Елордадағы Ұлттық теннис орталығының корттарында 19-26 қыркүйек аралығында теннистен Astana Open ATP 250 халықаралық турнирі өтеді. Осылайша, Қазақстан астанасы екінші жыл қатарынан кәсіпқой теннисшілер қауымдастығының (ATP) әлемдегі ең беделді турнирлерінің бірін өткізуге мүмкіндік алды.
Astana Open ATP 250 жарысы биылғы кәсіпқой теннисшілер қауымдастығының (ATP) жаңартылған ресми күнтізбесіне енгізілген. Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польскийдің айтуынша, ATP-дың директорлар кеңесі мен былтыр елордада өткен жарысқа қатысқан ойыншылар Astana Open додасының деңгейін жоғары бағалаған.
– Пандемияның қайтадан кең таралуына байланысты биыл күзде Қытайда көптеген халықаралық жарыс өтпейтін болды. Сөйтіп, ATP басшылығы бізге сол турнирлердің бірін ұйымдастыруға өтініш білдірген болатын. Біз өз тарапымыздан олардың ұсынысын қабыл алып, жарысты өткізуге келісім бердік. Бұл – біз үшін жақсы мүмкіндік, мұндай жарыстар ең алдымен талантты жастарға жол ашады, – деді Ю.Польский.
Сонымен қатар Astana Open жарысынан бір апта бұрын Нұр-Сұлтан қаласында ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. Мұнда жеңімпаз атанған ойыншы Astana Open-нің негізгі турниріне, жүлдегерлері іріктеу сайыстарына жолдама алады. Астана ашық біріншілігіне еліміздің тәжірибелі теннисшілері – Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев пен Александр Недовесов, сондай-ақ Дмитрий Попко, Тимофей Скатов, Денис Евсеев және Бейбіт Жұқаев секілді жас спортшыларымыз да ел чемпионаты арқылы өз бағын сынап көреді.
Жарысты ұйымдастырушылар биылғы бәсекеге балаларды шектеулі көлемде кіргізуді жоспарлап отыр. Олар барлық санитарлық талаптарға сәйкес әуелі ПТР тест тапсырады. Сөйтіп, ол балалар сүйікті теннисшілерінің ойындарын өз көзімен көре алады. Ересек жанкүйерлер кортқа жіберілмейді. Қазақстан теннис федерациясы барлық матчтарды ҚТФ сайты мен Қазақстан телеарналарының бірінде тікелей эфирде көрсетуді жоспарлап отыр.
Былтыр қараша айында өткен бірінші ATP 250 Astana Open жарысында аустралиялық Джон Миллман топ жарған болатын. Бұл – оның мансабындағы ATP турындағы тұңғыш жүлдесі. Д.Миллман финалда франциялық спортшы Адриан Маннаринодан 7:5, 6:1 есебімен басым түскен еді. Осы жеңістің арқасында Миллман 2020 жылы АТР турнирінің жүлделерін ұтып алған элиталық чемпиондар тізіміне енді. Бұл тізімде сондай-ақ Иржи Веселый (Пуна), Рейли Опелка (Делрей Бич), Новак Джокович (Дубай) және Уго Умбер (Антверпен) бар.
Айта кетейік, АТР 250 әлемдік турына жылына 40 кәсіби ерлер жарысы кіреді. Нұр-Сұлтандағы турнир жеңімпазы АТР рейтингінде 250 ұпай еншілеуге мүмкіндік алады.