• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Қыркүйек, 2021

Астықты өлкедегі ахуал

372 рет
көрсетілді

Көктен игені көп болмаса да астықты өңірдегі егіннің шығымы тәубе дерлік. Қазір ақмолалық диқандар астық жорығын үдете түсті

Күзгі даланың дидарына жұп-жұқа сары бояу жағылып қалыпты. Берекенің бейнесі іспетті құтты алтындай жалт-жұлт еткен сарғыш бояу егінді алқаптың үстіне қонақтаған. Қай тарапқа қарасаң да, астық үшін арпалысып жатқан еңбек адамдарын көресің. Дәл осындай береке үшін бел буып, еңбек етіп жатқан дала ерлерін Атбасар қаласынан таяқтастам жердегі егін алқабынан кезіктірдік. Бізді тәнті еткені, сексеннен асқан қарт диқан Рубик Манукянның өкшесін басып келе жатқан кейінгі толқынға ақыл-кеңесін айтып, еңбек майданының алдыңғы шебінде жүргені.

– Жастайымыздан дала сырын жады­мызға жаттап өстік, – дейді қарт диқан, – дәл биылғыдай құрғақшылықты көптен бері көрмеп едік. Алаңдау басым болды. Біздің басты байлығымыз – осы алтын астық емес пе? Көктемде де келіп күн райы­нан көкірекке түйгенімді айтып кеткенмін. Тәуір астық алу үшін тәжірибеден қол үзбеу керек. Озық технология дегеніміз жергілікті жердің ерекшелігімен қоса өрілсе ғана табыс­ты болады. Биыл көктем ерте келгенімен, топырақ көпке дейін жылынған жоқ. Ал суық жерге дән салсаң бұғып жатады да, бойындағы ылғалын жоғалтып, күші кеміп, өне алмайды. Өнген күннің өзінде дәл биылғыдай құрғақшылық болса, бой салып жайқалып өсіп кетуі қиын.

Аз-кем тәжірибесімен бөліскен қарт диқан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың таяудағы халыққа жолдаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркен­деуінің берік негізі» Жолдауына тоқталды. Әсіресе, «егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақы­лауды күшейткен абзал» деген ой көңілінен шыққан. Жалпы диқан қауым жердің құтын кетіріп алмауды көбірек ойлайды. Ол үшін егістікке егілетін дақыл түрлерін ауыстырып отырған дұрыс. Күтіл­меген жерден береке қашады.

Құрғақшылық жылдың өзінде әр гектардан 10 центнерден өнім жиналуда. Бұл биылғы жыл үшін тәп-тәуір жақсы өнім. Дәл қазір облыстағы гектар берекесі орташа есеппен 7 центнерден айналып тұрғанда, атбасарлық диқандардың үміті ақталған сыңайлы. Ендігі міндет, жерде өнгенді жерде қалдырмай, уақытында жинап алу.

– Күннің ашық кезін тиімді пайдаланудамыз, – дейді комбайншы Юрий Гузьев, – қазан туса сүмбілеге ілігіп қалуымыз мүм­­кін, сондықтан бар күш-жігерді жұмыл­дыр­ғанымыз абзал. Оның үстіне қазіргі шетелдік комбайндардың өнімділігі де айта қаларлықтай ғой. Рубик Манукян ақ­сақал келген сайын таңырқап, қызығып кетеді. Аға буынның қаншалықты қияпат қиындыққа шыдағандығын сол кісінің аузынан естіген сайын бүгінгінің жұмысы оларға қарағанда ойыншық сияқты болып көрінеді. Комбайнның іші жып-жылы әрі жайлы, барлық жұмыс компьютер арқылы атқарылады. Бұрынғыдай жан қинайтын қол еңбегі жоқ десең де болар.

Бір қуанарлығы, жаздың алғашқы айлары ересен ыстық болғандықтан биылғы астықтың қамырлылығы өте жоғары екен. Әзірге 31 пайыздың төңірегінде. Астықты алқапқа қараған сайын жаның жадырайды. Кейбір алқаптарда ара-кідік кездесіп қалатын арамшөп атаулыдан ада. Тап-таза, мөп-мөлдір. Бұл да қарапайым диқандардың маңдай терінің өтеуі ғой.

Ымырт үйіріліп, көз байлана бастаған уақыт. Астықты алқаптағы техниканың жарығы самаладай жарқырап тұр. Мәңгілік елдің жүрегіңді уылжытатын нұры іспетті.

 

Ақмола облысы,

Атбасар ауданы