Ең ауыр жалғыздық – көп ішіндегі жалғыздық. Суретші Пол Гогеннің «Арлестегі түнгі кафе» картинасы туралы әңгіме өрбіткенімізде, мұнда досы Ван Гогтың да ізі жатқанын айтқанбыз. Вокзал кафесі – жалғыздық кафесі. Жетім көңілін жетелеп келген, арманынан адасқан жолаушылардың мекені. Тағы да жалғыздық бояуы, енді Винсент Ван Гогтың көзімен.
Қалыбы мен қағидасы бөлек қылқалам шебері «Түнгі кафе» картинасын 1888 жылы қыркүйекте жазған. Дәл осы күні. Үш түн бойы Францияның оңтүстігіндегі Арлес қаласындағы вокзал кафесіне барып, түнгі келушілердің уақытын мақсатсыз ішіп өткізетініне көзі жетеді. Арпалысқа толы өмірмен шаруасы жоқ бейқам адамдардың болмысы суретшінің келесі бір туындысының тақырыбына айналады.
Кенептегі сызықтардың бұлыңғырлануы, түстердің ұқыпсыздығы, кейіпкерлерінің көмескі жүздері автордың ойына ештеңе кіріп шықпайтын оспадар адамның жағдайын жеткізгісі келетінін мәлімдеп тұрғандай.
Бөлменің интерьері суретшінің депрессиялық күйін көрсететін бір-біріне қарама-қарсы ньюанстарға толы. Төбедегі жасыл түс қызыл қабырғалардың мазасыздығынан күшейген автордың күннен-күнге меңдеп бара жатқан сырқатын көбірек еске түсіреді. Ал қалың да жұқа сары реңктер мекеменің көңілді және түтінді атмосферасын айшықтап тұр. Қалған бильярд үстелі, көптеген бөтелке мен әбеқоңыр үстелдегі бос құмыралар одан әрі мағынасыздықты һәм бостықты баяндайды.
Қою қара түннің мазасын алған кафе, түн ортасы болса да ұйқысы қашқан адамдар, терезедегі түнгі пейзаж, беймаза сағат, ертеңі күңгірт ерлі-зайыптылар бәрі де бір нүктеге байланған.
Алдындағы шарабын тауыса алмай ұйқыға кеткен маскүнем мен ішімдікке сылқия тойған екі сұхбаттасушы жағымсыз әсерді одан әрі күшейтеді. Бұл эффектіні сары костюмдегі келуші аяқтайды, ол суретші мен оқырманға тура қарап тұр. Ол мағынасыздықты Ван Гогтан іздейтіндей.
Суретші ағасы Теоға жазған хатында бұл картинада адамның өзін өзі тұңғиыққа батырғанын және құрдымға тартқан құмарлықты жеткізуге тырысқанын айтады. Бұл сәт оны есінен алжастыратынына әрі қылмыс жасауға итермелейтінін жеткізеді.
Бұл сурет сыншылар тарапынан жоғары бағаланып, Ван Гогтың ғажайып туындыларының бірі де бірегейі есебінде тарихқа енді. Кейіннен ол жаңа стиль, яки экспрессионизмді дүниеге әкелді. Суретші аталған шығармасын акварельмен қайталайды.
Бүгінде «Түнгі кафе» картинасы Йель университетінің көркем галереясында сақтаулы.