• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 07 Қыркүйек, 2021

Абай және әлем

1630 рет
көрсетілді

Салыстырмалы тұрғыда алсақ, біз Абай мұрасын шамамыз келгенше жеткілікті зерттедік. Әуезов іргесін қалап кеткеннен бергі уақыт ішінде әдебиетте ізін қалдырған талай ұрпақ хакім творчествосын өз дәуірінің биігінен бағалап, сөз өнерін өрге сүйреген әр буын кемеңгер туындыларының тереңіндегі құндылықтарды тауып, жаңалық ашты.

Абайға қарап бетке ұстар бағы­ты­мыз­ды анықтап, ойымызды түзе­дік. Кемеңгердің шығармалары ғана емес, өлеңінің әр жолын сана сүзгісінен өткізіп, сарапқа салдық. Тереңірек зерттеген сайын, қазақта ұлы ақынның мұрасынан артық рухани байлықтың жоқ екеніне көзіміз анық жетті. Ұлттық рухымыз тірі тұрғанда қазақтың Абайға деген махаббатының мәңгі сөнбейтінін түсіндік. Аласапыран замандардың алашапқыны жанымызды көкпарға салып, халықтығымызды тамырымен жұлып тастай жаздаған алмағайып замандарда Абай тағылымынан алған тә­ліміміз арқылы біз халықтық қа­сие­тімізді жойып алмай, аман сақтап қалдық. Өткен ғасырдың басындағы Алаш арыстары Ахмет пен Міржақып, Әлихан мен Мағжандар жанын пида ете отырып бізге Абай рухына адал болуды аманаттап кетті. Ұлы ақын дүние салған бір ғасырдан астам уақытта Абайсыз өмір сүрген дәуіріміз болған жоқ. Құдайға шүкір! Бәрі жақсы. Бәрі дұрыс. Бәрі заңды.

Дей тұрсақ та поэзия пай­ғам­ба­­рының қайталанбайтын талантын, өнердегі даралығын, тұтас бір ұлт­тың санасына сәулесін шаш­қан данышпандығын, келешекке жол салып кеткен кемеңгерлігін мо­йын­да­ғанымызбен, ішкі бір түй­сік­пен әлем әдебиетінің төрінен өзіне лайық орындарын еншілеп алған алыптардың қатарында Абай есімінің аталмай жататыны ащы да болса – шындық. Мысалы, өркениетті елдерде испан жазушысы Сервантестің есімін білмейтін адам жоқ шығар. Ұлы қаламгердің «Дон-Кихот» романы тұтас бір ха­лық­ты әлемге танытқан ұлттық брендке айналды. Тургеневтен бастап күні ке­ше­гі Борхес пен Маркестерге дейінгі ғұ­л­амалардың «Дон-Кихот» жайында майын тамызып жазған, оқымасыңа қоймайтын қаншама ғажайып эсселері бар.

Ағылшын ақыны Шекспирді еш­бір елдің драматургі де, жазушысы да ескерусіз қалдыра алмайды. Тіпті, орыстың суреткер жазушысы Тол­с­­тойдың ұлы драматург туын­ды­­­ларына көңілі толмай сынаған зерт­­теуінің әлемде үлкен дау-дамай туғызғаны Шекспир есімінің барша адам­затқа ортақ тұлғаға айналғанын аңғартқандай. Әлемді қаламымен ба­ғын­дыруға серт еткен француз Баль­зак­ты оқымаған пенде зиялы азамат саналмайды, мәдениеті дамыған мемлекеттерде. Дүниежүзілік әдебиет деген ұғымды қолданысқа енгізіп, өзі де соның символына айналған немістің ойшыл ақыны Гетені кім білмейді. Атақты «Фаусты» тілге тиек етпеген әйгілі суреткерді таба алар ма екен­сіз. Ал орыс жазушылары Гоголь, Толстой, Достоевский, Чехов туындылары ХХ ғасыр прозаиктеріне үлгі-өнеге болып, жаңа заман әдебиетінің бет-бейнесін айқындап берді. Соңғы елу жылдың ішінде сөз өнеріне көп өзгерістер алып келген Ресей мен Батыстың жаңашыл ақындары мен жазушыларын да әлем оқырмандары жеткілікті дәрежеде танып үлгерді.

Ал Абай ше? «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген гума­нис­тік идеяның ұрығын сепкен кемең­герімізді өзімізден басқа кім біледі? Суреткер Әузовтен кейін ұлы ақы­ны­мыздың дүниежүзілік әдебиет­тегі орнын белгілеп беру үшін іргелі істер жасалды ма? Әлем оқырман­да­ры­ның қазақ Абайға қарағанда беларусь Быков пен қыр­ғыз Айтматовты көбірек білетінін өкінішпен болса да мойындауға тура келеді.

Осы тұрғыдан алғанда Абай шы­ғар­­малары өз Отанының шекара­сы­нан алыстап кете алмаған Пушкин туындыларымен тағдырлас. Қаза тапқанына екі ғасырға жуық уақыт өтіп, ұлы ақынның творчествосы жайында Ресейде мыңдаған еңбектер жазылса да Пушкин есімі де әлем оқыр­мандарының санасына мықтап ор­ныға алмай қойды. Кезінде орыс жазушысы Владимир Набоков шетел оқырмандарына Пушкинді жа­қы­нырақ таныстырмақ ниетпен «Евгений Оне­гин­ді» прозаның тілімен ағылшын тіліне аударғаны мәлім. Сондағы ішкі ойы дүние жүзіне кеңінен таралған ағыл­шын тілі арқылы Пушкинді ең алдымен Батыс жұртшылығына, одан әрі әлем оқырмандарына таныстыру болды. Бірақ жазушының бұл ойы жүзеге аспай, сәтсіздікке ұшы­­ра­ды. Орыс әдебиетінің негізін салған ұлы ақынның шәкірттері болып сана­латын Толстой мен Чехов шы­ғар­­машылығына тәнті болған әлем оқыр­мандары бәрібір проза тілі­мен жазылған «Евгений Онегинді» қа­был­дай алмай қойды. Неге?

Тамырын тым тереңге жіберген ұлттың ақыны болғандықтан Пушкин­нің музасында орыс халқы ғана қа­был­дай алатын жұмбақ тылсымдар көп. Өте көп. Соған қарамастан ұлы ақын­ның қазақ тіліне сәтті аударылған шығармалары аз емес. Хакім Абайдан бас­тап ұлтымыздың көптеген талантты шайырлары Пушкин туын­ды­ларының шымқай боя­уын сол­ғын­датып алмауға бар күшін салып, ана тілімізге аудар­ды. Бір ғана «Я помню чудное мгновеньені» қазақ­ша сөйлетуге ты­рыс­қан талантты ақындарымыз қан­ша­ма. Қалай десек те Пушкин жыр­ла­рының Алаш жұртына тараған наси­хаты кемшін болған жоқ. Сәтті шық­қан талай аудар­малардың арқа­сын­да орыстың ұлы ақынын қазақ оқыр­мандары жылы қабылдап, жүре­гі­нің төрінен орын сайлап берді.

Ал біздің Абайымыздың тылсымы терең поэзиясына үңіліп, оның барша адамзатқа ортақ гуманистік идея­ла­рының маңызын халқының сана­сына сіңіруге тырысқан қандай атақ­ты орыс ақынын айта аласыз? Сұ­­рау салып, зерттеп көрсек мил­лион­­­да­ған ресейліктердің ішінен Абайдың бір өлеңін оқыған жалғыз орысты таба алар ма екенбіз? Әй, қайдам. Танымалдығы жағынан 10 миллионнан астам қазағы бар данышпан Абаймен салыстырғанда авар жұртының талантты ұлы Расул Ғамзатов әлдеқайда бақыттырақ. (Мысалы, авар ақынының «Тырналар» өлеңін алыңызшы. Аударма да қалай сәтті шыққан. Жеңіс күніне орай «Тырналар» әні Мәскеудің аспанында қалықтағанда көңілі тебіреніп, көзіне жас алмайтын пенде жоқ. Ғамзатов жайында орыс тілінде жа­зыл­ған қаншама зерттеулер бар. Ақын­ның таланты мен адамдық табиғаты мей­лінше шынайы ашылған Ресей киногерлері түсірген фильмнің өзі неге тұрады.

Жиырмасыншы ғасыр басынан бергі жазылған жүздеген еңбектерде Пушкин шығармашылығы жеріне жеткізіліп дәріптелді, бір ауыз сөзбен болса да орыс ақынының рухани мұ­ра­сы­на тоқталмай кеткен қазақтың сын­шысы мен әдебиет зерттеушісі кемде-кем. Міне, осы тұрғыдан алған­да:

Слух обо мне пройдет по всей

Руси великой,

И назовет меня всяк сущий

в ней язык,

И гордый внук славян, и финн,

и ныне дикой

Тунгус, и друг степей калмык, – деген ақынның асқақ арманы қазақ топырағында артығымен орындалды.

Ал біз болсақ Абайдың орыс тіліне аударылған өлеңін оқығанымызда ұлы ақынымыздың тереңдігі мен ойшылдығы келекеге ұшырағандай бір күйді басымыздан кешетініміз неліктен? Ресейдің атақты ақындары мен жазушыларының әдебиет туралы жазған еңбектерінен Абайды ауызға алған сынық сөйлемді де таба алмайсың. Қазақтың Пушкин мұрасына деген тағылымында, ұлы ақынның рухына адал қызмет етіп келе жатқан тағзымында ешқандай кінәрат жоқ. Тіпті, діні мұсылман, қаны мен жаны жағынан бізге әлдеқайда жақын Шығыстың ұлы шайырлары жайында түк білмесек те, Пушкинннің өмірі мен шығармашылығы туралы біздің білмейтін мәліметіміз жоқ. Әрине, білген жақсы ғой. Бірақ ұлттардың бір-бірінің әдебиетіне көрсететін құрметі екіжақты болуға тиіс емес пе? Көзімізге түспей жүрген болса ғафу өтінеміз. Басқаларын айтпағанда, Кеңес заманында қазақтың талантты шайырлары Олжас пен Мұхтарлармен талай дастарқандас болған Ресейдің атақты ақындары Евтушенко мен Возненскийдің көл-көсір әдеби мұ­ра­сында да Абайдан тағылым алып, шынайы көңілмен ұлы ақын рухына тағзым етіп, тебіренген бір ауыз сөз жоқ. Ресейлік «Культура» теле­арнасындағы әлем әдебиетінің алып­тарының шығармашылығын жан-жақты таныстыратын «Игра в би­сер» бағдарламасы да біздің Абайы­мы­з­ға арнап бір хабар түсірмеді. Таяуда интернеттен орыстың танымал әдебиеттанушысы Дмитрий Быковтың көпшілікке арнап оқыған жүздеген дәрісін тыңдап шықтым, сенесіз бе ол бір рет те Абай есімін аузына алмайды. Міне, осыдан кейін Ресей астанасы Мәскеудің «Чистые пруды» саябағында Абай ескерткішінің орнатылуы, екі ел арасындағы достық қа­рым-қатынастың символынан гөрі, қазақтың көңілін алдарқату үшін жа­сал­ған ишарадай әсер қал­ды­ра­ты­нын кімнен жасырайын.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ