Президенттің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында бірнеше маңызды мәселе көтерілді. Бірнеше бастама айтылды. Әсіресе, бюджеттен қаржыландырылатын, бірақ бұған дейін қолдау жағы кемшін түскен сала мамандарына көңіл бөлінетініне назар аударылды.
«Бұлар – мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқалар. Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді», деді Мемлекет басшысы.
Шындығында, Президент ұсынған бастамалар баянды болуы үшін мәдениет саласына деген көзқарасты түбегейлі өзгертетін кез жетті. Өйткені елдің өркендеуінің бір көрінісі руханиятының, оның ішінде мәдениет саласының дамуынан байқалады. Рас, елімізде мәдениет үйлері бой көтеріп жатыр. Өнер ұжымдарының концерттері, сахналық қойылымдары өтіп жатыр. Мамандар да даярланады. Дегенмен материалдық-техникалық базасын жаңарту, кадрмен қамтуда ескеретін бірнеше жайт бар.
Біріншіден, қазір ауыл-селолардағы мәдениет ошағы жергілікті әкімдік арқылы қаржыландырылады. Алайда жергілікті бюджеттің шамасы бұл саланы жан-жақты дамытуға жете бермейді.
Екіншіден, осы салаға маман даярлайтын колледждер мен жоғары оқу орны салалық министрлікке бағынышты емес. Ал бұл арнаулы орта, не жоғары білім алған мамандардың жұмысқа орналасуына ешкім мүдделік танытпауына әкеліп соғады. Қазір осы салада білім алған мамандар жұмыс таба алмай жүр. Неге? Өйткені салада мәдениетке қатысы жоқ мамандар жұмыс істейді.
Үшіншіден, мәдениет саласында, әсіресе, архив пен музейде, кітапхана мен тарихи қорықтарда жұмыс істейтіндердің еңбегі лайықты ескеріліп жүр дей алмаймыз. Сол себептен, осы саланың мамандары мемлекеттік марапаттарға ұсынылып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері атанып жатса, әрине, құба-құп болар еді.
Президент Жолдауынан кейін еліміздің мәдениет саласын дамытудың кешенді жоспары, концепциясы түзілгені жөн. Онда жоғарыда айтылған жайттар ескеріліп, салалық министрлікке берілгені дұрыс. Өйткені елімізді жаһандану апанынан құтқаратын, қазақты ұлт ретінде сақтайтын діңгектің бірі – ұлттық мәдениет. Сондықтан жаһандық өркендеудің озық технологиясын экономиканың барлық саласына енгізумен бірге, өркениет көшіндегі жетекші елдер сапынан орын алу үшін тәуелсіз Қазақстанның мәдениеті де бүгінгі дәуір талабымен дамығанын қалаймыз.
Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Атырау облысы