Президенттің халыққа Жолдауы – қашанда жылдың басты құжаты. Сол себепті ұлы Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда, әр тыңдаған сайын «жыл келгендей жаңалық сезінеміз». Әлемге аранын ашқан аты жаман тәжді тажалдың адамзат атаулының еңсесін басып, байлаулы арғымақтай арынын қайтарып тастағаны рас.
Күнделікті басылым бетінен: «Күресіп жатырмыз», деген ақпаратты оқыған сайын, көңіл тоғайтқандай болғанымен, ащы ішектей шұбатылған ауыр күндер қашан аяқталар екен деп алаңдайсың.
Жолдаудың алғашқы бөлігінің «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму» деп аталғанын көріп, орын алған қиындықтардың себебі туралы терең талдаулар мен одан шығудың нақты жолдары туралы оқығаныңда, бойыңа сенім ұялап, кәдімгідей серпіліп қаласың.
Ойға алғанның қапысыз орындаларына еш күмән жоқ.
Қиян-кескі ұрыстың ортасында елді дамыту жөніндегі жоспарды қарап отырып Черчилль: «Мұнда неге мәдениет қарастырылмаған? Егер мәдениет жоқ болса, онда не үшін соғысып жатырмыз?!» деп таңғалған екен. Сол айтқандай, пандемиямен алысқанда, болашақ үшін жан беріп, жан алысып жатқан жоқпыз ба?
Енді, міне, арада апта өтпей жатып, Үкімет Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі бағыттары мен бастамалары бойынша міндеттерді сапалы әрі жедел шешуге бағытталған «Жолдауды іске асыру үшін Жалпыұлттық жоспарын» әзірлеп үлгерді.
Президенттің қолдауымен жағадан да алып, етектен де тартып, бас көтертпей жатқан қиындықтардың арасынан көктемгі қызғалдақтай, кенен тарихымызды түгендеп, ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқаратын біздің Орталықтың құрылуы – ата-баба аманатына шексіз адалдық пен келешекке арналған кемел қадамның жарқын үлгісі еді.
«Мәдениет» деген жалғыз ауыз сөздің күні бүгін алты жүзге жуық анықтамасы бар. Бұл – оның адам өмірімен біте қайнасып жатқандығының белгісі. Осы сала қызметкерлерінің, кітапханашылар мен мұрағатшылардың еңбекақысын көтеру мәселесі көкейге қонады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашанда ерекше. Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Ел ағалары бірауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған» деген сөзі қуат беріп қана қоймайды, асқаралы міндет жүктейді.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында айтылған Жолдау бұлт астынан шыққан күн секілді жанымызды жадыратып тастады. Шын мәнінде, «егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес», ендігі жерде қайнаған іс күтіп тұр.
Әлібек АСҚАР,
«Геральдикалық зерттеулер орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры