• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Туризм 27 Тамыз, 2021

Балқаш. Қарқаралы. Ұлытау

945 рет
көрсетілді

«Әр нәрсенің бір қайыры бар», деген сөздің шындығы басым екен: әлемді әбігерге салып қойған пандемияның өзі еліміздегі ішкі туризмнің ілгері жылжуына кәдімгідей әсерін тигізді. Қалай деріңіз болса, айтайық: шетелге шыға алмаған біздің саяхатшылар Қазақстанды шарлап, күнделікті тірліктің күйбеңінен тынығатын жерді айнала іздей бастады.

Сайып келгенде, мұның өзі біздің елдегі туризм индустриясынан нәпақа тауып жүрген жандар үшін үлкен олжа болды. Саяхатшылармен бірге осы саладағы кәсіптің тамырына қан жүгірткен қаражат түріндегі табыстың келе бастағаны да рас еді.

Мұндай жағдай Қарағанды облысында да қалыптасты. Өңірдегі ең ірі туристік кластер Балқаш көлінің жағасы екені даусыз. Соңғы жылдары туризм ту тіккен бұл аймаққа жергілікті атқарушы билік айрықша назар аудара бастады. Мысалы Балқаш туристік аймағын дамыту мақсатында бюджеттен және жеке инвестиция аясында 30 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінген. Былтырдың өзінде Балқаш қаласының маңындағы Шұбартүбек және Тораңғылық елді мекендеріндегі жолдар жөндеуден өтті. Ал қаланың өз басында көл жағасы көрікті кейіпке еніп, абаттандырыла бастады. Мұндағы демалыс орындары ала жаздай адамнан босамады.

Арқадағы ғажап мекен Қарқаралы-­ ­ның да саяхатшы қауымды қызықтырар мүмкіндігі мол. Кейінгі жылдары бұл ауданда туризм индустриясын дамытуға қомақты қаржы салынып, салада тың өзгерістер орын ала бастады. Бүгінде табиғаты таңдай қақтырған бұл өңірде 25 демалыс орны болса, келесі жылы кәсіпкерлердің күшімен тағы да бес нысан бой көтермек.

Кейінгі жылдары Қарқаралы турис­тік аймағында қысқы демалыс қар­қынды түрде дамып келеді. Мысалы, саяхатшылардың сүйсіне келетін жері­нің бірі – «Шахтер» демалыс үйі. «Ар­селорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты бұл базаның жанында тау шаңғысы кешені бар. Қыстың қызығын осында келіп көргендер Самалкөлдің жағасына орын тепкен демалыс үйінің атақты Шымбұлақтан кем емесін сезінер еді. Мысалы, мұнда да 500 метр биіктіккке шығаратын аспалы арқанжол бар. Межелі биікке көтерілгеннен кейін шаңғымен немесе шанамен құлдилаймын десеңіз, ерік өзіңізде.

«Шахтер» демалыс үйіне келуші­лер мұндағы қонатын бөлмелердің жай­лылығын, тамағының дәмділігін, жалпы, сервистік қызметтің жоғары деңгейде екендігін айтады. Мұндағы баға да қол­жетімді: кісі басына тәулігіне 12 мың теңгеден алынады. Бұл соманың ішіне жатын орын және төрт мезгіл тамақ кіреді. Ал қалған қызмет түрлерінің, мысалы, саунаға түсу, бильярд ойнау, қыста шаңғы тебу, жазда қайықпен жүзудің ақысын тіпті де су тегін деуге болады.

Балқаш пен Қарқаралыдан кейінгі туризмі тартымды өңір – Ұлытау аймағы. Бұл жер тұнып тұрған тарих. Мысалы, бір ғана Жошы хан кесенесінің өзі неге тұрады? Оның жанындағы Алаша хан кесенесі де өзінің жұмбақ тарихымен адам баласының санасын баурап алады. Бұдан бөлек, Тоқтамыс хан, ер Едігенің мәңгілік тыныс тапқан жерлері де тарихқа құмар саяхатшыларға таптырмайтын мекен.

Жасыратыны жоқ, Ұлытаудағы ту­ристік инфра­құрылым ұзақ жылдардан бері дамуды қажет етіп келген еді. Ал енді, соңғы жылдары аталған өңір­ге деген көзқарас оңынан өзгеріп, бұл бағытта көп­теген игі жобалар жүзеге аса бастады. Атап айт­қанда, республикалық бюджет есебінен салынған визит-орта­­лықтың құрылысы аяқталып қалды. Бұл орта­лықтан саяхатшы қауым үшін «Ұлытау», «Жез­қазған-Ұлытау (Әулие­тау)», «Жошы», «Теректі әулие» кешені, «Жезқазған-Қорғасын» сияқты бес ту­рис­тік бағыт бойынша экскурсия ұйым­дасты­рылады.

Айрықша атап өтетін жайт, биыл Жошы хан кесенесінің маңында «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысы аяқталады. Бұл жерде туристер үшін демалатын 20 орындық 10 жайлы бөлме болады.

Туристік нысандарға бастайтын жол мәселесі де бірте-бірте шешімін тауып жатыр. Мысалы, бүгінде аталған ке­шен басына алып баратын күре жол құры­лысының жобалық-сметалық құжат­тамасы әзірленген. Яғни келесі жылы жалпы құны 6,7 млрд теңге болатын жол құрылысы басталады деп жоспарланған.

Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтан, Қараған­ды және Алматы қалаларынан Жезқаз­ған өңіріне Qazaq Air компаниясы әуе рей­сін жолға қоюы мүмкін деген жағым­ды жаңа­лық та бар.

Жалпы, Ұлытау өңірінде кейінгі жыл­дары этнотуризм екпінді түрде дамып келеді. Мұнда жыл сайын өтетін Kok­maisa fest фестиваліне шет мемлекеттер­ден тарихымызға, салт-дәстүрімізге қызы­ғушылық танытқан көптеген турист келіп жатады. Олардың арасында ЮНЕСКО, National Geographic, Discovering Kazakhstan ұйымдарының да өкілдері бар.

Жоғарыда аталған үш туристік клас­терден өзге саяхатшыны өзінің табиғи сиқырымен арбайтын сұлулықтар да бар Арқа төсінде. Соның бірі – Оса­ка­ров ауданындағы «Бұйратау» ұлттық пар­кі. Бұл өңірде жағасын жасыл желек көм­керген Әжібай және Бозайғыр өзендері бар.

Жалпы, Бұйратау паркі экологиялық туризмді дамытуға мақсатты бағыт алған. Нақтырақ айтқанда, бірнеше жыл бұрын Осакаров ауданында аумағы 400 гектар болатын далалық сафари паркі ашылған болатын. Яғни бұл территория темір тормен қоршалып, оның ішіне асыл тұқымды марал­дар жіберілген. Қазіргі уақытта осы марал­дардан өрген төл парк аумағына жер­сініп, жергілікті экотуризмнің ауыз тол­тырып айтар негізгі мақтанышына айналған.

Бұйратауға ат терлетіп келген турис­тер осы маралдарды, сонымен қатар арқар, бұ­лан, елік, қабан, түл­кі, қоян, қарсақ, сі­леу­сін және жанат тектес ит сияқ­ты жа­нуарлар түрін табиғи ортада сырттай бақы­­лап, тіпті селфи жасап суретке де түсе алады. Сондай-ақ олардың табиғат аясына шатыр тігіп, Әжібай мен Бозайғыр өзе­ніне қармақ салып, балық аулауына да бо­лады. Бір сөзбен айтқанда, Бұйратаудың ұқса­та білсе, экологиялық туризмнің саяхат­шылар сүйіп келетін мекеніне айналар түрі бар.

Негізінде, туризм кластерін дамы­тудың бюджетке пайда әкеліп, эконо­миканың өсуіне оң әсер ететіні өз алды­на, ол ең алдымен, ұлтымыздың салт-дәстүрін дәріптеуге, табиғатымызды тани түсуге және тарихымызды терең ұғынуға да өзінің игі ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Қарағанды облысы