«Музыкалық тәрбие – бұл музыкантты тәрбиелеу емес, ең алдымен адамды тәрбиелеу» дейтұғын қанатты сөз бар. Көкшетаулық дәулескер домбырашы Сәкен Біржанов шешен домбырасының шанағынан құйылып түскен мазмұнды күйлерімен замандастарымыздың рухани әлемін байытып келе жатқан өнер иесі.
...Шұрқыраған қалың жылқы болат тұяқтарымен дала төсін жаңғыртып жіберген. Жол таппай қиналатын тәрізді. Тұс-тұстан андағайлап шапқан кезде ұйыса ұйлығып, теңіздің ақбас толқынындай буырқана шиыршық атып жөңкіледі. Басқыншы жау түн ортасында шапқан. Шырт ұйқыда жатқан ауыл жігіттері жылқыға жетіп үлгермеді. Бес қаруын асынып келген қарақшылар тәмам жылқыны сойылдап қуғанымен, жылқының құты Бозайғыр бөліне қашып, туған жеріне тартады. Барымташылар аузымен құс тістеген жүйріктерімен іле қуғанымен қара шалдырмай кетеді. Арқырай кісінеп, туған жерінің өртенген, бүлінген, дүние-мүлкі шашылып жатқан, сойылға жығылған жұртына келіп күңірене кісінеді дейді. Күй тілі оқиғаны айна-қатесіз, дәл осылай баяндайды. «Бозайғыр» күйінің желісі төрт түлік малдың төресі – жылқының бойындағы осынау асыл қасиетті паш етеді. Қос ішек күңірене боздап, Бозайғырдың шыбын жаны шырқыраған, жер тарпып аласұрған сәтін айнытпай баяндайды. Оның арғы жағында тілсіз мал болса да көкірегінде тұнық суын ішіп, жасыл шалғынына жайылған туған топырақты қимайтын бір сезімнің бебеулеп жатқанын аңғаруға болады. Ал адам ше? Көзі ашық, көкірегі ояу жан өз Отанын, өз жұртын басқыншы жауға бастырып қоймауға тиіс. Күйдің айтары да сол. Тыңдаған жанның алпыс екі тамырын тулатып, тұла бойын қорғасындай балқытып, естіген есті құлаққа нағыз патриоттық, ұлтжандылық, елжандылық дәнін сіңіреді.
Сахнадағы дәулескер домбырашы Сәкен Біржанов күй лебімен ырғалатындай. Ол бұрынғы Чкалов ауданының Талдыкөл ауылының тумасы. Өнері өрістеген шаңырақта дүниеге келген. Ән құшағында тербеліп ер жеткен. Әкесі Көкшені әнмен қырған Еркін Біржанов отбасына қарайлап, алысқа ұзап шыға алмады. Табиғи таланты толайым еді, мүмкіндігі де қаптал жететін. Үлкен өнердің жарық жұлдызы болуға жаратқан ие сыйлаған табиғи дарыны жетіп тұрғанымен, ата-анасының жайына қарайлаған. Сол себепті де ауылда қарапайым жүргізуші болып еңбек етті. Адал жүрді, адал тұрды, өнерге де адал болды. Облыс орталығында күн құрғатпай өтіп жататын байқауларға қатысып, талай рет топ жарды. 1981 жылы Мәскеуде Кремльде ән салған. Зиялы қауым көкшетаулық қазақтың табиғи талантына тәнті болыпты. Республикалық сахналарда да ән-жырдың алтын бесігі – Көкшенің намысын қорғады, шетелдерге де сапар шекті. Осылайша талай жетістікке қол жеткізді. Ең бастысы, бауыр еті балалары да әке жолын қуып, өнердегі танымал тұлғаларға айналды.
1988 жылы Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын аяқтаған Сәкен Еркінұлының өнердің үлкен ортасында ірге теуіп қалуға мүмкіндігі бар еді. Болашағынан үлкен үміт күткен ұстаздары консерваторияда қалып ғылыммен айналысуға ұсыныс жасаған. Әйтсе де өнерпаз ұланның бір бүйірінде туған жерге деген сағыныш, перзенттік махаббат мөлдіреп жатқан болатын. Сол сезімдер қолынан жетектеп әкесі әнмен әлдилеген Көкшетауға алып келді. Облыс орталығындағы Үкілі Ыбырай атындағы филармонияға 1993 жылы орналасты, осы бір кезден бастап домбырашы Сәкеннің аты дүркіреп шыға бастады. Ақсары өңі алаулап, үнемі емен-жарқын күлімдеп жүретін домбырашының бойындағы шынайы қарапайымдылық, үлкенге деген ізет, ішкі мәдениетінің молдығы өнерімен ұштасқан соң көрермен ықыласына ие болды. 1998 жылдан бері өнерге ұмтылған ұландардың тәлімді тәрбие мектебіне айналған мәдениет колледжінде ұстаздық етуде.
– Көне күйлер – еліміздің асыл, қымбат қазынасы, – дейді күйшінің өзі, – бұл күйлердің ішкі мағынасында үлкен тәрбиелік мән жатыр. Тек санамен салмақтап, түсіне білген ләзім. Кез келген күй әлдебір тарихи оқиғаға байланысты шыққан. Ең алдымен күй тілінде өрілетін, көне дәуірдегі айтулы оқиғаны бейнелейтін музыка сөзін қапысыз аңғарып, сезіне білу қажет. Ықылым заманнан бері желі тартқан жүз сан күйдің бәрі де ежелгі ел тарихын құрайды. Осы күйлерге қарап-ақ біз халқымыздың қандай сұрапыл жылдарды, запыран заманды басынан кешіргенін аңғарар едік. Бұл туралы тарихи тұлғаларымыздың айтқан, жазған деректері де аз емес.
Әнші Еркін ағамыздың Сәкеннен кейінгі ұлы Дәурен Көкшетаудағы музыка колледжін тәмамдаған соң, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында білімін жалғастырды. Қазір облыстық филармонияда қызмет етеді. Прима аспабының хас шебері. Өз білгенін Біржан сал атындағы музыка колледжінің білім алушыларына үйретуде. Дәуреннің ұлы Арсеннің көңілі флейтаға құлаған. Таяуда Грузияда өткен халықаралық байқауда жеңімпаз болып оралды. Қыздары Айару мен Әдина да музыка әлеміне ынтық. Екеуі де пианинода ойнайды. Ал кіші ұлы Хасен болса атасынан сабақталып келе жатқан әдемі өнердің кішкентай өкілі. Күйсандықтың құлағында ойнайды.
Мәдениет саласының үздігі Сәкеннің ұлы Мәден Нұр-Сұлтан қаласындағы медицина университетінің студенті. Өнері өрістеген шаңырақта өмірге келіп, құндақта жатқан шағында күймен тербелген. Мәден жасынан сәулелі музыка әлеміне ғашық. Күйсандықта классикалық музыкаларды нәшіне келтіре орындайды. Екінші ұлы Ғали Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы университетінің компьютерлі графика факультетінде оқып, білім алып жүргенімен, қолынан домбыра түскен емес. Алғашқы ұстазы – әкесі. Музыка мектебінде де әкесінен дәріс алған. Сәкен Біржанов тәрбиелеген жастар да қаулап өсіп келеді. Өз әулетінен тараған өнерпаз ұл-қыздармен бірге шәкірттері де мерейін өсіруде.
Сахна төрінде тағы да күй шалқыды. Салтанатты рәуіштегі күй. Ел болашағының жарқын екендігін көкірекке құйып тұрғандай. Бұл дәулескер домбырашы, өнер шуағы шалқыған шаңырақтың бір өкілі Сәкен Біржановтың шабытты шағының шағын бір көрінісі.
Ақмола облысы