Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясына Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Спанов, сондай-ақ өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ермұханбет Дәулетбаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Айтбаев қатысып, аймақтың эпидемиялық жағдайы мен індеттің таралым аясын тарылту бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.
Е.Спановтың айтуынша, пандемия басталғалы Қостанай облысында 31 492 коронавирус жұқтыру жағдайы тіркелген. Қазір 21 инфекциялық стационарда 607 адам емделіп жатыр. Эпидемиялық ахуал күрделенген жағдайда, емдеу мекемелеріндегі кереует санын 3 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Карантин талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында мобильдік топтардың жұмысы жалғасуда. Тексеру топтары биыл тамыздың бірінен бастап 2 мыңнан астам рейд шараларын өткізіп, шектеу тәртібін бұзған 206 кәсіпорынды анықтаған. Бүгінге дейін өңір тұрғындарының 61%-дан астамы вакцинаның бірінші сыңарын, ал 53 пайыздан астамы екінші сыңарын қабылдаған. Аймақта «Ашық» жобасына қатысу үшін 4 819 өтінім қабылданып, олардың 4 719-ы QR-код алды. Тамыз айынан бастап есептегенде, Тобыл-Торғай өңірінде 1 978 нысан «Ашық» жобасына тіркелген.
Е.Дәулетбаев түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде өңірде соңғы екі жеті бойы індет жұқтыру жағдайы тұрақты түрде төмендеп келе жатқанын жеткізді.
– Бүгінде медицина қызметкерлері мен мұғалімдердің, күш құрылымдары қызметкерлерінің 95 пайыздан астамы вакцина қабылдады. Өңірде тіркелген науқастардың 97 пайызы – коронавирус инфекциясына қарсы вакцина қабылдамағандар, – деді Е.Дәулетбаев.
Қостанай облысы эпидахуалдық көрсеткіші бойынша әлі де «қызыл аймақта» жатқандықтан, өңірдегі көптеген нысан толыққанды жұмыс істей алмай отыр. Оларға ең алдымен нысанға кіретін адамдардың санын шектеу, белгіленген арақашықтықты сақтау, жұмыс уақытын қысқарту, маска режімін, санитарлық тазалықты сақтау сияқты талаптар қойылып отыр. Өңірде «Ашық» жобасына қатысып жатқан нысандардың демалыс және мереке күндері жұмыс істеуіне, жұмыс уақытын ұзартуына рұқсат берілген.
Баспасөз жиыны барысында Р.Айтбаев аймақтағы емдеу мекемелерінің дәрі-дәрмекпен жеткілікті түрде қамтамасыз етілгенін айтты.
– Облыстағы дәріханалар мен стационарларда дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қоры бар. Жоғары сұранысқа ие дәрілер де жеткілікті. Біз қазір тәулігіне 2 жарым мыңға дейін тестілеу, зерттеу жұмыстарын жүргізе аламыз. Арқалық қаласында тәулігіне 300 тестілеу жүргізетін зертхана ашылған. Бұл облыстың оңтүстік аудандарындағы тұрғындарды тестілеу мәселесінің шешілуіне мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде облыста барлығы 190 стационарлық және жылжымалы екпе пункттері жұмыс істеп жатыр. Мұның сыртында халық көп жиналатын қоғамдық орындарда да вакциналау орындарын ашып қойдық. Бүгінге дейін облысқа коронавирусқа қарсы вакцинаның 381 535 дозасы жеткізілді, – деді басқарма басшысы.
Облыс тұрғындарын ерікті түрде жаппай вакциналау шараларына арнайы дайындық курсынан өткен 426 медицина қызметкері тартылған.
Қостанай