• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Сұхбат 24 Тамыз, 2021

Қырыққа бөлінген халықты тарихы табыстырады

1353 рет
көрсетілді

Бүгінде Қазақстан азаматы, этностық ауған Басир Ахмад Доранидың тағдыр-талайы ешкімге ұқсамайды. Тарихи отанында жүргенінде, 31 жасында генерал шенін алған ол – пуштун тайпасының өкілі. Әкесі ұзақ жылдар бойы Ауғанстанның 13 қаласы, оның ішінде Кабул, Қандағар қалаларының әкімі болыпты. Басир Ахмад бізбен әңгімесінде бір түнде шекара асып кеткен себебін түсіндіріп берді. 

– Жақында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ауған жеріндегі этностық қазақтарды елге алып келуге дайын екенін айтты. Ауғанстанның паспортында азаматтың қай ұлт өкілі екені көрсетіле ме?

– Ауған жеріндегі қазақтар­дың алғашқы тобы 1930 жылдары, кейінгі топ қызмет бабымен барып, қалып қойғандар. Ал пас­портта ұлтын көрсету мәселесін азаматтың өзі шешеді. Тілдік орта болмағандықтан, этностық қазақ­тар жергілікті ұлтпен сіңісіп, ана тілін ұмытып барады. Аға буын болмаса, ана тілін білетін қазақ жастары өте аз. Тіпті аты-жөн­дерінің өзі парсы тектеніп барады.

Ауғанстанда қанша қазақ тұ­ратыны жайлы мәліметтер әр­түрлі. 1990 жылдары Түркістан облысына 10 мың қазақ көшіп келді. Қал­ған қазақтардың басым көп­шілігі Мазари Шариф, Құндыз қала­ларында тұрады. Жастар жағы жол сөмкесін арқалап, ел асып кетуге дайын болса, аға буын мал-жанымен бірге көшкісі келеді. Ал мен әскери адам ре­тін­де адамның тағдыры бір оқ­қа байланып тұрғанын жақсы түсі­немін. Көшті кешеуілдетуге бол­майды деп айтуға оңай. Мал-жан, ата-баба бейітін тастап кету қиын. Бауыр басып қалған елді бір күнде тастап кетудің қиын екенін өз басымнан білемін. Аға толқында жағдай ертең түзелер деген үміт бар. Қазақстан Үкіметі қандас­та­рын елге алдырудың барлық мүм­кіндіктерін қарас­тырып жатыр.

– Қазір Ауғанстанда ертең не боларын ешкім айқын болжап айта алмай отырған сияқты...

– Соғыстың әр түрлі сипатта болатынын бүгінгі Ауған­стан­дағы жағдайға қарап білуге болады. Өткен аптада  талибтердің балалар аттракциондарында ойнап жүрген суреттері ғаламторды кезіп кетті. Ауған жерінде көзін есін жия салысымен қолына қару ұстаған ұрпақ қалыптасты.

Мен пуштун тайпасының момад­зай тармағынан шық­тым. Есте жоқ ерте заманнан бері ауған жеріндегі саяси элита осы тай­падан шықты. Бабамыз Шах Ах­матхан баба Дорани 250-280 жыл бұрын қазіргідей қырық руға бөлініп кеткен тайпаның басын қосып, тәуелсіз Ауғанстан мемлекетінің негізін қалаған.

Мен мемлекеттік қызмет емес, әскери саланы таңдадым. Бір кездері қолыма қару алып, әс­кери операцияларға қатыстым. Ол кездегі арман-мақсатымыз мем­лекеттілікті қалыпқа келтіруге бағытталды.

Бірақ идеологиясының қақ­пағы ашық елді билеп-төстеу­ге д­айын елдер жан-жақтан табы­ла кетеді екен. Ауған халқы – бір­тұтас халық. Мен бір-бірін тайпа-тайпаға бөліп-бөлшек­темей­тін ортада азамат болып қалып­тастым. Әлемдік қоғамдастықтың да осын­дай ұстанымға басымдық бер­генін қалаймын.

Ауған халқының қандай ха­лық екенін тек біз ғана білеміз. Бір-бірімізді тайпа-тайпаға бөл­­шектемей, бойындағы кем­ші­лігімен һәм жетістігімен қабылдап, бауырымызға баса аламыз. Мүдделер қақтығысы, содан кейінгі бір-бірін жау көрген сенімсіздік синдромы түбі бір халықты бір-бірінен алыстатып жіберді. Сондықтан бұл мәселені өзге емес, ауғандықтардың өз­дерінің шешкенін қалаймын. Қазір ауған халқына қару емес, гуманитарлық көмек керек. Тоғыз жолдың торабында ор­на­­­лас­қан елде, заманның беті оң­ға­­­рылс­а, өркениетті елдердің көшіне қо­сылуға мүмкіндіктің бәрі бар.

Ауғанстан – бай тарихымен кез келген азаматының көкі­ре­гінде мақтаныш сезімін ұялата алатын біртұтас мемлекет, біртұ­тас халық. Қырыққа бөлініп кеткен халықты түптің түбінде тарихы табыстырады .

– Ауғанстанның мемлекет­тік біртұтастығына қай жылдардан бастап сызат түсе бас­тады?

 – Меніңше, мемлекеттіліктің біртұтастығына қауіп төндірген сызат 1980 жылдардың соңында президент Наджибулла биліктен кеткеннен кейін басталды.

1992 жылдардың басында ел басшылығы өздерін оппозиция деп санап жүрген 13 партия өкіл­дерімен келісімге келмек болды. Президент Наджибулла Үкімет қарауындағы әскери топқа қаруын тастауға бұйрық берді, қарсы тарап та сондай шешім қабылдайтынына сенді. Оның бас амандығына кепілдік бергендер болды. Бірақ мұның соңы немен аяқталғанын білесіз. Шетелдегі оппозиционерлер­дің Ауғанстанға оралуы да осы жылдарға тұс­па-тұс келді. Кейін ақпарат құ­рал­да­рын­да олардың басым көп­ші­лі­гі, тіпті Ауғанстанды бас­қар­ған тұл­ғалардың алыс-жа­қын шет мем­лекеттердің барлау мектебінен өткен азаматтар екені айтылды.

1990 жылдары жақын досым Ахмад Шах Масуд Қорғаныс министрі болды. Сол жылдары, 31 жасымда генерал шенін алдым. Мен басқарған дивизия халық арасында беделді еді. Жақсы қару­ланған, жоғары білімді әс­кери мамандармен қамтамасыз етіл­ген дивизияны оппозиция да, биліктегілер де өз қатарына тарт­пақ болды: 1992 жылы түн ішін­де маған бел­гісіз бір топ қару кезеніп тұ­рып, дивизиям­мен бірге өздері­нің жағына өтуімді талап етті. «Ауғанстанда халық таныған бір президент, бір қорғаныс министрі бар, солармен біргемін, оларға қарсы шығу – мемлекетке қарсы шығу», деген сөздерім қаперге алынбады.

Менде өлім немесе екінші жаққа өтіп, халқыма қару кезенгеннен өзге жол жоқ еді.

– Осы әңгімеден соң ауған жерінде қалудың мәні жоқ деген шешімге келдіңіз бе?

– Бастапқыда елден мүлдем кете­­мін деп түпкілікті шешім қа­­был­­даған жоқпын. Уақыт­ша, жағ­­дай тынышталғанша деп ой­ла­­­дым. Артта қалған аға­йын да ме­нің сапарымды солай қабылдады.

Қорғаныс министрі Ахмад Шахқа қоңырау шалып, жағдайды түсіндірдім. Таңертең ішінде 20 адам бар көлік он екі солдаттың қорғауымен Мазари Шарифке жүріп кеттік. Ташкентте екі күн аялдап, одан әрі Украинаға кеттік.

Менде Еуропаның кез келген елінде тұрақтап қалуға мүмкіндік бар еді. Бірақ қайда барсам да «ауғандық» деген атау қыр-со­ңы­мнан қалмады. Бұл жерде «ауғандық» деп туған елім, туған халқымнан жерініп отыр деп ойлап қалмаңыз. Туған елімдегі атылған оқтың жаңғырығы менімен бірге ілесіп жүргендіктен, ел-жұртқа сіңіп кетудің мүмкіндігі аз болды. Содан қазақстандық достарыма қоңырау шалдым. Ауған жерінде бір нанды бөліп жеген қарулас достардан шақырту алған соң келген тобымызбен Қазақстанға, Шымкентке қарай ат басын бұрдық. 2004 жылы аза­маттық алдым, ел-жердің ты­ныс-тіршілігіне үйрендік.

Қазақстанда балаларым дү­ниеге келді, қыз беріп, келін алып, өрісімді кеңейттім.

– Ауғанстаннан тыныштық кетті ғой...

– Ұшақтың шассиіне аяқ ілік­тіре алмай құлап жатқан азамат­тар­ды, жаны қалса болды деп қор­­ғанның арғы жағына сәбиін лақ­­тырып жатқан ата-аналарды, ба­­лалар аттракционында, батут­­те секіріп ойнап жүрген  талиб­­тер­ді көргенде жүрегім қы­рық жапы­раққа бөлінгендей күй кештім.  талиб­терге қатысты айтарым, олар­дың балалық шағын соғыс ұрлады, қанды кек қолына қару алдырды.

Мен – Қазақстан азаматымын. Мем­лекетім рұқсат берсе, ауған жеріне соғысуға емес, бітімгер­шілік мақсатпен баруға, қажет болса, қолыма кетпен алып, егін егуге, үй салуға баруға дайынмын. Қандас бауырларыма қару кезеніп, күнәға батқым келмейді.

Ауғанстанның проб­лемасы – өзге елдердің ішкі ісіне араласуы. Қазір бұл елдің ішкі ісіне араласқысы келетін елдер­дің қатары өскен сайын тыныш­тықтың алыстап кететінін сезіп отыр­мын. Менің ойымша, соғыс – алпауыт елдер үшін тек қана құны қымбат жоба. Ал қара­­пайым халыққа кетісетін емес, бітім­ге келуді үндейтін, бір-бі­ріне жауы­ғып кеткен бауырларды табыстыратын шешім керек. Мұның кілті басқаның емес, ауған­дық­тардың өз қолында екенін түсінетін кез келді.

– Ауған жерінде қалған дос­тары­ңызбен, ағайын-туған­дары­­ңыз­бен хабарласып тұра­сыз ба?

– Бірге туған бауырларым қазір менімен бірге. Алыстан туы­сатын ағайын әліптің артын ба­ғып елде отыр. Жас келгенде алдың тұман, артың жарық болады екен. Мұндай көңіл күймен мал-жанды, кіндік кескен жерді, ата-баба бейітін тастап кету оңай емес. Жастар жағы – Түркия, Иранда. Басым көпшілігі сонда жоғары оқу орнын тәмамдап, қалып қойды. Елде қалған дос­тармен, ағайынмен хабарласып тұрамын. Жағдай мәз емес...

 

Әңгімелескен

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

«Еgemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ