Адамзат тарихын қасіретпен айғыздаған алапат соғыс туралы сөз қозғағанда даңқы жер жарған Панфилов дивизиясының ерен ерлігінен аттап кете алмасымыз анық. Аты аңызға айналған дивизияның көзі тірі ең соңғы жауынгері Қайырлы Жоңқабаев бүгін 100 жасқа толды. Ғасыр ғұмыр жасаған қарияны ойлы оқырман атынан бедерлі белесімен құттықтаймыз!
Тұманды кезеңнің тірі куәгері Алматыда тұрады. Көз алдында өрбіген көп жайды жанарына жас алып әңгімелейді. Қыршынынан қиылған боздақтардың тағдыры қанша жыл өтсе қабырғасын қайыстырады. Соғыс картиналарын суреттеп отырып сезімге ерік бергенімен, бір сәт бұл әсерден сап тиылып тәуелсіз, мамыражай күнге тәубе айтады. «Бар арманым – бүгінгі ұрпақтың бейбіт таңы қияметке дейін жалғасса екен», деген ақсақал тыныштықтан асқан байлық жоқ екенін байыптап жеткізеді.
«Небәрі 20 жасымда майданға аттандым. Біз жау әскерін Мәскеуге 30 шақырым қалғанда тоқтаттық. Қарашаның аяғы, желтоқсанның басында қайта қарсы шабуылға шықтық. Содан фашист армиясын Мәскеуден 150 шақырымға дейін қуып тастадық. Біздің жеңіс жолындағы рухымыз күшті болды. Мұндай зобалаңды енді ешкімнің басына бермесін. Соғыс салған қанды қасірет талайлардың арманын тұншықтырды. Талай боздақ түтінін де түтетіп үлгере алмастан, өмірмен қош айтысты. Шүкір, ұрпағымыз мамыражай заманда тіршілік кешіп жатыр. Бұл үлкен бақыт. Басымыздағы бейбіт таңды бағалайық. Ел іргесі берік, тәуелсіздігіміз баянды болсын», дейді қария.
Қайырлы Уатайұлы 1921 жылы 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1940 жылы Шығыс Қазақстан облысының Құлжа орта мектебінде мұғалім болып бастаған ол 1941 жылы қазан айында Панфилов дивизиясының 23-ші гвардиялық полкіне қызыл әскер ретінде алынды. Ардагер соғысқа бастан-аяқ қатысқан. Ол құрамында болған 316-атқыштар дивизиясы 1941 жылы Алматыда құрылды. Алдымен 1941 жылы 16-армия құрамында Мәскеуді қорғау соғысына қатысты. Панфилов басқарған дивизия соғыстағы ерлігі үшін 8-атқыштар гвардиясы атағын алды. Қызыл Ту, «Ленин» ордендерімен марапатталды. Соғыстан кейін Самар аудандық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет еткен Қайырлы қария әрі қарай аудандық тұтынушылар одағында басшылық лауазымда еңбек еткен. 1970-1983 жылдар аралығында Алматыдағы қоғамдық тамақтандыру жүйесінде шаруашылық есеп директоры қызметін атқарды. 1983 жылы құрмет демалысына шыққан ардагер бес бала тәрбиелеп өсірді.
Ғасыр ғұмыр ғибратына бас иген алматылықтар атай тұратын үйдің ауласын бетке алды. Жылдағы дәстүр бойынша генерал Панфиловтың жиені Алуа Байқадамова бастаған зиялы қауым гүл шоқтарын ұсынып, даңқты дивизияның соңғы жауынгеріне алғыс жаудырды. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері оркестр сазын әуелетіп, ғасыр сөндіре алмаған жалынның мәңгі лаулауын тіледі...
АЛМАТЫ