• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 12 Қыркүйек, 2021

Қарышта, қазақ киносы!

1245 рет
көрсетілді

Қазақ киносы –  қазақтың өткен ғасырдан бергі сан тарау тарихын алтын қорымызға түгел таспалап, жас ұрпақты жасампаз рухта тәрбиелеп келе жатқан ел руханиятының ең үлкен тірегі. Жалпы, кино саласы, оның түрлі тармақтары кез келген мемлекеттің идеологиялық басты құралы екені шындық. Ертеңгі ұрпақ тәрбиесі экранға тікелей байланысты. Сол ретте қазақ киносы Алаш баласы жүріп өткен өнегелі жолды келешек жас буынға түрлі жанрда оң насихаттап келеді.

Қазақ киногерлерінің кәсіби мерекесі тұсында біз осынау маңызды сала­ның майталмандары атқарып келе жат­қан елеулі істерді санамалап өткені­міз дұрыс. Ғасырға жуық уақыт бұрын отандық фильмдеріміз өз көрер­мендеріне алғаш жол тарта бастады. Айталық, 1938 жылы түсірілген «Аман­гелді» фильмі біздің алғашқы кино өнім­деріміздің бірі. Ресейлік «Ленфильм» киностудиясы таспалаған «Амангелдінің» сценарийі өзімізде жазылса, рөлдерді отандық актерлер сомдап шыққан болатын. Жалпы, қазақ киносының тарихын бұдан да әрі бастауға болады.

Ең бір ерекше айтылуы керек жайт, 1941 жылы Алматы көркемфильмдер киностудиясы құрылып, ол білдей КСРО киносының негізгі орталығына айналды. Яғни соғыс жылдары «Мосфильм» мен «Ленфильм» Алматыда жұмыс істеді. Қазақ киносының осы ретте іргетасы мығым, үлкен мектептерді бастаушы орталықтан қанаттанғаны оның бүгінгі нық қадамдарынан айқын көрінеді.

Кешегі Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов сынды алыптар негізін қа­ла­ған отандық кино болашағы әлі де жарқын белестерді бағындыруы керек. Айталық «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште» бастаған классикалық қазақ кинолары тек қана отандық кино индустрияның жетістігі мен жемісі емес, олар тұтас ұлттың әдебиеті мен мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тілін, тарихын тынбай насихаттап келе жатқан баға жетпес құнды жәдігерлер.

«Қазақфильм» – ұлттық идео­ло­гия­ның негізі қайнар бастауы. Онда жұмыс істеген әрбір маман мемлекеттің рухани саулығына тікелей жауапты жандар. Біз негізінен кино туралы айтқанда, актерлер мен режиссерлардың  еңбегін ғана атап өтеміз де, оның сыртында тер төгіп жатқан жүздеген маманды таспадан бөлек, тарихтың да тасасында қалдырып кетеміз. Отандық кино жетістігін айтқанда жарық түсіру­шіден бастап, сол фильм­нің шығуына шын жанашыр жандардың бәріне құрмет білдір­геніміз жөн.

Жалпы, қазақ киносы қандай дегенде әлем алдына ұлтымыз ұялмай ұсына алатын өнімдеріміз жетерлік. Оның саны да, салмағы да тәуелсіздігімізді алған кейінгі отыз жыл мұғдарында тіпті арта түсті.

Тарихи драмалармызды айт­па­ғанда, «Тақиялы пе­ріш­те» бастаған киноко­ме­дия­ла­ры­мыз­дың көшінің өзі бүгін үлкен бе­ле­стерді бағын­ды­рып, көрер­мендердің шынайы көзайы­мы­на айналып келеді.

Деректерге сүйенсек, асыл азаттығымызға қол жеткізген күн­нен бері қазақ киносы 600-ден астам сапалы өнім түсіріп үлгеріпті. Оған қызмет етіп, тер төккен қайраткер өнер иелерінің еңбегі зор. Бір-екеуін атап кетер болсақ, күні кеше өмірден озып кеткен Сатыбалды Нарымбетов бар, ерекше қолтаңбаларымен танымал Ермек Тұрсынов, Рүстем Әбдіраш, Ақан Сатаевтар қазақ киносының кешегісі мен келешегін жалғап келе жатқан жасампаз да жаңашыл нағыз майталман мамандар.

Қазақ киносы тәуелсіздік алған жылдардан бастап қайта тү­леді. Ұлттық рухқа суарылған соны картиналар көрермендердің мол олжасына айналды. Тари­хи тұлғаларымыз осы сала ар­қы­лы туған халқымен қайта қа­уышты. Әрине Кеңес өкіметі тұ­сында да қазақ халқының өткен өмірін барынша көрсеткен «Абай әні», «Шоқан Уәлиханов», «Қыз Жібек», «Сұлтан Бейбарыс», «Жамбылдың жастық шағы» сынды фильмдер түсіріліп келді. Дегенмен олардың барлығының астарында толық қамтылмаған қазақтың бай тарихы тұншығып жататын.

Ел егемендік алған соң ұлт шежіресі ұрда-жық саясаттан ада еркін жазылды. «Көшпенділер»,  «Біржан сал», «Құнанбай», «Қазақ хандығы», «Жау жүрек мың бала» сынды фильмдер көшпелі қазақ ұлысының бай тарихын жас ұрпаққа еркін таныстыра алды.

Экран арқылы ел мәдениеті қалып­та­сады.

Қазақ киносы – ұлт шежіресі.

Ұрпақ өз жадына тарих арқылы, әдебиет арқылы үңіледі. Сол кезде кино саласы бірден-бір көмекші құрал.

Сондай-ақ кино ұлт талғамайтын ауқымы әлдеқайда кең өнер саласы. Кез келген ұлтты олар жайлы түсірілген болмаса олардың өздері таспалаған туындылардан танып алуға болады.

Мемлекет ана тілін ерекше наси­хат­тағысы келсе, бала тәрбиесімен толыққанды айналысу керек болса, шын өнерге толық қамқорлық  танытамыз десек отандық кино көкжиегін кеңейту ісін кенжелетпеген жөн.

Өз тарихымызды, өткен жолымызды, асыл тегімізді, ата-бабамыз қалдырып кеткен баға жетпес бай қазынамызды көзіміздің қарашығындай сақтау – әр қазақ баласының парызы болуы керек. Бұл ретте тарих пен кино тамырласып, астасып жатқаны жөн.

Ғаламтор желісінің арзан ақпараты ұрпақ санасын қажетсіз ақпараттармен улап жатқан ал­мағайып кезеңде біз отандық киноға ерекше мән бергеніміз дұрыс. Тарихи санамызды оятатын салмақты да сапалы өнімдер ұлт келе­ше­гінің жарқын кепілі.

Қарышта, қазақ киносы!