Дүние жүзін жайлаған коронавирус індетінің салдарынан мектеп пен жоғары оқу орындарының білім алушыларын қашықтан оқыту барысында кемшіліктер мен олқылықтардың орын алғаны белгілі. Бұл мәселенің дұрыс әрі жылдам шешімін табуы мұғалімдер мен оқытушылар қауымына үлкен жауапкершілік жүктейді.
Жолдауда қарапайым ауыл мектептеріне де қолдау көрсетілетіні айтылды. Ауыл мектебінің мәселесі – қазақтың елдігінің мәселесі, ауылдың, елді мекеннің сақталуының бірден-бір алғышарты.
Жаңа білім беру нысандарын салуда бизнесті тартып, қолдаудың жаңа түрлерін, соның ішінде қаржыландырудың ваучерлік тәсілін ойластыру қажет екендігіне мән берілді. Осы орайда мектеп салған инвесторлар құрылыс жұмысының шығынымен қатар сол мектепке жаңа формациядағы мұғалімдерді даярлауға, олардың білімдерін 3 жылда бір жетілдіруге кететін шығынды да ескерсе деп ойлаймын. Бүгінгі таңда жаңа формациядағы мұғалімдер – қазіргі Назарбаев зияткерлік мектебіндегі мұғалімдер. Әр мұғалімді бұл деңгейге жеткізу үшін мектепті Назарбаев зияткерлік мектебіндегідей материалдық, техникалық базамен толық қамтамасыз ету қажет.
Еліміздегі демографиялық үрдістің оң өзгерістері жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа келетін баланың санынан айқын көрінеді. Бұл мәселе жыл сайын елімізде жүздеген мектеп пен балабақша салу қажеттігін айқындайды. Осыған орай болашақ мұғалім мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарына да сан мен сапа жағынан талаптың біршама күшейтілетіндігін сеземіз.
Биыл педагогикалық мамандықты таңдаған мектеп түлектеріне ҰБТ балы 75-тен кем болмауы талап етілді. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетіндегі педагогикалық мамандықтарға, әсіресе, математика, физика, информатика мұғалімдерін даярлау мамандықтарына күндізгі бөлімге 182 студенттің, оның ішінде 22 «Алтын белгі» иегерінің қабылдануы – жастардың білімге, ұстаздық қызметке деген құштарлығы болар. Осы жастар – болашақ ұстаздар ел Президентінің бүгінгі Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыратын біздің ғылыми-педагогикалық қызметіміздің жемісі болады деп сенемін!
Оралтай Жолымбаев,
Семей қаласының Шәкәрім атындағы
университетінің кафедра меңгерушісі,
қауымдастырылған профессор