Қазақстан деп аталар қара шаңырағымыз тәу етер Тәуелсіздіктің 30 жылына қадам басты. Үш онжылдық тарихи өлшем бойынша аса ұзақ уақыт емес. Солай бола тұра, көзі ашық, көкірегі ояу отандастарымыз өткенге үңіліп, жылдар жылнамасын парақтаған сайын жемісті жетістік барын аңғарар еді. Ең алдымен, егемендікке қол жеткізгелі бері ел еңсесін тіктеді. Халықтың әл-ауқаты артып, тұрмысы түзелді. Қысқа мерзім аралығында әлеуметтік дамудың әлеуетті жолын таңдап алдық.
Азаттықтың алғашқы жылдарында елімізде кедейлік пен жұмыссыздық белең алғаны белгілі. Мәселен, 1998 жылы ауыл халқының жартысына жуығының және қала тұрғындарының үштен бірінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де төмен болды. Азаматтар арасындағы теңсіздік тереңдей түсті. Мемлекеттік ресурстардың тапшылығынан әлеуметтік қорғауға жұмсалатын қаражат үштен бірге азайды. Әлеуметтік төлемдерді алушылардың саны кеміп, әлеуметтік жәрдемақылардың нақты мөлшері төмендеді. Осылайша, 1998 жылға қарай зейнетақылар мен жәрдемақылар бойынша мемлекеттің берешегі 36 млрд теңгеге жетті.
Алайда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы күрделі кезеңдерде ел Үкіметі өмір сүру деңгейінің төмендеуін болдырмау және халықты әлеуметтік қолдау мәселелеріне қатысты уақытша шараларды қабылдап қана қоймай, ұзақ мерзімді әлеуметтік басымдықтарды қалыптастырды. Ата Заң Қазақстанды әлеуметтік бағдарланған мемлекет ретінде жариялады.
Бәсекеге қабілетті мемлекеттің бәсі биік
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің басты ұлттық идеясы саналатын ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру жөніндегі бастамасын іске асыра отырып, экономикалық өсім мен азаматтардың өмір сүру сапасын, стандарттарын тұрақты арттыру арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізуге ерекше мән берілді. Мемлекет өз азаматтарына аса маңызды әлеуметтік игіліктердің жалпыға ортақ қолжетімділігіне және оның қоғамдық қолайлы сапасын қамтамасыз етуге арналған негізгі ең төменгі әлеуметтік стандарттарына кепілдік береді.
Біріншіден, бұл – адамның денсаулығын сақтауы және оның өмірлік белсенділігін қамтамасыз етуі үшін қажет ең төменгі тұтыну себетінің құны негізінде анықталатын ең төменгі күнкөріс деңгейі. 2005 жылдан бастап ол базалық әлеуметтік стандартпен бекітілді. Соның негізінде тұрғындар жалақысының ең төменгі мөлшері, базалық зейнетақы төлемдері және мүгедектігі, асыраушысынан айырылуы және жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылары айқындалады.
Ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемі 1997 жылы 3 505 теңгені, 2005 жылы – 6 014 теңгені, 2021 жылы – 34 302 теңгені құрады. Соңғы жиырма жылда ол шамамен 10 есе өсті. Бұған қарап халықтың ең төменгі тұтыну шығындарының көлемі мен құрылымындағы нақты өзгерістерді айқындауға болады.
Ең төменгі күнкөріс деңгейін айқындау әдістемесі 2006 жылы қайта қаралды. Нәтижесінде, ең төменгі күнкөріс деңгейінің құрылымында азық-түлік себетінің үлесі 70%-дан 60%-ға дейін қысқарды және тиісінше азық-түлік саналмайтын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің үлесі 30%-дан 40%-ға дейін ұлғайды. Сондай-ақ азық-түлік себетіндегі тамақ өнімдерінің жиынтығы (20-дан 43 атауға дейін) екі есе ұлғайды. Нәтижесінде, оның жан басына шаққандағы орташа энергетикалық құндылығы 1 175-тен 2 175 ккал-ға дейін жоғарылады. Сондай-ақ 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің азық-түлік саналмайтын бөлігінің үлесі 40%-дан 45%-ға дейін ұлғайды. Бұл ретте азық-түлік себетінің жан басына шаққандағы орташа энергетикалық құндылығы күніне 2 175 ккал қалпында қалды.
Екіншіден, әлеуметтік кепілдік деп зейнет жасындағы азаматтар үшін тағайындалатын базалық зейнетақы төлемін айтуға болады. Сонымен қатар ынтымақты зейнетақы жүйесінде талап етілетін жұмыс өтілі бар және зейнетақыны есептеуде табысы төмен азаматтар үшін белгіленетін азаматтың жасына байланысты берілетін зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері де қарастырылған. Зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 1995 жылғы 300 теңгеден 2021 жылы 61 796 теңгеге дейін өсті (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) және биыл ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемінен 1,8 есе асып түсті.
Үшіншіден, елімізде әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде азаматтарға мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар бар.
Бастапқыда мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері айлық есептік көрсеткіштің еселенген мөлшерінде айқындалды. Ал 2005 жылдан бастап бұл жәрдемақылар тұрмыстың нақты құнына, яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшеріне сәйкес белгіленетін болды. 1999 жылдан бастап 2020 жылға дейін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың орташа мөлшері азаматтың мүгедектігі бойынша 3 106 теңгеден 46 219 теңгеге дейін (немесе 14,9 есеге), асыраушысынан айырылуы бойынша 4 250 теңгеден 39 169 теңгеге дейін (немесе 9,2 есеге) ұлғайды. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың орташа мөлшері 2021 жылғы 1 мамырда мүгедектігі бойынша 49 150 теңгені, асыраушысынан айырылуы бойынша 40 653 теңгені құрады.
Ел ырысын еселеген еңбек қатынастары
Өтпелі кезеңде еңбек және халықты жұмыспен қамту саласындағы ахуал асқынып тұрған еді. Жүздеген кәсіпорындардың жұмысы тоқтап қалды. Кейбірі қысқартылған режімде жұмыс істеді. Жаппай жұмыссыздық аграрлық сектордағы өндірістің құлдырауына әкелді. Жалақыға қатысты берешек өсті. Еңбек жағдайлары нашарлады. Жұмысшылар ешқандай жүйесіз жалдана бастады. Соның салдарынан олардың еңбекақысы да жүйесіз төленді. Мұның бәрі азаматтардың еңбек қатынастары саласындағы конституциялық құқықтарын заңды қорғау кепілдіктерінің күрт төмендеуіне әкеліп соқты. Тіпті жаппай наразылық акциялары орын ала бастады.
Жағдай қолданыстағы заңнаманы шұғыл қайта қарауды талап етті. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы», «Ұжымдық шарттар туралы», «Кәсіподақтар туралы», «Ұжымдық еңбек даулары мен ереуілдер туралы», «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік әріптестік туралы» және басқа да заңнамалық актілердің тұтас топтамасы қабылданды.
Осылайша, еліміздегі еңбек қатынастары тұрақтала бастады. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету, әлеуметтік әріптестікті дамыту үшін құқықтық база құрылды. Мемлекет азаматтардың еңбек саласындағы негізгі құқықтары мен бостандықтарын сақтаушы кепілге айналды.
Республика кәсіпорындарындағы берешек жалақыны анықтау және өндіріп алуға қатысты мемлекеттік органдар қабылдайтын жүйелі шаралардың нәтижесінде мерзімі өткен (3 айдан астам уақыт) берешек сомасы 17 есеге қысқарды (2009 жылы – 4,6 млрд теңге, 2021 жылға – 268,1 млн теңге).
Осы жылдарда өңірлердегі мемлекеттік еңбек инспекциясының құқықтық ден қою шаралары негізінде 137,4 мыңнан астам тексеру жүргізіліп, соның қорытындылары бойынша 550 мыңнан астам жұмыскердің құқы қорғалды. Оларға тиесілі жалақы сомасының шамамен 62 млрд теңгесі төленді.
Кейінгі жылдары елімізде өндірістік жарақат алу оқиғаларының саны төмендеп келеді. Яғни осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың оң динамикасы бар деген сөз. Егер 2008 жылы өндірісте 2 444 адам зардап шеккен болса, 2020 жылға қарай зардап шеккендердің саны 38,5%-ға төмендеп, 1 503 адамды құрады. 2008 жылдан бастап 2020 жылға дейін өлімге алып келген өндірістік жарақаттардың саны 48,5%-ға төмендеді (404 адамнан 208 адамға дейін).
Соңғы жылдары әлеуметтік диалогты дамытудың маңызды қадамдары «Ұжымдық шарт жасаңыздар» республикалық акциясын іске асырумен сабақтас болды. 2020 жылы ұжымдық шарттар жүйесімен 145,3 мың кәсіпорын немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар санының 48,3%-ы қамтылды. Бүгінде ірі және орта кәсіпорындардың 97,1%-ында ұжымдық шарттар бар.
2007 жылы елімізде Еңбек кодексі қабылданды. Оның негізгі мақсаты – еңбек нарығының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету, еңбек қатынасындағы тараптардың мүдде теңгеріміне қол жеткізу, экономикалық орындылықты қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғаумен ұштастыру саналады.
Еңбек кодексінің талаптарын іске асыру, сондай-ақ қауіпсіз еңбек жағдайлары құқығын қоса ала отырып, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік еңбек инспекциясы бірқатар маңызды қызметті атқарып келеді. Мәселен, аталған инспекция отандастарымыз қызмет етіп жатқан ұйымдарда еңбек заңнамасы талаптарының сақталуына қатысты тиісті тексерулер жүргізеді. Яғни жүйелі мемлекеттік бақылау жүргізеді. Ұйымдарға орындалуға тиіс міндетті нұсқамалар береді. Сондай-ақ кінәлі адамдарды Қазақстанның заңнамасына сәйкес жауапқа тартады.
Жұмыла білген жұмыссыздықты жеңеді
1991 жылы КСРО ыдыраған тұста шаруашылық және экономикалық байланыстардың үзілуі Қазақстанның еңбек нарығына да теріс әсер етті. 90-жылдары еңбек нарығындағы жағдай халықтың жұмыспен қамтылу деңгейінің төмендеуімен, жұмыссыздықтың өсуімен және оның республика өңірлері бойынша одан әрі жіктелуімен, жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныстың арасындағы теңгерімсіздіктің өсуімен, «жасырын» жұмыссыздық ауқымының ұлғаюымен, сондай-ақ бейресми жұмыспен қамтудың кеңеюімен сипатталды.
Жалдамалы жұмысшылардың саны 1991 жылы 7,4 млн адамнан 2001 жылы 3,9 млн адамға дейін төмендеді. Елдегі жұмыссыздардың ең көп саны 1996 жылы тіркеліп, 970,6 мың адамға жетті. 1999 жылдың соңына қарай жалпы жұмыссыздық деңгейі 13,5%-ды құрады. Еңбек нарығындағы бұл теріс өзгерістер өндірістің құлдырауымен, қолайсыз демографиялық тенденциялардың белең алуымен және халықтың шекара асып, көшіп-қонуымен байланысты болды. Білікті мамандардың, жұмысшылардың кете бастауы елдегі еңбек әлеуетінің жай-күйіне теріс әсерін тигізді. Соған қарамастан, жұмыспен қамтылған халық саны 1991 жылғы 7,7 млн адамнан 2021 жылғы бірінші тоқсанда 8,8 млн адамға дейін ұлғайды. Ал жұмыссыздық деңгейі болса, 1999 жылғы 13,5%-дан 2021 жылдың бірінші тоқсанында 4,9%-ға дейін төмендеді.