Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған Көкшетауда қалалық әкімдіктің қолдауымен «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» тақырыбындағы жыр сайысы өтті.
Сөз сайысына оннан астам талапкер қатысып, ел бірлігі, тәуелсіздік жылдарындағы жетістік жайын балауса жырларына арқау етті. Көптен бері Көкшетауда көбең тартқан айтыс өнерін дамытуға мүмкіндік мол екендігін жас талаптардың сөз саптауынан айқын аңғаруға болады. Аракідік жастықтың жалынымен басасау сөз кездесіп қалғанымен, тұтастай алғанда көптің көкейінде жүрген толымды мәселелерді көтерген ел сөзі де айтылды. Көз көргенмен көңіл аудармаған рухани әлемнің кейбір жұтаң тұстары да ұмыт қалған жоқ. Бір ауыз сөзбен жесір дауын, жер дауын шешіп, ел іргесін бекітіп, ұйытқы бола білген бабалардан қалған жыр байрағы жүрек жылытар шуақпен шалқып тұрған күн болды бұл! Қасиетті сахнаға тұңғыш шығып тұрғанымен, болашағынан үміт күттіретін жас талаптар да жоқ емес екен.
– Тәуелсіздік тойына арналған аймақтық айтысқа осы жолы салмақты сөзімен көрінген екі талапкер жолдама алады, – дейді Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебінің жетекшісі Мұхамед Қоңқаев, – ұлттық болмысты ұлықтайтын ұлы өнердің арнасын осылайша кеңейтеміз. Көкшенің көлемінде қалмай ұзап шығып, үлкен айтыстарға қатыстырып шыңдасақ, сөз ұстайтын жастар баршылық.
Орамды сөз бен орынды ой айтылған айтысты тыңдап отырып, өлең қонып, ән ұшқан өлкенің келешегі кемелдене беретініне бек сендік. Сөз түзеліп келеді екен, өзгесі де түзелер.
Көкшетау