Дүниежүзілік банк дерегі бойынша былтыр жаһандық экономика көрсеткіштері 3,5 пайызға, ал Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) мәліметінше 3,2 пайызға құлдырап кеткен. Бұл жерде қай цифр шындыққа жақын деп бас ауыртудың қажеті шамалы. Қайткенде де бұрын-соңды кездеспеген құлдырауды бастан кешірдік. Қазақстан да соңғы жиырма жылда тұңғыш рет ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) көрсеткішін теріс мәнге түсіріп алды (-2,6 пайыз). Содан әлі оңала алар емеспіз.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығы таяуда ғана жария еткен баяндамасында жаһандық және отандық экономиканың өзгеру қарқынын бағалап, алдағы жағдайларға болжам жариялаған. Пандемия салдарынан Жер шарындағы барлық жұмыс істейтін адамның шамамен 94 пайызы қандай да бір жолмен шектеу шараларына тап болған. Əлемдегі жұмыссыздық деңгейі 2018-2019 жылдардағы 5,4 пайызбен салыстырғанда 2020 жылы 6,5 пайызға дейін өсті. Бұл көрсеткіш біздің елде 4,9 пайызға дейін көтерілді.
Дүниежүзілік банк сарапшылары əлемдік экономиканың 2021 жылы 5,6 жəне 2022 жылы 4,3 пайызға өсуін күтуде. Банк сарапшыларының айтуынша, пандемия əлемдегі экономикалық белсенділікке ұзақ уақыт теріс əсер етеді, осылайша экономикасы дамып келе жатқан жəне дамушы елдердегі өсу мүмкіндіктерін тежейді. «Болжамдар бойынша АҚШ экономикасы 2021 жылы 5,4, Еуроаймақта – 4,2, Жапонияда 2,5 пайызға өседі. Қытайда жиынтық сұраныс пен қарыз қаражатының қысқаруы есебінен ІЖӨ-нің айтарлықтай өсуі (8,5 пайыз) байқалады.
Қазақстанға келетін болсақ, 2021 жылы экономиканың өсу қарқыны 3,2 пайызды құрайды, ал 2022 жылы 3,7 пайыз деңгейінде болады. Шикізат тауарлары бағасының баяу өсуі, ОПЕК+ келісімі шеңберінде мұнай өндіруге шектеулердің əлсіреуі, сондай-ақ тікелей шетелдік инвестициялар ағынының ұлғаюы экономикалық өсімге қолдау көрсетеді деп күтілуде» деп жазады орталық.
ХВҚ болса Қазақстан экономикасы 2021 жылы 3,2, ал 2022 жылы 4 пайызға өседі деген жорамал айтады. Бұл ретте Азияның ірі экономикасы саналатын Қытайдың ІЖӨ өсімі 2021 жылы 8,1 жəне 2022 жылы 5,5 пайыз деңгейінде болжануда. Қытайдан басқа, аймақтың экономикасын қалпына келтіретін қозғаушы күш – Үндістан, Бангладеш жəне Вьетнам болмақ. Ал Орталық Азиядағы өсім шикізатқа әлемдік бағаның өсуіне тәуелді.
Үкімет экономиканың оң қарқыны байқалады деп айтудан танбайды. Бірақ сөз бен істің қабысар тұсы әлі де алда екені анық. Коронадағдарыс денсаулыққа ғана емес, азаматтардың жұмыспен қамтылуына жəне сəйкесінше олардың жалғыз табыс көзіне де қауіп төндірді. Алғашқы лекте қиындыққа ұшырағандар – шағын кəсіпорындар, əйелдер, жастар, еңбек мигранттары, білікті емес жəне бейресми жұмысшылар. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, дағдарыс өршу кезінде жұмысынан айырылған əрбір үшінші адам бейресми жұмысшы болған. Осыған орай вирустың таралуын шектеу, халықтың осал топтарына көмек көрсету, экономиканың құрылымдық сипаттамаларын реттеу жəне вакциналармен байланысты проблемаларды еңсеру таяу уақыттағы елдер саясатының негізгі басымдықтары болып қала бермек.
Өз кезегінде халықаралық ұйымдар мемлекеттерге келесі бағыттарға назар аударуды ұсынады. Оның біріншісі – өмірді құтқаруға күш салу. Яғни вакциналау қарқынын ұлғайту. Екіншісі – мемлекеттің экономиканы сақтап қалуға шындап кірісуі. Бұл орайда мемлекет жұмыс орындарын қорғауды қамтамасыз ету үшін кəсіпорындар мен халықтың кірістерін қолдауды қамтитын қазыналық (салықтық-бюджеттік) ынталандыру бастамаларын жалғастыруы қажет. Үшіншісі – жалпы қолдау кезінде қамтылмай қалуы ықтимал топтар – жастар, əйелдер, сондай-ақ «жұмыс істейтін кедейлерді» қолдау қайта бағдарланғаны жөн. Төртіншісі – Үкімет экономиканың ең көп зардап шеккен салаларына назар аударуы керек. Бұл салалар үшін олардың ерекшелігін ескере отырып, қалпына келтіру жəне одан əрі дамыту, сондай-ақ жұмыс орындарын құру жəне тез дамып келе жатқан секторлармен ұштасу мүмкіндіктері бойынша жекелеген стратегиялар, бағдарламалар мен жоспарлар əзірлеу талап етіледі.
«Коронадағдарыс тəуелсіз Қазақстан тарихындағы екінші ең ауқымды дағдарыс болды. Ішкі өндірістің құлдырауынан басқа, Қазақстан елдің басты экспорттық тауары, демек, басты табыс көздерінің бірі – мұнайдың əлем нарығындағы дағдарысқа тап болды. Қызмет көрсету саласының өсу қарқыны бір жылда рекордты көрсеткіш 5,4 пайызға төмендеді. Ең көп қысқару тұру жəне тамақтану қызметтеріне (-19,7 пайыз), көлік (-17,2 пайыз) жəне сауда саласына (-7,3 пайыз), сондай-ақ өзге де қызмет түрлерін ұсыну саласына (-8,4 пайыз) келді» деген дерек айтылады баяндамада.
Дүкен, дәмхана, мейрамханалар өздерінің онлайн қызметтерін іске қосу арқылы қыспақ арасынан қиналмай шықса, туризм секторы үшін мұндай мүмкіндік те болмады. Өйткені туристер ағыны шектелді. Әрине, туристерсіз туризмді дамыту мүмкін емес. «Арман-тур» жəне Экскурсовод-гид мектебінің директоры Салтанат Абжанова кеңселерді тапсыруға жəне жабуға тура келгенін айтады.
«Көп компания өз қызметкерлерін жұмыстан шығарып жатты. Олар – орта, ірі деңгейдегі компаниялар. Бірі өз қызметкерлерін мерзімсіз демалысқа жіберді, жалпы, барлық турфирма зардап шекті, бірі 100 пайызға, бірі 50 пайызға. Біреулер кем дегенде менеджерлеріне жалақы беру үшін тендерлерге барды. Көптеген шағын фирмалар да шыдай алмады, жабылды жəне əртүрлі салаға кетті. Кейбірі білім беру саласына, кейбірі саудаға дегендей. Бұл өте өкінішті, өйткені көптеген кəсіби кадрларды жоғалтып алдық. Шетелге туристерді апарумен жұмыс істеген кейбір фирмалар ішкі нарықты қайта бағдарлауға жəне зерттеуге, түрлі ақпарат турлары бойынша жүруге, өз қызметкерлерін, менеджерлерін қазақ нарығына қайта даярлауға мəжбүр болды. Менің компаниямды өз экскурсовод-гид мектебіміздің болуы ғана құтқарды. Бағдарламаны онлайн жасап, туристік экскурсиялық саланың түрлі модулі бойынша білім алғысы келгендердің барлығын оқыттым» дейді Салтанат.
Қатты зардап шеккен салалар қатарында көлік секторы да бар. Дағдарыс қиындығын қатты сезінгені сонша, карантин шаралары əлсірегеннен кейін де қалпына келмеді. Коронадағдарыс көлік тасымалының барлық түріне – қалаларда жеке жəне қоғамдық көлікті пайдаланудан бастап, ел ішінде де, басқа елдермен де жолаушылар мен жүк тасымалын жүзеге асыруға дейін əсер етті.
«Автомобиль көлігінде кəсіпорындардың тоқтауына жəне карантин шараларының енгізілуіне байланысты автобус бағыттарындағы жолаушылар ағыны күрт төмендеді, жолаушылар кəсіпорындары күрделі қаржылық жағдайға тап болды. Мысалы, Алматы қаласында 2020 жылғы 31 наурызда жолаушылар саны 2020 жылғы 25 ақпанмен салыстырғанда 15 есе (күніне 2,25 млн-нан 150 мың транзакцияға дейін) азайды. Су көлігі бойынша Каспий маңы порттары арасында кеме қатынасына уақытша тыйым салынған жағдайда кеме иелері флоттың толық жүктелмеу проблемасына тап болады. Оның ішінде Қазақстанның авиациялық əкімшілігінің мəліметтері бойынша азаматтық авиацияға келтірілген залал ғана 326 млрд теңгені құрады», дейді Kazlogistics Қазақстан көлік қызметкерлері одағының бас директоры Ерлан Абсатов.
Өнеркəсіпте сəл өзгеше жағдай қалыптасуда. Мұнай өндіруге арналған шектеулерге жəне мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (ОПЕК) келісімі шеңберінде газ конденсаты көлемінің қысқаруына байланысты өндірістің жалпы көлемінің қысқаруы аясында тау-кен өндіру өнеркəсібінің өсу қарқыны 3,8 пайызға, ал жұмыспен қамту 2020 жылдың қорытындысы бойынша 1,1 пайызға қысқарған.
Жақсыбек Күлекеевтің айтуынша, əсіресе бұрғылау, геология, жер асты жəне жер үсті жабдықтарын дайындаумен, құрылыстармен айналысушы компаниялар зардап шеккен.
«Мысалы, ТШО «Болашақ кеңейту жобасы» объектісінің құрылысын тоқтатуға мəжбүр болды, онда 20 мыңнан астам адам жұмыс істеді жəне олардың барлығы мəжбүрлі жұмыссыздыққа тап болды. Мұнай компаниялары, мұнай сервистік компаниялары осындай қызметкерлерді өздері қолдауға тырысқаны туралы фактілер болды. Əрине, мемлекет бұл мəселеде де көмектесті, сондықтан жалпы жағдай оңай болмаса да, бұл шаралар жұмыспен қамтуды қолайлы деңгейде қолдауға мүмкіндік берді», деді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі.
Ал IT QCC ЖШС Сертификаттау орталығының жетекшісі Жоламан Увалеевтің шағын және орта бизнестің құлдырауы салдарынан бухгалтерияға, электрондық поштаға жəне өзге де қызмет көрсететін АҚТ инженерлері табыс көзінен айырылды дегенді айтады.
«Сондай-ақ компьютерлік техниканы жөндеумен, баптаумен айналысатын шағын ІТ кəсіпорындарының саны азайды. Дағдарыс салдарынан ірі кəсіпорындар ұлттық компанияларды қоса алғанда, өздерінің инвестициялық бюджеттерін қысқартты. Салдарынан барлық АКТ жобалары тоқтатылды. Бұл АКТ инновациялары мен дамуымен айналысатын көптеген компаниялардың банкротқа ұшырауына немесе оңтайландырылуына əкелді. Біздің өзара іс-қимыл саламыздағы бірқатар ІТ компаниялары жұмыс форматын қайта құрды, бизнес-процестердің едəуір бөлігі қашықтан орындауға ауыстырылды. Осы компаниялардың жұмыс көлемі мен қызметкерлер саны айтарлықтай өзгерістерге ұшыраған жоқ», деген пікірін жолдайды.