Қолына қалам ұстаған сөз зергерлерінің қай-қайсысы да балалар тақырыбын аттап өткен емес. Баланың ойы мен іс-әрекетін шендестіру арқылы жұрт сүйіп оқитын керемет шығармалар жазған жазушылардың көбін оқырман жақсы қабылдаған, кітабын жастанып оқыған. Кешегі Эрнест Хемингуэй «Шал мен теңізін», Жоржи Амаду «Құм жағалауы капитандарын», Ж.К.Роулиң «Хәрри Поттерін», өзіміздің Ыбырай Алтынсарин да басым көп шығармасын балаларға арнап жазды емес пе?! Бала бейнесін қағазда сөйлету де қаламгерлік қуаттың сыналар тұсы. Өйткені бала тақырыбы – жеңіл-желпілікті, өтірікті көтере алмайтын нәзік тақырып. Бүгін біз үш елдің үш қаламгерінің балаларды негіз еткен үш шығармасына тоқталамыз.
Бала
Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесі» де бала кейіпкердің ертегісінен басталады. Сайын Мұратбековтің «Жусан иісінде» баланың әжесі сөз болса, ал «Ақ кемеде» бала кейіпкердің атасы айтылады. Повестің «Ол екі ертегі білетін. Біреуі – өзінен басқа тірі жанға белгісіз – сәби қиялынан туған. Екіншісін атасы айтып берген. Кейін екеуі де ғайып болды» деп басталуы да содан.
«Ақ кемедегі» бала кейіпкердің жалғыздығы бізді бейжай қалдырмайды. Оның жалғыздығы сол тұстағы қоғамның, адамның, ұлттың жалғыздығы еді. Жазушының «Өзімен бірге ойнайтын достары жоқ бала осындай табиғаттың ортасында өзімен-өзі болып жүре беретін» деуі оқырманына бала кейіпкердің оңаша қалғанын, оның ендігі өмірі туралы толғаныстың сол оңашалыққа байланысты боларын бірден ескертеді. Сіз «Ақ кемедегі» баланың достары қайда деуіңіз мүмкін? Шынында, оның достары қайда? Сайын Мұратбековтің «Жусан иісіндегі» Аянның қасында топтасып, саусылдап жүретін ауыл балалары мұнда атымен жоқ. Салыстырып қарасаңыз, екі шығарманың әлемі екі басқа, екі қаламгердің жазуы да бір-бірінен бөлекше, бірақ тамыры ортақ, үні егіз сияқты сезіледі. Екеуі де баланың табиғатын, мінез-құлқын, өмірге көзқарасын, жалғыздығын, үмітін сипаттайды, сол арқылы қоғамға бірдеңе айтқысы келеді, егер тыңдар құлақ болса.
Сіз мына бір сөйлемге назар салыңызшы, жазушы бүй дейді: «Дүниежүзіндегі әйел атаулының ішіндегі ең бақытсызы осы Бекей апай, өйткені ол өмірі пұшпағы қанамаған, баласы жоқ. Ішіп алған сайын Оразқұл осы бір қасіретін бетіне басып, таяқтан айырмайды». Иә, тағы да бала туралы терең пайым мен парасаттың ұшқыны. Осы бір сөйлем адамға баланың не үшін керек екенін, бақыттың өлшемі не екенін дәлелдеп тұр. Ол әрине, бала, бала, тағы да бала. «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбетте» де Айтматов адамзат баласы соңына ұрпақ қалдыру үшін күйкі тірлік кешетінін, соны ғана өмір деп атайтынын жазып еді. Бұл шығармасында да сол ізгі ойының сәулесін шашып отыр.
«Ақ кемедегі» баланың әкесі де, шешесі де жоқ. Жар дегенде жалғыз жанашыры атасы – Момын. «Мектепке барғанда, қажетіңе жарар» деп портфель алып бергендегі баланың көңіл күйін, шексіз қуанышын сезіну үшін де қайтадан балалық шаққа оралу керек шығар. Жалғыздыққа еті үйренген адамның бір артықшылығы өзімен-өзі сөйлесіп, мұң шаға береді. Сөзімді біреу тыңдаса, оған жылы жауап қайырса деп дәмеленбейді. «Ақ кемедегі» бала да әне сондай. «Бала өзімен-өзі сөйлеуге әбден еті үйреніп алған. Бұл жолы өзімен-өзі сөйлесуді қойып, портфельге тіл қатты. «Сен оның айтқанына сенбе, менің атам Сейдахмет айтқандай кісі емес. Ол қулық дегеніңді білмейді. Сосын жұрттың бәрі оны мазақтайды. Ол екеуімізді мектепке апарып жүреді. Сен мектептің қай жерде екенін білмейсің ғой? Бұл жерден онша алыс емес. Өзім көрсетемін. Анау қарауыл таудың басына шығып, дүрбімен көрерміз. Сосын мен саған ақ шаңқан кемемді көрсетемін. Бірақ алдымен сарайға кіріп шығу керек. Мен дүрбімді сонда тығып қойғанмын. Оның үстіне бұзау бағамыз. Сол кезде мен таудың басына шығып, кемені көремін». Баланың портфелімен алғашқы тілдесуі осылай басталады. Адамға айтпаған сырын портфельге үйіп төгеді.
Шығармадағы тағы бір кейіпкер – Оразқұл. Әр үйде қонақта болып, құрым етік киіп, қымыз бен етке, араққа тойып жүретін Оразқұлдың да өз мұңы, қайғысы бар. Оның дерті – баласының болмауы. «Әйелінің немересі болып келетін мұндай қу жетімекті ол не қылсын? Тағдырдың мұны мазақ еткені аз ба? Қасарысқан Құдай өз қанасынан шыққан бала бермеді. Басқаларға торайдай шұбыртып бергенде, бұған келгенде Құдайдың көзі неге жұмулы? Оразқұл кемсеңдеп көзіне жас алды. Аяныш пен ашу-ыза аралас алқымына тығылды. Бұл өмірден із-дерексіз кеткенім бе деген пұшайман ой зығырданын қайнатты. Осы ашуды енді бедеу қатыны Бекейден алады. Бар бәле содан. Қанша жыл болды, әлі сол бір қысыр жылан...». Көз жасы көл болып жылап отырған Оразқұл алдынан алақайлап шыққан балаға портфелі үшін бір ауыз жылы сөзін қимайды. Ашу, ыза, қайнаған кек оны осы күйге түсірді, ең маңыздысы, өз кіндігінен тараған баланың жоқтығы.
Баланың дүрбімен алысқа, күнгей Алатауға, Ыстықкөлге, ақ кемесіне, мектебіне қарауы оның үмітті жанарының болашаққа көз салуы деп түсінген жөн. Ол кенет мектеп қақпасынан портфелін құшақтап кіріп бара жатқан сәтін елестетті. Құлыптаулы мектеп есігін көріп «Шіркін, сол есіктің ар жағындағы дүние қандай екен?!» деген ізгі ойы оны оқырман санасында барған сайын биіктетеді. Теңізден ақ кемені іздеп, әкесінің дидарын көруге ынтық бала «армысың, ақ кеме! Бұл келе жатқан мен ғой», – дейді кемеге. Оқиға осы тұста бала қиялындағы ғажайып «мифтерге» ауысады. «Ассалаумағалейкум, папа! Мен сенің балаңмын ғой! Саған жүзіп келіп тұрмын», – дейді. Ар жағынан «Қайдағы баламсың? Өзіңнің басың адам, басқа денең балық қой» деген үн шығады. «Сен әуелі мені кемеңе мінгіз, содан кейін мен сенің кәдімгі балаң болам» деген бала сөзі махаббаттың, ізгіліктің ақтық сөзін айтып тұрғандай болады. Повесті оқып келе жатып, жан ұшыра ақ кемені, одан кейін әкесін іздеген баланы аяйсыз. Бала өмірдегі көрген-білгенін қиялындағы әкесіне түгел баяндап бергісі келеді, тіпті Оразқұлдың Бекей апайына қол жұмсайтынын, қазіргі әжесінің өз әжесі емес, басқа кемпір екенін де айтқысы келеді, егер әкесі кездесер болса.
Айтматов баланың аузына сөз салып, сол кездегі қоғамдық, саяси-әлеуметтік жағдайды да жарты әлемге жария еткісі келеді. «Біз ойнап жүргенде ошақтағы оттар да лаулайды. От жанған кезде бүкіл жайылым жап-жарық болып кетеді дейсің бе, папа-ау, мүлде олай емес, ошақтың айналасы жарық болғаны болмаса, жан-жағы қараңғыланып кетеді» деген сөйлем осы сөзімізді айғақтап тұр. Яғни жанып тұрған от – Совет қоғамы, ал ошақ – Қырғыз елі. Ақылды бала кейіпкер әкесіне бәрін айтқысы келеді. «Содан кейін таудың ар жағынан ай туып келеді, айдың жарығымен ойнаған бәрінен қызық». Айдың жарығы – баланың үміті, үлкен мағынасына алғанда ұлттың үміті.
Айтматовтың шығармашылық әлемінде барлығы қамтылып жататыны шындық. Қарттың, баланың да бейнесі оның қаламынан сәтті жасалып шығады. Ол тіпті әр шығармасын халықтың жадында сақталған мифтермен шендестіріп жібереді. Онысы ескі мен жаңаның арасындағы қарым-қатынасты сақтауға деген ұмтылысы шығар. «Ақ кеменің» соңына ала Бұғы ана туралы сөз болады. Ештеңеге жаны ашымайтындардың типтік өкілі Оразқұлдардың киелі бұғының терісін сыпырып, сирағын кесіп, басын допша домалатқанын көріп үрейленеді. Бала ауырып қалады. Дырдуға масаттанған басқалар оны елемейді, көрмеске салынады. Бала өз ойымен өзі әбігер болып жатады. Айтматовтың «Ақ кемесі» оңашалықтың, ойлылықтың туындысы деп айтуға болар. Оның балаға үміт беріп отыратыны – тар заманда қалып бара жатқан еліне деген жүрек сөзі шығар. Киелі Бұғы ананы өлтіргендерден ұшынған бала да көп нәрсенің басын ашып береді. Бала арқылы ұлттың мәселесін көтеру де Айтматовтың әдебиет майданындағы мәңгілік ерліктерінің бірі болмақ.
Аян
Сайын Мұратбековтің қаламы қазақ әдебиетіне керемет туындылар сыйлады. Әр жақсы әңгімесі бір-бір романның жүгін арқалап тұрғандай. «Жабайы алмаcы» қандай, «Менің қарындасым» ше?
Тіпті «Басында Үшқараның» дегені өз-өзінен жатталады да қалады. Қазақтың тұнып тұрған ауыл өмірін көріп өскен қаламгердің ендігі жерде жаман жазуға қақысы да жоқ еді. Бүгін біздің ойымызға оның «Жусан иісі» түсіп отыр. Бұл шығарманы бастан-аяқ оқып шыққанша, жусан иісі аңқып тұрады. Қаламның қуаты дерсіз. «Жусан иісіндегі» Аян қазақ болғаны үшін емес, Сайын қаламындағы сүйкімді де ақылды кейіпкер болғаны үшін есте ұзақ сақталады. Тіпті оған «Бишара бала-ай» деп ішіңіз жылып, жанашырлық білдіресіз. «Бір-екі рет кейбір шатаққұмар балалар тиісіп те көрген өзіне. Аян үндеместен қабағын түйіп, ондайлардан сырт айналып кетіп жүрді. Өзінің жауап қайыра алмағанына налығандай боп: − Менің көкем де жоқ, апам да жоқ, сондықтан төбелессем әжем ұрсады ғой, – деп қойды ол». Аян ақылды ма? Әрине. Тым құрығанда ол өзінің жалғыз екенін, бәріне дәрменсіз екенін жақсы біледі, сезінеді.
Шығарманың көтерген тақырыбы – соғыс жылдарындағы ауыл өмірі. Қам көңіл жұрттың көңілі мен көзі соғысқа кеткен азаматтарында. Тіпті бұл жағдай ойын баласы Аянның, оның қасындағы балалардың да жүрегін тілгілейді. «Барлық әріптерді тезірек неге үйретпейді екен. Шіркін, ағама хат жазар едім, – деп күңкілдейтін. Әрине, майдандағы әке-ағамызға хат жазу бәріміздің де көкейіміздегі асыл арман еді. Сонымызды сезгендей Иманжанов та бізге тезірек хат танытуға бар күшін салып бақты. Сөйтіп, бас-аяғы бірер айдың ішінде әріптерді тегіс жаттап, бірлі-жарым сөздерді құрап жаза алатындай халге жеттік. Ал Аян болса кәдімгідей: «Аса жаннан артық көретін аға...» деп бастап, хат жазатын болды. Ендігі оның қуанышында шек жоқ еді. Күнде сабақтан кейін үйіне келісімен төр алдына етбетінен түсіп, сиялы қарындашты тілімен жалап қойып, бет-аузын сия-сия қылып ағасына хатты үсті-үстіне жазатын да жататын. Күніне екі-үш хаттан жазады. Кейде әжесінің айтқанын жазса, кейде өз бетінше жаза беретін. Біз, басқа балалар әлі де сөйлем құрастырып жаза алмайтынбыз». Майдан қасіреті әр отбасының тағдырын қақ бөліп, өмірлерін басқа арнаға бұрғаны осы сөйлемдерден анық білінеді. Аянның қасіреті – бүкіл ұлттың қасіреті емес пе екен дегенді жиі ойлайсыз.
Сайын Мұратбеков не жазса да білетіні туралы жазған жазушы. Оның әр шығармасындағы кейіпкерлер де шынайы өмірде бар адамдар. Жазушының жары естелігінде: «Аянның ертегі айтатындығы Сайынның өзіне аздап келеді. Бірақ Аянның прототипі бар. Ол – ауылда тобығы тайғандықтан, аяғын қисаңдатып, сәл ішіне басатын Ұзақбай деген бала. Сол баланың тағдыры шығармаға арқау болған. «Енді бір үлкен дүние жазсам, соған отырсам», деуші еді. Үлгермеді…», дейді. Аянның таусылмайтын ғажап ертегісі балалардың ойынан шығып, мына дүниеде соғыс деген зұлматтың бар екені, олардың әкелері, ағалары сол соғыс майданында қан кешіп жүргенін естерінен бір сәт болса да шығарады, ұмытады. Ол Аянның ертегілерін күйкі өмірдің алданышы ретінде повеске кірістіреді. Сол кезеңдегі әр жетім баланың жүрегінің, ойының бүтін еместігі де осы шығарманы оқығанда анық сезіледі. Соғыс өртінің ұшқыны шарпыған ауыл балалары да өз өмірлерін ертегіден көргісі келіп «Аян, тағы бір ертегі айтшы», деп жалбарынады. «Әй, мен сендерге бір қызық айтайын ба? – деді ол сүйінші сұрағандай қуанышты үнмен. − Мен бүгін таң алдында түсімде ағамды көрдім. Рас айтам. Түнде жатарда ағамның пальтосын басыма жастап, көпке дейін иісін иіскеп жатқам. Ағамның иісі сіңіп қапты. Бір түрлі жусанның иісі сияқты жақсы иіс. Мен бүйтіп жағасына мұрынымды тығып алдым да ұзақ-ұзақ иіскедім... Әжем ылғи: «ағаңды анау Жусанды төбенің үстінде, мал қайырам деп жүргенде, айдалада тапқанмын» дейтін... Менің ағамда жусанның иісі содан қалған... Сөйтіп жатып ұйықтап едім, түсіме кірді... − Мен де ылғи көкемнің пальтосын жамылып жатамын. Менің көкемнің пальтосынан да жусанның иісі шығып тұрады, − деді бір бала. Сөйткенше болған жоқ, тұс-тұстан жамырай дуылдап соғыста жүрген әкелеріміздің, ағаларымыздың үйде қалған киімдерін еске алып, олардан шығатын иісті сөз етіп кеттік». Соғыста жүрген көкелерін сағынған балалардың сағынышы туралы қалам тербеу сол тұстағы қаламгерлердің бәрінің ойында болған шығар, бірақ Сайын Мұратбековтің кейіпкерлерінікі шынайы, нанымды бейнеленеді. Хат жазу, түс көру, «көкем келеді» деп жолын күтумен қаншама бала сарғайды десеңізші. Соғыс салған жара – мәңгілік. Ол жараның уы да адам жанын тесіп өтпесе де, мүжіп бітетін «қасиетімен» ерекшеленеді. «Ертеде бір жетім бала болыпты...», деп ертегісін бастайтын кейіпкер халықтық фольклорымыздағы ертегілердің кейіпкері емес, мұндағы өміріміздің көрінісі екенін еске алсақ, ішіміз удай ашиды. Аян болып ұзақ ертегі айтқың да, оның қасындағылар болып ертегі тыңдағың да келмейді. Халқымыз кешкен өмір, уақыт ағысы, балалардың қуанышы мен мұңы, сағынышы бәрі де сол Аянның таусылмайтын ертегісінде сияқты болып елестейді.
Повесть соңында, кейіпкер Аянға көкесінің соғыстан мәңгі оралмайтындығы жайында қаралы хат келіп, Аян балалар үйіне жіберіледі. Ол ел-жұртпен қоштасып «Мен әлі бәріңе де хат жазып тұрамын» деп ант етеді. «Менен де жусанның иісі шығып тұрады, ағама тартқанмын. Міне, иіскеп көріңдерші», деп өз омырауына тұмсығын тығатын Аянның жусан иісті хаттар жазатынына сенгіміз келеді. Мүмкін, ештеңе де жазбас... бірақ шығарма соңы үмітпен аяқталады. Кейіпкер Аянды да, оқырманды да үміт жұбатады, әлдилейді.
Әмір мен Хасан
«Батпырауық қуған бала» – Ауғанстанда туып, АҚШ-та ержеткен жазушы Халед Хоссейнидің тұңғыш рет ағылшын тілінде баспадан шығарған романы. Жетімдіктің қамытын ерте киген кейіпкер Әмірдің тума әлсіздігі бар, сонымен бірге ол ешқашан әке мейіріміне бөленбеген мұңлы жүрек иесі. Ал тағы бір кейіпкер Хасан ақкөңіл, өз ісіне адал, басына төнген қауіптен өзін де, жақындарын да құтқара алатын ақылдың иесі. Жастайынан бірге өскен екеуін бір реткі кездейсоқ оқиға екі жаққа айырып жібереді. Аталған романда кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынас пен қоса Ауған тарихындағы кейбір ірі оқиғалар да нанымды суреттеледі. Бала Әмірдің отбасы мен өзі АҚШ-қа қашуы, кейіпкердің
бала досы Хасанның көз жазып қалуы, Ауған халқының басы ауған жаққа бас сауғалауы, талибандардың ел билігін қолына алуға деген ұмтылысы туралы көріністер осы романның өзегінде шынайы бейнеленеді. Бәрі үшін бодау берген Әмірдің өткен күнін есіне алуы, балалықтағы көрген қасіреті мен жапасы оны өмір бойы мазалайды, кейде үміті болып алға жетелейді, кейде мұз болып жүрегін, жанын қариды.
Ауғанстан жағдайын көркем шығарма арқылы әлем оқырманына таныстырған Халед Хоссейнидің бұл романы Ауғанстан халқының арманы мен үмітін, кінәсіз сәби жүректердің дүрсілін түсінуге, сезінуге көмектесе алады. Демек, біз шығарманың айтар ойына негізделіп, бұл романды Ауған топырағындағы соғыстың шындығы деуге хақылымыз. Романның ішкі ойы да осыны меңзейді. 1975 жылы қыс мезгілінде батпырауық жарысы кейіпкер Әмірдің үйінің маңында өтеді. Осы жарысқа бірнеше күн қалғанда Әмірдің әкесі оның жүлделі болатынын айтып, оған сенім білдіреді. Әне, сол сәтте Әмірдің сан жылдар бойы өшкен сенімі қайта маздағандай болады. Себебі ол әкесінің өзіне шынайылықпен сенім білдіргенін сезді. Шынында, жарыс соңында Әмірдің батпырауығы жеңіске жетеді. Әке мейіріне шөлдеген Әмір әкесінің көңілінен шығу үшін көптеген ұмтылыстар жасайды. Әке-бала қарым-қатынасы туралы ойлану да осы шығарманың жүгі. Романның шарықтау шегі Әмірдің есейіп, ата-мекеніне оралған соң, Кабулда болып жатқан лаңның үстінен түсіп, Талибан өкілі Ассепке қарсы күресуі. Шығарма соңында Әмір бала досы әрі туған бауыры Хасанның баласы Сохрапты талибандардың езгісінен құтқарып, АҚШ-қа алып кетеді. Жазушы Әмір арқылы егер Ауғанстан өзінің зорлық-зомбылық пен кемсітушілік сынды қателігін жуып-шаюы керек болса, онда ол құдды осындай ұстаным мен құрбандық беру арқылы ғана өзін құтқара алады, бұл Ауғанстанның қайта қалпына келуіне бастайтын жалғыз жол екенін ашып айтады.
Шығарма соңында роман кейіпкерлерінің АҚШ-тағы өмірі туралы айтылады. Талибандардың шексіз зорлық-зомбылығы жанына батқан Сохрап туыс ағасының үйінде тұрғанда ұзақ уақыт шомылады, бұнысы оның өзін лас сезінуі. Бала жүрегіне салған «Талибан» содырының қиянаты оны өлімге де итермелейді. Құдды басқа кейіпкерлер сияқты Сохрап та өзінің ескі өміріне оралғысы келеді, бірақ ол мүмкін емес еді. Романның соңы үмітпен аяқталады. Ұшып келе жатқан батпырауықты көріп, Әмір өзін бала сияқты сезінеді. Батпырауық – оның балалық шағы, арманы, алыста қалған отаны. Ол сол батпырауықтың әрқашан биік ұшуын, еш кедергіге кездеспеуін армандайды. Батпырауық оны бала кезінде әкесімен, достарымен, өмірмен байланыстырған. Енді оның жар дегенде жалғыз туысы Сохраппен жақындастырмақ. Кейіпкер Әмір үшін бар үміттің көзі – Сохрап. Әне, тіл қатпағанына неше күн болған Сохрап жадырап, жайнап батпырауық ұшырып жүр, ол үшін Сохраптың күлкісі болашақтың бастауы, өткеннің қиянатын жуып-шаятын қуатты күш. Ол бұл сәтті былай суреттейді: «Бір реткі жымиып күлуден басқа ештеңе де керек емес. Өткен істердің бәрі орнына келе қоймады. Осы бір сәттік күлімсіреудің өзі шынымен айтулы құбылыс сияқты. Бір сәт ағаш арасынан пыр етіп ұшқан құстардың соңында баяу қозғалған жалғыз жапырақ секілді. Қалай болса да, мен ол жапырақты жылы жанармен, ашық құшақпен қарсы аламын. Өйткені ол жапырақ әр көктем сайын қарды ерітеді. Менің әлгінде көргенім бір түйіршік қар ұшқынының еруі шығар». Әділетсіздік пен ғадауаттық ешкімге мәңгілік үстемдік ете алмайтындығын, ақырында адалдықтың жеңетінін, Ауғаннан айырылған жаралы жүректердің сол елдің болашағына қарап емделетінін оқырманға сезіндіре алуы бұл шығарманың үлкен жеңісі болмақ. Халед Хоссейни аңсаған бейбіт Ауған топырағынан қай күні мылтықтың дауысы емес, жадырай күлген адамдар мен қамсыз ұйықтаған сәбилердің тыныштық үні естілер екен?!