
Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев жеке бапкері әрі туған нағашы ағасы болып саналатын Кәрім Махмудовқа 2009 жылы сыйға тартқан пәтерін қайтадан өзіне алуға әрекеттеніп жатыр. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.
Б. Сәрсекбаев жоғарыда аталған мәселені өз пайдасына шешу үшін Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық сотына арыз жазыпты. Оның мұндай қадамға баруына бапкерінің уәдесінде тұрмағаны себеп болған екен. «Мен бапкеріме пәтерді сыйға бергенімді жоққа шығармаймын. Бірақ ол пәтерді алар кезде «сені Лондон Олимпиадасына дайындаймын, ұлттық құрамада боласың» деп ауызша уәде берген еді. Енді сертінен тайқып кетіп отыр ғой», - дейді Б. Сәрсекбаев.
Боксшының келесі бір айтқан сөзіне назар аударсақ, оның бапкері алғашында жанжал тудырған пәтерді кері қайтармақшы болған. Не себепті екені белгісіз, кейіннен Махмудов бұл пәтерді Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашевтің жүргізушісіне «сатып жіберген» көрінеді.
Осы мәселеге байланысты А. Перуашев Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында өз қызметкеріне пәтер алу үшін қаржылай көмек көрсеткенін айтып, жұртшылық назарын мынаған аударды. «Менің өтінішім бойынша достарым Бейжің Олимпиадасынан жүлдемен оралған Бақыт Сәрсекбаевқа 4 пәтер сыйлаған еді. Осы азаматтың 2004 жылы Өзбекстаннан елімізге келуіне ықпал жасаған да өзім едім. Жалпы, біз Бақытты белгілі боксшы ретінде білеміз. Енді ол пәтер дауына қатысты жанжалды түсіністікпен, азаматтық тұрғыдан шешеді деп ойлаймын», - деді А. Перуашев.
«КТК» телеарнасының хабарлауынша, Бақыттың бапкері әлгі пәтерді өзгеге шамамен 300 мың долларға сатып, кейін Алматыға көшіп кеткен. Ал бүгін осыған қатысты Сарыарқа аудандық сотында болған іске жаттықтырушының қатыспағаны мәлім болып отыр. Бақыт Сәрсекбаев болса, пәтерінің басқа адамға сатылғанына қарамастан, оның ішіне кіріп алған көрінеді. Енді бұл пәтердің жаңа қожайыны соттан боксшыны мәжбүрлеп шығаруды талап етуде.
Әмірхан Алмағанбетов.
Дереккөз: Tengrinews.kz, «КТК» телеарнасы.
Фото: Sports.kz.