Бесіктен белі шықпай жатып мына дүниенің бес күндік жалған екенін сезінген, тағдырдың теперішін көрген, жетімдіктің ащы дәмін татқан сәбилерге біздің қоғам қаншалықты қорған, қамқор болып жүр? Бәлкім, кейінгі жылдары балалар үйінің, ондағы тәрбиеленушілердің әжептәуір азайғаны жетімін жылатпаған ел екенімізді ақтап алар.
Бес жылда 45 балалар үйі жабылды
Бірақ жаутаңкөздерімізді шетел асырып, жатжұртқа жетектетіп жібергеніміз қанша уақыт бетімізге салық, сүйегімізге таңба болып қалар екен? Опасыз дүние отбасынан айырып, аямай сынағаны аздай, оң-солын тани қоймаған, жете түсініп шешім қабылдай алмайтын баланы енді Отанынан, тілінен, ділінен айырып шетел асырып жіберуге хақымыз жоқ еді. Адам құқығын алдыңғы орынға қоятын елімізде жасалған бұл сорақы жағдай айналып келгенде бала құқығына қол сұғу емес пе?!
Бүгінгі таңда елімізде жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 95 ұйым бар. Оның 57-сі – білім беру, 20-сы – денсаулық сақтау, 18-і – халықты әлеуметтік қорғау ұйымының жүйесінде. Бұл – балалар үйінің соңғы 5 жылда 32%-дан артық қысқарғандағы көрсеткіші. Нақтырақ айтсақ, 2016 жылы балалар үйінің саны 140 болса, қазір мұндай ұйымдар саны – 95.
Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы Махаббат Бегалина балалар үйінің саны биыл да қысқарып жатқанын алға тартты.
Оның айтуынша, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 4 ұйым жабылды.
«Бүгінде елімізде балалар үйлерінің санын қысқарту үшін жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеудің отбасылық балама нысандары енгізілді. Бұл – асырап алу, қорғаншылық (қамқоршылық), патронат және баланы қабылдайтын отбасы. Мемлекет жетім балаларды тәрбиелеп отырған қазақстандық отбасыларға заңнамалық деңгейде материалдық қолдау көрсетеді. Жалпы, республикада ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 22 814 бала бар. Оның ішінде қазақстандық азаматтардың қамқорлығымен, патронаттық тәрбиемен, қабылдаушы отбасыларда, отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінде 18 603 бала тәрбиеленуде», деді М.Бегалина.
Балалар үйімен қатар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың да саны азайып жатқанын айта кеткен жөн. Егер 5 жыл бұрын, яғни 2016 жылы олардың саны 7 236 болса, қазір 95 ұйымда 4 211 бала тәрбиеленіп жатыр. Ал 15 жыл бұрынғы деректі келтірсек, 2006 жылы балалар үйіндегі бала саны 19 800 болған екен. Содан бері мұндай балалардың саны бес есеге дейін қысқарғанын байқауға болады. Әрине, осынау жылдар ішінде жаутаңкөз балалардың отбасын тауып, ата-ананың қамқорлығында тәрбиеленіп жатқаны қуантады. Бірақ бала асырап алғысы келгенімен, бюрократиялық кедергілерге тап болып, арманына жете алмай жүрген отбасылар әлі де баршылық. Мысалы, қазіргі уақытта бала асырап алғысы келіп талаптанып жүрген 8 мың отбасы кезекте тұр екен. Және мұндай отбасылардың саны жылдан жылға артып келеді. Бұған ата-ана атану бақыты бұйырмай, қанша жылдан бері сәби аңсап жүрген отбасылардың көбейіп жатқаны да себеп болып жатыр.
Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес бала асырап алудың жеңілдетілген рәсімі көзделген. Бұрын бала асырап алуға тілек білдірген азаматтар тиісті органдарға 14-тен 19-ға дейін құжат тізімін тапсыруы тиіс болатын. Ал қазір 8 құжат жинаса жеткілікті. Бұл – негізінен отбасының ортақ табысы, отбасы мүшелерінің денсаулығы дұрыс екенін, қылмысқа қатысы жоғын растайтын, баспанасы барын дәлелдейтін құжаттардың жиынтығы. Бала асырап алуға тілек білдірген адамдар Республикалық деректер банкінде (РДБ) есепке тұруға міндетті. Бұл ретте бала асырап алуға үміткер деп тану мемлекеттік қызмет ретінде көрсетіледі және бұл «Электронды үкімет» порталы арқылы жүзеге асырылады. Есепте тұрған азаматтар баланы жеке өзі таңдайды, онымен екі апта ішінде сөйлеседі. Осы мерзім өткеннен кейін бала асырап алуға келіскен жағдайда азаматтар сотқа тиісті өтінішпен жүгінеді. Бала асырап алу ісінде түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
Сәбиді сату – қылмыс
Былай қарағанда, бала асырап алу рәсімі жеңілдетілді дегенімен, мұның да әжептәуір машақаты көп-ақ. Сондықтан бұл мәселеде де бармақ басты, көз қысты әрекеттер кездесіп жататыны белгілі. Өйткені армандаған баласына қандай жолмен болсын қол жеткізуге дайын ата-аналар табылады. Ал «іздегенге – сұраған» дегендей, жеңіл жолын нұсқайтын және оны жүзеге асырып беретін «қызметшілер» де жоқ емес. Мысалы, жақында ғана, осы қыркүйек айының басында жетім сәбиді сатпақшы болған талдықорғандық шенеуніктің оқиғасы әшкере болды.
Баласы жоқ ерлі-зайыптылар көбіне жаңа туған сәбиді асырап алғысы келетіні түсінікті. Осы жағдайдан жақсы хабардар Талдықорған қалалық білім беру бөлімі балалар құқықтарын қорғау секторының меңгерушісі болып істейтін азамат төрт айлық сәбиді бала асырауға ниетті отбасыға сатуды ойлаған. Ол ата-анасы жол апатынан қайтыс болып, аман қалған нәрестені облыстық мамандандырылған балалар үйіне орналастырғанымен, Республикалық деректер банкінде тіркемеген. Жымысқы ойы бар шенеунік сәбиді асырап алғысы келетін отбасыны табуға сыбайласын көмекке шақырған. Ондай отбасы табыла кетіп, олардан 400 мың теңге ақша сұраған. Ерлі-зайыптылар олардың дегеніне қуана келіскенімен, бұл істің заңдылығына күмәнданып, Алматының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне жүгінген. Содан кейін антикор дереу әрекет етіп, әдейі «сатушылар» мен «сатып алушыларды» кездестіреді. Шенеунік ерлі-зайыптыларды РДБ-ға асырап алушы кандидат ретінде тіркеп, нәрестені көруге жолдама берген. Сөйтіп осы «қызметінің» ақысын алып жатқан кезінде ұсталған.
Бұл қылмыстық істі қараған Талдықорған қалалық соты айыпталушының әрекетіне өкініп, кінәсін мойындағанын және бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын ескере келе 12 млн теңге айыппұл салды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте істеуден өмір бойы шеттетілді. Ал оның сыбайласына 4 млн теңге айыппұл салынды.
Жаға ұстатарлық бұл жағдай – белгілі болғаны ғана. Ал біз біле бермейтін басқа да осындай қылмыстар болуы мүмкін. Бұл ретте Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин аталған мәселені шешу үшін нақты іс-әрекеттер қолға алынуы керек деп санайтынын жеткізді.
«Бала сату – ауыр қылмыс. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тағдырынан пайда табуды тоқтату керек. Әріден соң заңды айналып өтетін мұндай жымысқы әрекеттер тура жолмен бала асырап алғысы келетін азаматтардың құқығын бұзу болып саналады. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде құқық қорғау органымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитетпен, прокуратурамен бірге жұмыс жүргізіп, қорғаншылық органдары тарапынан жасалатын заңсыз іс-әрекеттерді, қызметін асыра пайдалану жағдайларын анықтаймыз», деді А.Саин.
Осы орайда А.Саин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгініп, бұлай бала сату жағдайын тоқтатуға пәрмен беруді сұрады және бірқатар шешімді ұсынды.
«Біріншіден, Республикалық деректер банкінің 5 жылдық жұмысына (жүйе 2016 жылы құрылған) аудит және талдау жүргізу керек. Құрылғанына көп уақыт бола қоймаса да бұл РДБ-ға шағымдар көп. Айталық, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың анықталған күнін және оны РДБ-ға есепке қою мен енгізудің нақты күнін салыстырған жөн. Алшақтық болған және негізсіз есепке қойылмаған кезде (мысалы, егер бала ауруханада жатпаса, бірақ мекемеде болса) себептеріне нақты тексеру жүргізілу керек. Осы аудит аясында баланың өте қысқа уақыт ішінде жүйеге енгізіліп, асырап алуға үміткердің ЭЦҚ кілті арқылы «жабылған» жағдайларды анықтау керек. Бұл жағдайларды IP-адрестердің немесе осы рәсімдердің жүргізілген жерлерінің сәйкестігі тұрғысынан талдау керек. Егер рәсімдер бір жерден жасалған болса, онда бұл қылмысты растайды. Өйткені бала балалар үйінде болса, асырап алушы сол жерде бола алмайды. Тексеру нәтижелері бойынша жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдану керек. РДБ-ның жұмысына, оның ішінде балалар туралы деректермен айла-шарғы жасау, ақпаратты енгізу-өзгерту мүмкіндіктерінің болмауына көз жеткізген дұрыс. Сондай-ақ заң бұзушылықтардың алдын алу шаралары қарастырылуы керек. Мысалы, егер сол немесе өзге мемлекеттік орган тиісті ақпаратты уақтылы енгізбесе, онда жүйеде бұл жол «қызарып жанады» және уәкілетті орган бұл бұзушылыққа қарап, дереу әрекет етеді», деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Сонымен қатар А.Саин бюрократиялық тетіктердің осылай заңсыз мақсаттарда қолданылуының себептерін түсіндіре кетті.
«Қазіргі кезде бала көтеруге қабілетсіз жұптардың қатары артып жатқаны мәлім. Нақтырақ айтсақ, бүгінде ерлі-зайыптылардың 15%-ы бала көтере алмайды. Ал араларында бала болмауына байланысты жалпы некенің 20%-ы бұзылады. Сондықтан жыл сайын бала асырап алғысы келетін отбасылардың саны көбейіп жатыр. Шын мәнінде, мұндай жағдай – тек біздің елге ғана емес, барлық дамыған елдерге тән құбылыс. Бала асырап алғысы келетіндерге құжат жинау барысында бұл рәсімдердің күрделі екені, балалардың жетпейтіні және бірнеше жылдан бері кезекте тұрған адамдар бар екені туралы айтылуы мүмкін. Қандай қадамға болсын дайын жұптар болса, оларға «мәселені шешу» жолы ұсынылады. Шамасы, мұндай әрекетке баратын ерлі-зайыптылар кездеседі. Олар мұның қылмыс екенін түсінуі немесе толық түсінбеуі мүмкін, бірақ жоғарыда аталған схемаларға келіседі», деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Бұл ретте А.Саин қамқоршылық органдарында азаматтарға суррогат ана болудың заңнамалық бекітілген тетіктері бар екені әдейі айтылмауы мүмкін деп ойлайды. Мысалы, баланы өз бетінше көтере алмайтын отбасы медициналық проблемаға байланысты өздерінің немесе донор банкіндегі донорлардың биоматериалдарын қолдана отырып, суррогатияға жүгіне алады және баланы заңды жолмен табады.
Сондай-ақ ол Президенттің тапсырмасымен жасанды ұрықтандыру – ЭКҰ-ға квоталар бөлініп жатқанын, бұл квоталардың көбеюі бала сүйе алмай отырған көптеген отбасының мәселесін шешіп беретінін атап өтті.
«Ана үйі» балдырғандарды жетімсіретпейді
Жалпы, бала сату десе, шетел асып, жат жұрттың қамқорлығына өткен қаракөздеріміз еске түседі. Бұл біздің қазақ қоғамының жетімін жылатпаған ел екеніне үлкен сын болғаны белгілі. Еліміздің аумағында халықаралық бала асырап алу бойынша агенттіктер аккредиттелген сәттен бастап, яғни 2013 жылдан бастап 2019 жылға дейін шетелдік азаматтар 157 қазақстандық баланы асырап алды. Бір жақсысы, екі жыл көлемінде – 2020 жылы және 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында шетелдіктерге бірде-бір бала асырап алуға берілмепті.
Өзіміздің азаматтар үшін бала асырап алу рәсімі қиынға соқса, шетелдіктер үшін бұл мәселе әлдеқайда жеңіл көрінеді. Өйткені бала асырап алуға көмектесетін, осы рәсімді жүзеге асыратын шетелдік агенттіктердің жұмысы жолға қойылған. Қазақстанда 20-ға жуық шетелдік агенттік жұмыс істейді екен. Ал бала асырап алғысы келгенімен, түрлі кедергілерге тап келіп, тауы шағылған отандастарымызға жол көрсетіп, жәрдемдесетін өз агенттіктеріміз жоқтың қасы. Бүгінде осы олқылықтың орнын толтырып, екі агенттік құрылған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бала асырап алу жөніндегі мемлекеттік емес агенттіктерді құру туралы тапсырмасын орындау мақсатында 2019 жылы жетім балаларды қазақстандық азаматтардың отбасыларына орналастыруға жәрдемдесу жөніндегі ұйымдардың қызметі заңнамалық түрде бекітілді. Бұл ретте елімізде «Ана үйі» қоғамдық қоры мен «Ковчег» мекемесі аккредиттелді. Олар әлеуетті асырап алушы ата-аналардың психологиялық даярлығын жүзеге асырады. Ата-аналарға тегін негізде құқықтық көмек, психологиялық және психологиялық-педагогикалық кеңес береді.
«Ана үйі» – әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және жыл сайын балалар үйіне түсетін балалардың санын азайту мақсатында 8 жылдан аса уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан қайырымдылық қоры. Бұл қор өмірдің теперішін көріп, қиын жағдайға тап болған, тығырыққа тірелген, қолында жаңа туған нәрестесі бар аналарға қорған болып келеді. Бүгінде еліміздің 18 қаласында осы қордың 21 аналар үйі жұмыс істеп отыр. Осы уақытқа дейін «Ана үйі» тұрмыстық қиындықтың салдарынан өз баласынан бас тартуға мәжбүр болып тұрған 5 122 жас анаға қолдау көрсетіп, нәрестелерінің балалар үйіне өтпей, отбасында қалуына септігін тигізді.
Аталған қор жұмысының екінші бағыты – Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттікті құру болды. Осы агенттіктің басшысы Ләззат Жүсіпова басты мақсат жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан азаматтарының отбасына тәрбиелеуге беруге жәрдемдесу екенін айтты.
«Бүгінгі таңда Қазақстанның 16 қаласында кеңес беру кабинеттері мен асырап алушы ата-аналар мектептері жұмыс істейді. Агенттік мамандары балалар үйлері мен сәбилер үйлерінен балаларды өз отбасына қабылдауға тілек білдірген азаматтар мен отбасыларға кешенді консультациялық көмек көрсетеді. Сондай-ақ асырап алушы ата-аналар мектептерінде әлеуетті асырап алушыларды психологиялық даярлау жүргізіледі. Осы уақыт ішінде агенттік қызметкерлері бала асырап алудың түрлі мәселелері бойынша 12 888 адамға кеңес берді, 3 065 азамат асырап алушы ата-аналар мектебінде даярланды. Агенттік көмегімен 1 009 отбасы 1 483 баланы қабылдады», деді Л.Жүсіпова.
Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді барынша қазақстандық отбасылардың тәрбиесіне беруге септесу арқылы балалар үйін 60%-ға дейін жабуға ықпал етуді мақсат тұтып отыр екен.
Тағдыр тауқыметін тумай жатып татып, балалар үйіне тап болған әр сәбидің ата-ананың аялы алақанын сезініп, мейір-шапағатына бөленіп өсуіне хақы бар. Сондықтан көңілі жарым жаутаңкөздердің отбасын тауып орналасуына барынша кедергі келтірмей, жағдай жасау маңызды. Құлағымызға әбден сіңісті болып кеткен әннің сөзімен айтсақ, сәбидің бәрі бақытты болу үшін жаралғанын ұмытпасақ екен.