Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы 2020-2025 жылдарға арналған міндеттер, 2021 жылғы құрылыс және реконструкциялау жобалары, жергілікті желіні дамыту, жұмыс сапасы, ақы алу жүйесін енгізу және жол бойындағы қызмет көрсету нысандары туралы әңгімеледі.
Қазақстанның автожол саласын ілгерілету үшін Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы әзірленген болатын. Биылдан бастап аталған бағдарлама «Қуатты өңірлер: ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына айналады.
«2020 жылға дейін біз республикалық маңызы бар жолдардың 13 мың шақырымға жуығын реконструкцияладық, бұл республикалық желінің 89%-ын және жергілікті желінің 75%-ын нормативтік жағдайға жеткізуге мүмкіндік берді. Жалпы, Ұлттық жобаға сәйкес республикалық маңызы бар жолдардың 12 мың шақырымын құрылыс және реконструкциямен, ал 11 мың шақырымын жөндеумен қамту көзделіп отыр. Сондай-ақ жергілікті желі жолдарының 27 мың шақырымына жөндеу жүргізу жоспарланған», деді Б.Камалиев.
Вице-министрдің айтуынша, биыл жол-құрылыс жұмыстарымен 8,4 мың шақырым, оның ішінде республикалық желі бойынша 5 мың шақырым, соның 3,6 мың шақырымы реконструкциямен, 1,4 мың шақырымы жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Жергілікті желінің жолдары мен көшелерінде жол-құрылыс жұмыстары 3,4 мың шақырым жолда жүргізілуде. Жыл қорытындысы бойынша республикалық автомобиль жолдарының 90%-ын және облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 80%-ын нормативтік жағдайға жеткізу көзделген.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Орталық-Оңтүстік» дәлізін дамыту қарқын алды. Бүгінгі таңда реконструкция жұмыстарымен ұзындығы 955 шақырым болатын Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал – Күрті – Қапшағай учаскесі қамтылған. Еліміздің шығысында Талдықорған – Өскемен (768 шақырым) және Қалбатау – Майқапшағай (415 шақырым) автомобиль жолдарын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, «Үшарал-Достық» (184 шақырым) автожолының, «Мерке – Бурылбайтал» (262 шақырым), сондай-ақ, ұзындығы 96 шақырым болатын «Ұзынағаш-Отар» автомобиль жолдарының реконструкциясы жүргізіліп жатыр. Батыс өңірде Ақтөбе – Атырау – Астрахань (740 шақырым) дәлізін жаңарту бойынша жұмыстар қарқын алды. Сондай-ақ Шамалған стансасының темір жол өткелінде жол айрығының құрылысы жалғасуда. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар жолдардың 2,2 мың шақырымында жұмыстарды аяқтау жоспарланған. Аталған жобалар 2021-2023 жылдары кезең-кезеңмен тәмамдалады. Бұдан бөлек, мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының құрылысы жүргізілуде, ол 2024 жылы аяқталады.
«2025 жылға дейін біз облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының нормативтік жағдайдағы үлесін 95%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Биыл жергілікті желідегі 3,4 мың шақырым жолды қамти отырып, құрылыс, реконструкция мен жөндеудің 337 жобасы іске асырылуда», деді спикер.
Брифинг барысында жолдарға ақылы жүйе енгізу мәселесі де көтерілді. «Ақылы жолмен жүру тарифтері 2013 жылы бірінші ақылы учаске енгізілген кездегі деңгейде қалғанын атап өту қажет: жеңіл автокөліктер үшін – 1 шақырымына 1 теңге, ауыр жүк көліктері үшін – 1 шақырымына жүк көтерімділігіне байланысты 5 теңгеден 25 теңгеге дейін», деді ведомство өкілдері.
Б.Камалиевтің айтуынша, ақылы жүйе автожолдарды нормативтік күтіп ұстау үшін енгізіліп жатыр, аталған жүйе шығындарды толық көлемде жабуға және республикалық бюджетке жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. 2025 жылға дейін ақылы жүйені республикалық желідегі автомобиль жолдарының 11 мың шақырымына енгізу көзделген. Сондай-ақ жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының 100%-ы Ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендірілмек.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өкілдерінің айтуынша, бүгінде республикалық маңызы бар жолдардың бойында 1 738 қызмет көрсету нысаны бар, олардың 1 093-і немесе 63%-ы Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. 2021 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 66 %-ға дейін арттыру қажет.