• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 10 Қыркүйек, 2021

Сәбеңнің бөріктері

1001 рет
көрсетілді

Алматыдағы С.Мұқановтың музей-үйінің экспозициясы­на академик-жазушының бірнеше бас киімі қойылған. Солардың бірі – құндыз бөрік. Бөріктің жиегі құндыз терісімен көмкерілген. Төбесі қара түсті матамен, астары қара түсті жібек матамен қапталған. Сатып алынған. Екіншісі – жиегі бұлғын терісімен көмкерілген бөрік. Төбесі қара түсті матамен, астары қара түсті қаракөл елтірісімен қапталған. Бөріктің төбесі төрт қиық, әр қиықтың төбеде түйісетін ұштары үш бұрыш тәрізді болып келген. Қолдан тігілген.

Сәбең жазда басына қа­зақ­тың тақиясын, ал қыста қазақ­тың бөркін киіп жүрген. С.Мұ­қановтың тек қана жазушы емес, ғылыми еңбектер жазған ға­лым екені де белгілі. Қазақ хал­қының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, киімдерін зерттеп, өзі «Қазақ қауымы» деп атаған еңбегін жазды. 1974 жылы жазушы қайтыс болғаннан кейін бұл еңбегі қысқартылып, аты өзгеріп, «Халық мұрасы (тарихтық және этнографиялық шолу)» болып жарық көрді. Тек қана 1995 жылы «Қазақ қауымы» деген ат­пен толық нұсқасы «Санат» бас­пасынан көпшілік оқырманға ұсынылды, 10 томдық Таңдамалы шығармаларына (9-том) енді (2020, «Қазығұрт», Құрастырған Ә.Қайырбеков).

Осы еңбегінде: «Қазақ хал­қының бас киімдері бөрік, тымақ, құлақшын, жалбағай, делбегей деп аталады. Іші ел­тіріден немесе аң терісінен жа­са­латын, матамен тысталатын бөрік – жаздың киімі. Түлкінің пұшпағынан жасалатын бөрікті арқада «тақия» дейді. Әйелдер­дің жеңіл, үкілі, сәнді тақия үл­гісі қазаққа татардан келгенге ұқсайды. Семей облысындағы, әсіресе тобықты руындағы қа­зақтар бөрік орнына «жекей» ата­латын елтірі тымақ киген. ...Қ­азақ «бағым ауады» деп бас киімді ешкімге сыйламайды» деген мәлімет береді.

 

Рашида ОТАРОВА,

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық  музей кешенінің ғылыми қызметкері