Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Швейцария Конфедерациясы Федералды Жиналысының Ұлттық Кеңесінің (төменгі палатасының) төрағасы Андреас Эбиді қабылдады, деп жазады Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Швейцарияны Қазақстанның Еуропадағы маңызды серіктестерінің бірі екенін айта отырып, олардың өнеркәсіп, «жасыл» экономика, ауыл шаруашылығы және қаржы саласындағы жоғары инновациялық әлеуетін атап өтті.
Қазақстан Президенті біздің елдің шикізаттық емес секторына Швейцария капиталы мен технологияларын тарта отырып, жаңа ірі жобаларды іске асыруға бейілді екенін білдірілді. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл Қазақстан экономикасындағы швейцариялық бизнестің онсыз да берік позициясын одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Швейцария – 2005 жылдан бері еліміздің экономикасына 27 миллиард доллардан астам инвестиция салған ең ірі үш инвесторының бірі. Біздің елде Glencore Xstrata, ABB, Philipp Morris, Rieter, Schindler, Bühler, Leica, Nestlé, Roche, Novartis, Syngenta, Ammann Group және басқа да ірі швейцариялық компаниялар табысты жұмыс істейді.
Сонымен қатар Швейцариямен арадағы тауар айналымы былтыр 1,7 миллиард долларға жетіп, жалпы сауда секіртерінің арасында 11-ші орынға ілінген. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Швейцария арасындағы қарым-қатынастардың табысты дамуына екі елдің тығыз саяси байланыстары ықпал етеді деген пікірін білдірді. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Швейцария Президенті Гай Пармеландпен мазмұнды келіссөздер өткізгенін атап өтті.
Жемісті байланыстарды жалғастыру үшін Мемлекет басшысы келесі кездесуді биыл қараша айының соңында өткізуге дайын екенін білдірді.
Өз кезегінде Андреас Эби екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі даму деңгейін оң бағалап, оны парламентаралық байланыстар арқылы нығайтуға септесуге дайын екенін білдірді. Осыған байланысты «Қазақстан - Швейцария» парламентаралық ынтымақтастық тобының жұмысын жандандыру туралы келісімге қол жеткізілді.
Әңгімелесушілер Ауғанстандағы қазіргі жағдайға ерекше назар аударды. Тараптар бұл мәселе бойынша жан-жақты пікір алмасып, осы елдегі әскери-саяси және гуманитарлық жағдайдың шиеленісуіне алаңдаушылық білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев 26 тамызда Кабул халықаралық әуежайында лаңкестік жасағандарды айыптап, террористік қауіпке қарсы тұру, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру, әлемдегі және Орталық Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін ғаламдық қоғамдастықтың күш-жігерін жұмылдыру қажет деген пікір білдірді.