Қойнауы «қара алтынға» толы Атыраудағы көкейкесті мәселенің бірі – сумен қамту. Мәселен, өңір тұрғындары мейір қандыратын мөлдір сумен әлі толық қамтылған жоқ. Ал төрт түлікті суару үшін салынған суару-суландыру каналдары жарты ғасырдан бері жөнделмеген. Каналдардың түбіне топырақ толып, қамыс өсіп кеткен.
Сол себептен ауыл шаруашылығына арналған жерді суландыру проблемаға айналып отыр. Ал оны қалыпты жұмыс істейтін гидротехникалық нысандарсыз оң шешу мүмкін емес. «Қазсушар» РМК Атырау филиалының директоры Асланбек Рысжановтың айтуынша, қазір өңірде ұзындығы 1,1 мың шақырымды құрайтын 15 канал бар. Бұрын оның бәрі республикалық меншікте болатын. Үш жыл бұрын 14 канал жергілікті коммуналдық меншікке берілді. Бұл каналдарды күрделі жөндеуден өткізуді өңірлік бюджет есебінен қаржыландыруға жол ашты.
– Биыл жобаға сәйкес Махамбет ауданындағы Алға-Егіз, Сары-Өзек, Құрсай, 7-ауыл-Айсары, Индер ауданының Алғабас-Жорық каналдарына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Қайта жаңғыртылған каналдар жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Бұл каналдардың бітелген арнасы аршылып, ернеуі топырақпен көтерілді. Ескі жүзбелі сорғы стансалары, трансформаторлар жаңасына ауыстырылды. Сондай-ақ канал бойындағы су реттегіш гидротехникалық нысандар күрделі жөндеуден өткізілді. Кейбірі жаңадан салынды. Қазір каналдарға су беру бұрынғы жылдармен салыстырғанда біраз жақсарды. Су ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің сұранысына сәйкес үздіксіз берілуде, – дейді А.Рысжанов.
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевтың мәліметіне сүйенсек, жергілікті бюджеттен қаржының бөлінуі шаруагерлердің проблемалық мәселесінің бір бөлігін қысқа мерзімде шешуге мүмкіндік берді. Өйткені осы кезге дейін аграрлық сектордың өкілдері жайылымдарды суландыру, суат жүргізу мәселесін жиі көтеретін еді.
– Үш жыл бұрын каналдар Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты су шаруашылығы комитетінің балансынан жергілікті меншікке берілген болатын. Сол кезден бастап каналдардың жай-күйін зерттеу, техникалық тексеру жүргізілді. Содан кейін бес каналды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Бір канал былтыр жөнделіп, пайдалануға берілді. Тоғыз каналдың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Каналдар күрделі жөндеуден өткізілген соң келесі жылы республикалық меншікке қайта беріледі, – дейді Қ.Нұрлыбаев.
Алайда каналдарды қайта жаңғырту, күрделі жөндеу қомақты қаржыны қажет етеді. Мәселен, бір канал үшін орта есеппен 400 млн-1 млрд теңге аралығында қаржы жұмсалады. Бұл әрине облыстық бюджет үшін қосымша жүктеме болары даусыз. Соған қарамастан бұл жоба Атырау облысын дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарына енгізілген.
Қазір Атырауда республикалық меншікте қалған Нарын каналы бар. Каналдың ұзындығы – 177,8 шақырым, ені – 40 метр. Жөндеу жүргізілмегендіктен, әбден тозған каналдың бойындағы өзектерге су жетпейді. Биылғы көктемде шаңды дауылдың салдарынан каналдың Жанбай учаскесіндегі бір бөлігіне құм толыпты. Оның үстіне аптап ыстықтан канал суы одан сайын азайған.
– Нарын каналын жаңғырту үшін бірінші кезекте жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу қажет. Қазір облыс әкімдігі мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі каналды жаңғыртуға қаржы бөлу мәселесін қарастырып отыр, – дейді осы орайда А.Рысжанов.
Өңірдегі каналдардың тозуы қоршаған ортаға орасан зияны бар проблеманы туындатып отыр. Бұл – балықтардың қырылуы. Мәселен, облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының мәліметінше, биыл бірнеше рет балық қырылды. Алдымен Махамбет ауданындағы Ақтоғай ауылының маңындағы Бақсай каналында 4,6 тонна қаракөз балығы қырылды. Кейіннен аталған каналдың Исатай ауданының аумағындағы Ақбас учаскесінің тұсынан ұсақ балықтың қырылғаны анықталды. Сол жерден 228 кило өлі балық жиналды. Ал тамызда Атырау қаласынан 40 шақырымдағы Байшақа өзегінде балықтың қырылу дерегі тіркелді.
Мұнайлы өңірдегі каналдар толық жөнделсе, өзектер де суға толары даусыз. Сол кезде төрт түлік те судан тарықпас еді. Каналдар арқылы өзектерге шығатын балықтар да судың аздығынан, оттегінің жетіспеуінен қырылмас еді.
Атырау облысы