмаған жалған жаламен екі мәрте тар қапасқа қамалып, 37 жасында қыршынынан қиылған.

Оңдаған Дүйсекенұлы 1901 жылы қазіргі Атырау облысының Махамбет ауданы Алға ауылдық округінде дүниеге келген. Кеңес өкіметі қарсаңында Сберті атанған болыстықтың №2 Ақсай ауылында туып-өскен. Кеңес өкіметі орнасымен болыстық жойылып, бұл ауылдардың орталығы 1934 жылға дейін Құлтай ауылы атанған-ды.

О.Дүйсекенұлының ата-бабаларының қай-қайсысы да өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары болған деседі. Оның ішінде, әсіресе, Бисенғали атасы жүрегіне иман ұялатып, қолынан Құраны түспей, ислам дінін терең игерген қари,тақуа жан болыпты. Жастайынан түрлі медреседен білім алған. Ислам дінінің темірқазығы саналатын Мекке, Мәдина қалаларында қажылықта болып, хазірет-қажы дәрежесіне жеткен. Қазан төңкерісінен көп бұрын, Сберті бойындағы туып-өскен №2 Ақсай ауылында, Сәкөл болыстығына қарасты ел-жұрттың құлшылық қажетіне жарардай мешіт үйін өзі бас болып салдырған екен. Күмбезі көк болғандықтан, жергілікті тұрғындар «Бисенғали қажының Көк мешіті» деп атап кетіпті. Қажы атамыз бұл мешіт үйін тек құдайға құлшылық ететін, бес уақыттық намазхана ретінде ғана ұстамай, оны ауыл балаларына медресе-мектеп үйі етіп те пайдаланған. Оңдаған да оқу-білімге құштарлығын осы медреседен бастап, 12 жасында жергілікті қазақтар Қараөткел атаған Сокол қалашығындағы 4 жылдық қазақ-орыс мектебінде оқиды. Оны бітіріп, білімін одан әрі тереңдетіп, сол кезде қазақтар Үйшік атайтын Гурьев (қазіргі Атырау) қаласындағы екі жылдық орыс мектебінде де оқып шығады. Содан Кеңес өкіметі кезінде Гурьев уездік ағарту бөлімінің жанынан ашылған мұғалімдік курстан дәріс алады да, 1920-1924 жылдар аралығында ауыл мектебінде мұғалімдік қызмет атқарады. Осы жылдары жаңа үкімет саясатына сай, ауылдық кеңес басшылары мен жергілікті партия ұйымдары жетекшілері «Көк мешіттің» күмбезін құлатып, уақытша мектеп үйіне айналдырып, оны «Қарасу мектебі» деп атайды.

Кеңестік саясат қазақ халқын ұстанған дінінен тайдырып, құдайға құлшы­лы­ғынан қашырамыз дегенмен, ауыл тұр­ғын­дары арасында әлі де жүзін құ­бы­ладан бұрмай, бес уақыт намазын қаза қылмаған дініне берік жандар жететін-ді. Міне, осындай ауылдастары бар, өзінің өр мінезді, өжет әрі ауылдастарына қаҺарлы көрінетін Шөкей анасы бар, барлығы да «Бисенғали қажының ізгі ісі жойылмасын, жалғассыз қалмасын» деп, Оңдағанға қолқа салып, «Көк мешіттің» имамы болуға көндіреді. Қашанда үлкенді сыйлап, аруақтан аттамаған адам, бұл бетбұрысының түбінде өзіне ажал оғы болып қадаларын қайдан білсін.

Оңдаған ер тұрпатты, тік мінезді, на­мыс­шыл, даулы істерде ауызекі сөзден өз­гелерге дес бермес адуынды да, арлы азамат болған. Жаратушы ием өн бойын өне­гелі өнерден кенде қылмаған. Ол – әнші, айтыскер ақын, күресте жауырыны жер иіскемеген палуан,­ саятшы, иығынан дара ауыз мылтығы түспеген мерген аңшы. Қысқасы, сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі болған екен.

Оңдағанның бірде-бір жазба өлеңі бізге жет­пеген. Тіпті жанындағы анасы мен жары да артында қалған екі ұлы мен бір қызына кесірі тие ме деп, барлық жазған өлең-жырын түгелімен өртеп жіберген.

Оңдағанның туған же­рі­не өлең-жыр­ларын арнағаны, ауыл­дас­тарының қа­лауымен молдалық жолын ұстанғаны, коммунистік идеологиямен қаруланған, билікке жақын белсенді ауыл қазақтарына ұнай қоймайды. Партия ұйымдарының нұс­қауымен «домалақ арыздар» жоғары жаққа жөнелтіліп, өкімет қуда­лау­­дың түрлі құқайларын көрсете бас­тай­ды. Ендігі жерде айналасындағы жа­на­­шыр жақындарына, бала-шағасына кесірі тиетініне көзі жеткен Оңдаған дін жолын біржола қойып, халқына өкі­мет ыңғайымен қызмет еткенді жөн көреді. Осы тоқтамын, халықтың көзі, һәм құлағы – аймақ баспасөзі арқылы біл­дірмек болады. Ол ойын сол жылдары араб әріптерімен шығатын Гурьев округтік газеті арқылы жалпақ жұртқа жария етті де. Араб жазуынан журналист Қазыбек Құттымұраттың бүгінгі тілімізге ауда­руындағы мақаланың мазмұны мына­дай:

«Жұмыскер тілі» газеті. Гурьев округтік пар­тия комитеті мен округ атқару коми­те­тінің және округтік кәсіпшілер одағы бю­росының тілі... № 50(230) 1928 жыл октябрьдің 5-і.

 

«Молдалығымды тастаудағы пікірім»

Тіршілік жөнінде адам баласы басынан әлденеше дәуірді өткізіп келеді. Сол дәуірлер, сол тұрмыстар адам баласын өзіне құл қылып бағындырулы екен, адам баласы оларды өзіне қожа қылғаны тарих жүзінде айқын.

Арғы жердегі жалпының мағрипатсыз дәуірлеріндегі тұрмыстарды айтпай-ақ, осы өзі­міздегі XX ғасырдағы тұрмыс өзге­ріс­терінің шет жағасын шолып өтейік. Мәселен, бүтін бұқараны тек қана өзіне бағындырып, өзіне құл қылып қанап келген кешегі жексұрын бай капиталдар дәуірі мен тап осы күнгі еңбекші бейнетқорлар дәуірін алып қарасақ, екеуі мүлдем қатынаспайды. Бұрынғы бай дәуірінде еңбекшілер мүддесіне жатпайтын түрліше қиыншылық болып келді. Жер-суды, егінге қолайлы жерді өз мүлкіне қаратып, бейнетқорлардың жұмысынан пайдалану бәрі де байлардың құралы болса, екінші жақтан дін жолы да құрал болмай қалған жоқ. Еңбекшілер дәуірі солардың бәрін де жоқ қылып, өзгеше дәуір алып, өз мүддесін өзі көздеп отыр. Капиталдың құралы болып келген дін жолы еңбекшілерге керегі жоқ жол. Бірақ сол дін жолы, оның ішінде ислам жолы сүйретіліп осы күнге шейін қала алмай келеді. Кімде-кім сөз жазғанда көздеген бір нысанасы болуға тиіс. Мен де өзімнің мақсатымды осы реттен айтып өтпекпін.

Мен жас кезімде аздап орысша оқып, тәрбие алып, Кеңес өкіметі келгенше, яғни 1924 жылға шейін мұғалімдік жасап, жаңа бағытқа кірісіп жүргенімде байқаусыз дін жолына түсіп кеттім. Көп ұзамай-ақ өзімнің адасқанымды сездім.

Өз тізгінін өзі ұстап, жұмыскер қара шаруа мемлекетін билеп отырған тек қа­на қара шаруа – жұмыскер еңбекшілер болса, олардың мүддесіне жатпайтын дін маған да мүдде болып жатпайтын нәрсе екенін таныдым. Байлардың бұға­уы­нан құтылып, өз алдына, өз табына тілектеніп өмір сүру еңбекшілердің жаңа тұрмысындағы шарты болса, ендігі жерде садақа алуды тастап, адал еңбегіммен күнелту маған да шарт екенін сездім. Сон­дықтан менің Сәкөл болысы №2 ауыл­дағы мешітке молдалығымды тастап, бұдан былайғы жерде өз еңбегіммен әре­кет етуге ыждағатым ауды. Ендігі жерде жалпы Кеңес азаматтары маған жөн сілтер деп сенемін.

Дүйсекенұлы Оңдаған. 10 сентябрь 1928 Басқарма (редакция): Дүйсекен­ұлы­ның бұл мақаласын өзгертпей, өз пікірі­мен жібердік.».

Көріп отырғанымыздай, Оңдаған енд­ігі жерде Кеңес саясатын толық қол­дай­тынын, еңбекші таппен бірге болатынын әрі бұған дейін қателескенін ағынан жарылып ақтарса да, оған партия өкілдері сене қоймаған. Қайта тілдері жеткенше әжуалап, келеке қылғандай қарсы мақала жазыпты. Және ол мақаласында мұсылмандықты тас­таймын демесе де, олар «Мұсылмандығын тастаған...» деп тақырып қойыпты. Сондай-ақ Оңда­ған мақаласын 10 қыркүйек күні жазса, олар мақаланы 5 қазанда жария­л­а­ған. Демек тиісті ұйым басшыларымен кеңесіп, бірлесіп қарсы мақала да­йын­да­ған. Әдейі ұйымдастырып, екеуін бір нөмірге, бір бетке орайластырып беріп­ті. Енді сол мақаланың қысқаша маз­мұнына көз жүгіртейік:

 

 «Мұсылмандығын тастаған Оңдағанға жауап»

 Сәкөл болысы №2 ауылдың молдасы Дүйсекенұлы Оңдаған «Жұмыскер тілі» басқармасына мына көз алдарыңыздағы ма­қаласын жіберіп, «молдалығымды тас­та­дым» деп ақбезер де көкбезер болып отыр. Әрине, мұның қай тастау екені бізге белгісіз. Бірақ та көз алдымыздағы кө­рініп тұрған пікіріне теріс-оң да болса өзімізше жауап беріп кетуімізге тура келеді.

Бірінші: Дүйсекенұлы нендей жек­сұ­рын жамандықтың бәрін жиып-теріп, кешегі мағрипатсыз дәуірдегі оңбаған заманның мойнына атып ұрып сымпитып, өзі мында келмек болды. Күні кеше қойнында «Құран», аузында «иман» ұстанған Оңдағанды күні бүгін оңдап кеткен қандай үлкен «нәрсе» деуге болады? Әрине, бұған оңайлықпен жауап беру қиын. Әйтпесе Дүйсекенұлы Кеңес өкіметінің қызыл мұғалімдерінің қа­­тарында 1924 жылға шейін жүріп келіп, көпшіліктің ағымына ере алмай, ақы­рында мұғалімдікті атып ұрып, мол­далыққа шығады. Ақ сәлдені басқа орап, құранды қолға алып, мешітке барып: «ләм йәлид, уә лам йуләд» – «құдайдың атасы да, анасы да, баласы да жоқ» деп қорғаушы болады, азан шақырып имам болады. Міне, бұл жол Дүйсекенұлы Оңдағанның Құдай мен Құранды бір қолына, Кеңес өкіметін бір қолына ұстап, армансыз таразыға салып, салмақтастырып барып таңдап алған сүйікті жолы еді. Ақырында сөйтіп қан төкпесе де жан салып алған жолын күні бүгін тастадым деп, «тәубеге қайтып, тау­фик келтіріп», лажы болса Кеңес өкі­ме­тіне қайта келмек болып отыр. Әрине, молдеке, қош келдіңіз! Кеңес өкіметі өзім деген кісіге қай уақытта да «кет әрі» де­мейтін. Оның бер жағында кәмөнес пар­­тиясын қара бұқараға құбыжық қы­лып көрсетіп, құлқыны үшін зыр жү­гір­ген дүмше молдаларды қанатын жайып, қар­сы ала алмайды...».

Осылай да осылай дей келе, одан арғы ойларын осы мазмұндас сөз тіркестерімен сан құбылта мысқылдапты. Сонымен бірге молда біткендердің бәрін қара шаруа – еңбекші қазақтың қас жауы, алдап-арбап, құрдымға кетірер құбыжықтай сипаттайды. Солардың сапына Оңдағанды да қатар қойып, сын садағының ұшына тіл жеткенше түйреген. Дәл осы мақаладан соң оны қаралаушылар қаптап, отырса – опақ, тұрса сопақ қылушылардың қарасы көбейе түсіп, ақыры 1931 жылы қаматып тынады. Сондағы айыптаулары: «...контрреволюциялық панисламистік бай-молда, бүлікшіл ұйымдармен бай­ланысы бар, «Жапон үкіметінің тың­шысы» деген үкіммен 3 жылға бас бос­тандығынан айырып, Қиыр Шығыс­тың лагерьлеріне айдатады. Осы жалған жазасын толық өтеп, 1933 жылы елге оралады. Келген соң да қарап жатпай, ауыл тіршілігіне белсене араласып, ауыл­дас­тарымен бірге білім-білігін ел ісіне жұмсай бастайды. Құжаттардан О.Дүй­­секенұлының 1934 жылдары Алға ауыл­дық кеңесінің хатшысы қызметін атқарғанын да көреміз. Мысалы:

«Отырыс хат. 1934 жыл Жәді айының (желтоқсан) 2-сі күні Гурьев ауданы Алға ауыл кеңесі президиумының, колхоз партия ұясы, ауыл белсенділерімен бірік­кен қосын отырысы (отырысқа 8 адам қатысқан). Ауылдық кеңес төр­ағасы – Тұрмағамбетұлы Қ., хатшысы – Дүйсекенұлы О.

Т ы ң д а л д ы: «Үстіміздегі Жәдік айы­­­­­на Үкі­мет тарапынан берілетін жәр­дем ас­тық­­қа жататын кісілерді қарау тура­­лы».

Қ а у л ы: Үкімет тарапынан беріле­тін жәрдем астыққа жататын ауыл көле­мін­­дегі аш-арықтарды талқылап қарап, ауыл­дық қосын отырысы төмендегіші қаулыға келеді: «Біздер ауыл көлеміндегі хал-тұрмыстары өте нашар, күнкөруі жоқ, жәрдем астық беруге ақиқат жатады деп осыған жалғанған тізімдегі 115 үйді Ауаткомның қарауына ұсына­мыз...». Соңына ауылдық кеңес төра­ға­сы мен хатшысы қолдарын қойып, шұғыл ауаткомға жөнелтеді (АОМА қ-8/501,тізім-1,іс-№7,бет-9).

Алайда арада 40 күн өткенде келген астық жоқ, не аудан басшылығынан жауап жоқ. Алақандай ауылда 115 үй, оның ішінде қаншама жан басы бар, аштық құрсауында. Қаңтардың қақаған қысында алды қайыр сұрай бастағанын көріп, әбден тығырыққа тірелген жағдайда, ауылдық кеңес хатшысы Оңдаған Дүйсекенұлы жедел ауыл белсенділерін жинап, қайта қосын өткізеді де қаулы бойынша тура Астық комитетіне хат жазып, соңына өз қолы мен мөрін басады. Жанына екі-үш көлік пен сенімді атқосшылар алып, Гурьевке тартады. Хат мазмұны мынадай екен:

«1935 жыл. 12/01. Аудандық атқару комитеті жанындағы Астық комитетіне.

Үкімет тарапынан ауылдағы өте мұқ­таж аш-арықтарға берілетін жәрдем ас­тық­тың кезінде берілмей, кешеуілдеп қалуы салдарынан адамдар қайыр сұрай бас­тады. Сондықтан Сізден Құлтай ауылы Алға ауылдық кеңесі сұрайды: ауыл адам­да­ры­ның ашығып қайыр сұрай бастағанын ескеріп, тез арада жәрдем тамақ беруіңізді.

№17 «Алға» ауылдық кеңесінің хатшысы: /Дүйсекенұлы.О/ (АОМА қор-8/501 тізім-1, іс-18, бума-1, бет-20).

Сол астықты О. Дүйсекенұлы жанын­да­ғы атқосшыларымен бірге ақ боранмен алыса жүріп, екі күн дегенде ауылға жеткізіп, нәрі таусылғандарға таратыпты. Осылайша, әупірімдеп қыстан шыққан жұрт: «Оңдағанның астығы болмағанда...», деп, ұмытпай айтып жүреді екен. Оның ауыл­дастарына ұнаған бұл әрекеті «шолақ белсенділерге» ұнай қоймайды. Іштері күйіп, қапысын тауып тағы сүріндірмекке кіріскен. Баяғы «жауап хат» мақаласының мазмұнын жұрт арасында қайта қозғай бастайды. Ақыры күңкіл-сүңкіл көбейген соң, ағайыннан арасын алшақ салмаққа Жайық бойындағы «Плодпитомник» бау-бақша шаруашылығына 1935 жылдан есепші қызметіне ауысып, отбасысын жанына алады. Жары Табыш екеуін шексіз қуанышқа бөлеп, 1937 жылдың қаңтарында дүниеге ұл келеді. Азан шақырып, өзі пір тұтатын дауылпаз ақын, баһадүр батыр Махамбет есімін осы ұлына таңады. Білімді азамат жаңа жұмыс орнында да жақсы нәтиже көрсетіп, сый-құрметке бөленген. Бірақ сол баяғы жаптым жала, жақтым күйе қайтып айналып алдынан шыға берген. Бұл жолғы нұсқау жоғарыдан түседі. Ол – КСРО Ішкі істер халық комиссары Ежовтың 1937 жылы 30 шілдедегі №00447 бұйрығы бойынша бұрынғы кулактарды, антикеңестік элементтерді жазалау операциясы. Міне, осы бұйрыққа сүйенген «белсенділер» шұғыл ыждағатпен Оңдағанды 1938 жыл­дың 7 шілде күні тұтқынға алады. Тағы­лар айып, кесілер үкім де «Жапон шпио­ны» деген баппен жоғарыдан жария­сыз тағайындалып-ақ қойғандай. Гурьев облысы бойынша НКВД-ның «айрықша үштігі» 1938 жылғы 23 қазанда үкім шығарып, 25-і күні ату жазасы орындалыпты...

Оңдағанның өмірі осылайша үзілгенін «шолақ белсенділер» естісе де естімеген, білсе де білмеген болып жүре берді. Бірақ оның отбасысы мен жанашыр жақындары білмеді. Олар «кебенек киген келер» деп, жылдар бойы күтті, іздеді. Артында қалған екі ұл, бір қызының анасы Табыш шешеміз 61 жасында, 1961 жылдың 18 нау­рызы күні КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Ғылым академиясының президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевқа өтініш жолдаған. Онда бастарынан өткен барлық жағдайды баяндай келе: «Бұл өтініш хатымды сізге қандай тілекпен жазып отырғанымды түсініп отырған боларсыз деп ойлаймын. Көп ойлана-толғана жүріп, тапқан жолым әзірге осы мазмұнда Сізге хат жолдап, 23 жылға жуық уақыт хабарсыз кеткен ерім Дүйсекенов Оңдағанның жалғанның жарығында бар-жоғын білу. Егер бар болса, ендігі көрер бейнетіне арашашы болып, тұтқыннан босату мүмкіндігін тек сіздің, Қаныш жолдас, азаматтық қақыңыз бен халық қызметкері міндетіңізден үлкен үміт етіп күтемін...», деп жазыпты Табыш Дүйсекен келіні... Неткен қатыгездік? Ақыры, Қаныш Имантайұлының септігімен болар, кеш те болса да қайғылы хабар жетті. Ал оның жазықсыз құрбан болғаны көп жылдарға дейін мойындалмай, тек КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1989 жылғы 16 қаңтар күнгі Жарлығы негізінде Түркістан әскери округі прокуратурасы 1989 жылғы 10 тамыз күнгі шешімімен Оңдаған Дүйсекенұлын кінәсіз деп ресми ақтады.

 

Сәтқали ӘУЕЛБАЙҰЛЫ

 

Атырау облысы