• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Тарих 06 Қыркүйек, 2021

Өзбек ханның кіркесі

766 рет
көрсетілді

Қазақ тарихында «Алтын Орда дәуірі» дейтін кезең бар. Бұл уақыт қазіргі тәуелсіз еліміздің ежелгі тұғыры ретінде мойындалуда. Сол себепті де, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі жылдың алдында ежелгі орыс жылнамаларында «Ұлық ұлыс» деген атпен белгілі Алтын Орда империясының 750 жылдық мерекесін атап өту жайлы шешім қабылдап, ол шара өз деңгейінде атқарылған болатын.

Осы орайда айтпағымыз, халқымызды мемлекетшілдік һәм империялық санаға көтерген Алтын Орда ұлысына қатысты сақталған жазба деректердің сыртында, бүгінге аман жеткен заттық артефактілер де баршы­лық. Соның бірі Өзбек ханның кір­кесі. Бұл бұйым қазір Мәскеудегі Мемлекеттік тарих музейінің №13 экспозициялық залында сақтаулы тұр.

Құнды жәдігердің иесі Өзбек хан жайлы айтсақ, бұл кісі Бату­дың ұрпағы атақты Мунке Темірдің немересі. Шамамен 1280 жылы туып, 1341 жылы өмірден өткен. 1313-1341 жылдары Алтын Орда ханы болған. Өз заманында орданы басқару ісіне мұсылман шариғатын енгізіп, ислам дінін мемлекеттің тірегі деп таныған тұлға.

 Өздеріңіз көріп отырған мына кірке күміс металдан жасалған. Сол дәуірдің тарихшылары (Жио­ванни дел Плано Карпини, Гильом де Рубрук, Марко Поло т.б.) жазып қалдырған дерекке жүгінсек, бұл бұйымды хандар ұлысты басқару ісіне қолданған һәм төтенше ел­шілер мен сенімді саудагерлерге де мәртебесіне қарай алтын, күміс, қола, темір, ағаш кірке бері­летін болған.

Мұндағы Өзбек ханның кір­ке­сіне келер болсақ, жалпақ метал­дың басында жіп өткізуге арналған тесігі бар. Жәдігердің көлемі: 28.2x8.8 см. Кіркенің арғы және бегі бетіне ежелгі ұйғыр әліпбиін пайдаланып, алтынмен әдіптелген сөздер жазылған. Кіркенің оң жақтағы бөлігінің бетіне: «Аса күшті мәңгі тәңір алқаған шексіз билік иесі, қуатты, бұқараның қамқоры Өзбектің үкімін әйгі­лейді, бас имегенге өлім» деп жа­зылса, келесі (сол жақтағы) басында сегіз жапырақты гүл десте бәдізделген екен.