• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 08 Қыркүйек, 2021

«Минотаврлар марафоны»

347 рет
көрсетілді

Өмір мен өнерді марафон деп қабылдайтын туындыгер өз шығар­маларында уақыт пен сезімнің трагедиясын көрсетуге тырысады. Егер суретші үшін графика – ең алдымен ойлау, дүниетанымды көрсету тәсілі болса, онда акварель – сезімдер мен эмоционалды рефлекстерді жеткізу құралы.

Автор «Күлтегін», «Қызыл құ­мыра», «Чонтваридің жұмағы», «Тол­ғанай», «Қаңбақ», «Реквием», «Ли­торгия», «Талтүс», тағы басқа акварель жұмыстарында адам құндылығының жоғалуы сынды уақыттың қасіретін ішкі жан дүниесінен өткізе отырып, мысқылмен, сарказммен жеткізеді. Қайырбай Зәкірұлы қазақ бейнелеу өнеріне 1970 жылдары келді. Осынау бедерлі жылдар белесінде Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, көрнекті суретші, график-шебердің қаламынан өрілген кең тынысты туындылар ұлттық мәдениеттің  салқар көшіне мазмұнды мұра болып қосылды десек қателеспеспіз. Көпшілікке «Ұлбаланың бақыты», «Теңіз туралы толғау», «Базар жырау» топтамаларымен белгілі өнер иесінің туғанына 75 жыл толуына орай Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде ашылған «Минотаврлар ­марафоны» көрмесіне барсаңыз, шебердің шығармашылық әлеуетін анық танисыз.

– Философиялық терең ойлай­тын суретшіні әлем, адам болмысы, уақыт байланысы және ата-бабалардың ру­хани мұрасы тақырыптары тол­ған­­дырады. 1990 жылдардан бас­тап суретші шығармашылығы өз­ге­­ріс­ке ұшырап, туындыларында ми­­фо­­логиялық сюжеттер мен ға­рыш­­­­тан, бейнебір құс жолынан кел­ген­­дей мистикалық бейнелер пай­да болады. «Минотаврлар марафо­ны» – Қ.Зәкірұлының акварель туын­дылары топтамасының шартты атауы. Оған соңғы екі жылда орын­далған жиырмаға жуық акварель парақ­та­ры кіреді. Мұндай тақырыптың таң­далуы, ең алдымен, суретшінің дүние­танымы мен көзқарасының өзіндік ерекшелігінде жатыр. Көрме шебер шы­ғармашылығының 50 жылдығы­на және тәуелсіздіктің мерейлі белесі мен Қазақстан Республикасы Көркем академиясының 15 жылдығына ар­на­лып отыр, – дейді белгілі өнер­танушы Самал Мамытова.

Қайырбай Зәкірұлы 1945 жылы Қызылорда облысы Арал қаласында дүниеге келген. 1968 жылы Н.В. Го­голь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, 1976 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін тәмамдаған. 1968 жылдан бастап республикалық және халықаралық көрмелерге қатысып келеді. 1976 жылдан Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. 1988 жылы «Қазақстанның ең­бек сіңірген өнер қайраткері» ата­нып, 1996 жылы Президент стипен­диясының иегері болды. 2006 жылдан Қазақстан Көркем академиясының ака­де­мигі. 2008 жылдан Қызылорда «Бо­лашақ» университетінің құрметті профессоры. 2013 жылы Халықаралық Түрксой сыйлығының иегері атанды. 2019 жылы Солтүстік Кипрде жеке шығармашылық көрмесі өтті. Туындылары Ә.Қастеев атындағы  Мемлекеттік өнер музейінде, облыс­тық музейлер қорында және АҚШ, Ресей, Жапония, Йемен, Франция, Қазақстанның жеке коллекциялары мен галереяларында сақтаулы. Алматылықтар мен қала қонақтарына құшақ ашқан көрмеге автордың жеке жинағынан алынған 30-ға жуық картина қойылған.

 

АЛМАТЫ