Қалалардағы қоқыс тасушылардың жұмысы жеңіл емес. Соған сай еңбекақылары да жоғары болса бір сәрі ғой... Бірақ шынтуайтына келгенде, олардың қолға алатын айлықтары тіпті де мардымсыз. Содан да болар, қоқыспен күресушілер жұмысының сапасына айтылатын сын аз емес. Болмашы жалақыға кім жанын салып істесін?..
Міне, осы мәселені жан-жақты саралаған Қарағанды қаласының атқарушы билігі батыл қадам, тың шешімдерге бара бастады. Соның нәтижесінде, қоқыс тасушы көліктер жүргізушілерінің, жөндеу қызметі қызметкерлерінің және «ГорКомТранс» Қарағанды компаниясына қарасты жүк тиеушілердің еңбекақыларын 30%-дан 50%-ға дейін өсіру мүмкіндігіне қол жеткізілді.
Негізінде, кеншілер астанасында қатты тұрмыстық қалдықтар жинаумен және шығарумен «ГорКомТранс», «ЭкоӘлемҚазақстан» және «Ресайклинг ТК» сынды үш мекеме айналысады. Биылғы сәуір айында осы қызмет көрсетуші компаниялар мен Қарағанды қалалық әкімдігі арасында меморандумға қол қойылған болатын. Ондағы уағдаластық бойынша, қоқыс шығарушы компаниялар биылғы 1 мамырдан бастап тарифті көтергенімен, қызметкерлердің жалақысын арттыруға және техниканы жаңалауға уәде берген еді.
«ГорКомТранс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Марат Бимағанбетов бүгінде қызметкерлердің жалақысын нақты көтергендерін айтады. Сонымен қатар ол кадр тапшылығын да сезініп отырғандықтарын жасырмады.
– Бұрын қоқыс таситын көліктің жүргізушісі 180 мың теңге алып келсе, оның қазіргі еңбекақысы 250 мың теңгені құрайды. Сонымен бірге басқа қызметкерлердің де жалақысы өсті. Бірақ осыған қарамастан, бізде әлі де болса бос жұмыс орындарының бар екенін айтқым келеді. Жүргізушілер, жүкшілер, автодәнекерлеушілер жетіспей жатыр, – дейді ол.
Жалпы, қалада құрамында жүргізуші мен жүк тиеушісі бар экипаж жиналған қоқысты бекітілген учаскелерден күніне бір рет шығаруға міндетті. Кейде техника сынып немесе жұмысшылар сырқаттанып қалған жағдайда, жұмыс кестесінің бұзылуы мүмкін. Оның үстіне қазіргі эпидемиялық жағдай да толық қуатта жұмыс істеуге мүмкіндік бермей тұр. Дегенмен қазір жұмыс белгілі бір тұрақты жүйеге түскен деп айтуға негіз бар. «Қалай болғанда да, біз кестеге сәйкес жұмыс істеуге тырысамыз. Көптеген жүргізушілер екі ауысымға шығады», дейді М.Бимағанбетов.
Қарағанды қаласы бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Қазыбек би атындағы ауданда 3 мыңнан астам контейнер және Октябрь ауданында 2 мыңнан астам қоқыс жәшігі орналастырылған. Жеке секторда қатты тұрмыстық қалдықтар мен күл-шлакты шығару үшін 200-ден астам контейнер қалпына келтірілген. Алдағы уақытта тағы 2 300 қоқыс бактарын қалпына келтіру және орнату жоспарда бар екенін айтады «ГорКомТранс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары.
Қызмет беруші компания қоқыс көлемін азайту үшін 25 аппаратты-пресс-компакторлар орнатқан. Осындай бір машинаның өзі қарапайым контейнердің 100-ін алмастырады екен. Бұдан бөлек, қайталама шикізатты бөлек жинау үшін 775 контейнер қойылған. Сондай-ақ аталған компания келесі жылы лизинг бойынша 10 жаңа қоқыс тасығыш техника сатып алмақ. Жалпы, қазіргі уақытта Қарағандыдағы екі ауданда қоқыс шығаратын 55 арнайы машина жұмыс істейді. Қарағанды қаласы бойынша биыл тағы 15 қоқыс жинау пунктін ашу жоспарланған. Ал қазір Оңтүстік-Шығыс шағын ауданы мен орталықта 6 қоқыс жинау пункті жұмыс істеп тұр. Облыс орталығында қуаты жылына 200 мың тонна қоқыс өңдеуге жететін және он фракция бойынша бөлу жүргізетін зауыт жұмыс істеп тұр. Бүгінде ондағы қайта өңдеу үлесі 28%-ды құрайды. Компания рұқсат етілмеген полигондарды жою жұмыстарына да атсалысады. Мысалы, олар жыл сайын 15 заңсыз қоқыс үйінділерін жоқ қылады екен.
Жалпы, облыс орталығы бойынша 34 гектар жерге қоқыс бейберекет шашылған деген дерек бар. Қаланың өз басында және маңайында 250-ге тарта рұқсат етілмеген қоқыс ошақтарының бар екені анықталған. Биылдың өзінде бұл кемшілікпен күреске 30 млн теңге қаражат бөлініпті.
Қарағанды облыстық Экология департаментінің ресми өкілі былтыр өңірдегі 1 275 қоқыс үйіндісінің жойылғанын айтады. Ал биылдың өзінде ғарыштан жасалған мониторинг барысында рұқсат етілмеген 640 қоқыс үйіндісі анықталған.
Қоқысты бейберекет төгетіндермен күрес те тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Мәселен, жыл басынан бері 60-тан астам жеке және заңды тұлғаларға рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс төккені үшін жалпы сомасы 4 млн теңге болатын айыппұл салынған.
Рұқсат етілмеген қоқыс полигондарын жою жұмыстары Жезқазған қаласында да екпінді түрде қолға алынған. Мысалы, мұндағы белсенді азаматтар экологиялық акция ұйымдастырып, мысшылар қаласындағы Қабанбай батыр шағын ауданындағы қоқыс үйінділерін тазалады. Жасыратыны жоқ, бұл жердегі көлемді қалдықтар жылдар бойы жинақталып, тау-тау болып үйіліп қалған еді. Қалалық әкімдікпен бірлесіп ұйымдастырылған тазалау акциясы барысындағы жұмыстарға 2 жүк көлігі және 2 тиегіш жұмылдырылып, соның нәтижесінде қаладан сыртқа 150 тоннадан астам қоқыс шығарылған.
Ал Қарағандыдағы «ГорКомТранс» компаниясы бүгінде қоқыс шығару қызметіне ақы төлемейтін тұрғындар арасында белсенді түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастаған. Олардың арасында жосықсыз төлеушілерді анықтау мақсатында жұмыс істейтін бақылаушылар бар.
«Дегенмен қызмет көрсетуші компания қаланың таза болуына, жұмыс сапасының артуына ең бірінші кезекте мән береді», дейді М.Бимағанбетов.
Айта кететін бір жайт, өңірде рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс төгетіндермен күресті үдете түсу және оның түрлі амалдарын қолдану жұмыстары қолға алынған. Соның бірі – 109 нөмірі бойынша ашылған жедел желі. Тұрған жерінің, айналасының тазалығына жауапкершілікпен қарайтын әрбір саналы азамат өзі куә болған тәртіпсіздікті осы желі арқылы хабарлай алады. Уақыт көрсеткендей, бұл шара өзінің жемісін бере бастаған.
Қарағанды облысы